Әлем • 13 Қазан, 2019

Түркия елшісі әскери операция туралы айтты

614 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түркияның Қазақстандағы  Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык өз елінің Сирия аумағында ұйымдастырып жатқан әскери операциясы жайында айтып   берді. Елші 9 қазан күні басталған «Бейбітшілік қайнары» атты әскери операцияның  Сирия жеріндегі террористік топтарды  жоюға бағытталғанын айтты.

Түркия елшісі  әскери  операция  туралы айтты

Елші Түркияның Евфрат  өзенінің шығыс жағалауында әскери  операция ұйымдастыруына өңірдегі аухал себеп  болғанын атап өтті. Өйткені Сирия жерінде топтасқан бірқатар террористік ұйымдар  Түркияның  ұлттық  қауіпсіздігіне  қатер төндіріп,  аймақтың берекесін алып отыр. Сондықтан ел билігі түстіктегі шекарадан қарулы топтарды аластауды мақсат еткен. Әрі  терроризммен күресте ешқандай ымыраға келмейтінін байқатты.  Невзат Уянык мырзаның айтуына  қарағанда бұл шара  террористік ұйымдармен  күрестің жалғасы болса керек. «Түркия өзінің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін бірқатар лаңкестік ұйымдармен күресті жалғастырып келеді. Халықаралық аренада терроризммен күрес үшін алға қойылған бастамаларға әрдайым қолдау көрсетіп келдік. Түркия халықаралық құқықтан туындайтын өзін-өзі қорғау құқығын қажет болған жағдайда ойланбастан пайдаланатынын жеткізген болатын. Түркия өз шекараларының жанында лаңкестердің болуына көз жұма қарай алмайды. Сепаратистік мақсаттары бар лаңкестік топтардың болуы Сирияның аумақтық тұтастығы мен бірлігіне қауіп төндіруде. Осы орайда Түркияның қарулы күштері 9 қазан күні «Бейбітшілік қайнары» атты әскери операцияны бастады», - деді Невзат Уянык. Сонымен қатар елші аталған  операцияның халықаралық құқық аясында, атап айтқанда БҰҰ жарғысының 51-бабына сай өзін-өзі қорғау құқығы шеңберінде және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің терроризммен күреске қатысты қаулыларына сәйкес жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге  «Бейбітшілік  қайнары»  операциясын  ұйымдастыру барысында Түркия  Сирияның  аумақтық тұтастығы мен  бірлігін сақтауды басты назарда  ұстап отыр. Әрі шекара бойында қауіпсіз аймақ қалыптастыра отырып, елдерінен босып кеткен  сириялықтардың туған өлкелеріне оралуларына мүмкіндік жасау жағы да ескерілген. Сондықтан, әскери  операцияның сипаты өзгеше болмақ. «Түркияның лаңкестікпен күрес жөніндегі күш-жігері Сирияның аумақтық тұтастығы мен бірлігін сақтауға ықпал етеді. Осымен тоғызыншы жыл жалғасып келе жатқан Сирия қақтығысының бейбіт жолмен шешілуі үшін Түркия жоғары деңгейдегі Астана кездесулерісынды барлық халықаралық бастамаларда белсенділік танытып жүр. Сириядағы соғыс пен зорлық-зомбылықтан қашып, елімізді паналап келген 3,6 миллион сириялықтар 9 жылдан бері Түркияның шаңырағы астында. Оларды қолда бар мүмкіндігімізбен асырап отырмыз және Түркия бұл орайда халықаралық қоғамдастықтан күткен қолдауды көре алмады» деді Невзат Уянык. Сонымен қатар Түркия елшісі Сирияда тұтқынға түскен террористер мен олардың отбасы мүшелеріне қатысты әр елдің ұстанымы әртүрлі екенін айтты. Көптеген елдер ДАИШ  қатарында болған азаматтарын өз елдеріне қайтарып алуға мүдделілік танытпай отыр. Сондықтан олар қазір Сирия жерінде қалған. Алайда бұрын террористік топ құрамында болғандарды  әр ел өзінде соттағаны  дұрыс. Онсыз олар PYD («Демократиялық бірлік партиясы») және YPG («Халықтық қорғаныс жасақтары») тәрізді террористік топтардың өзге елдерді  бопсалау құралына айналып  барады. Өйткені Сирия жерінде әрекет етіп жүрген аталған топтар ДАИШ содырларын тұтқынға алған. Қазір олардың біршамасын тұтқында ұстап отыр. Бұл  9 жылдан бері  соғыс болып жатқан Сириямен іргелес отырған  Түркияға да қауіп төндіретін  жайт. Сондықтан Түркия елшісі Қазақстанның «Жусан» операциясы арқылы ДАИШ  құрамында болған азаматтардың отбасыларын елге қайтарғанын құптарлық іс санайды. Дегенмен мұндай  қадамға барған ел аз.

Жалпы Түркияның  Сирия жеріндегі әскери  операциясына  қатысты көптеген масс-медианың  біржақты хабар таратып жатқан жайы бар. Невзат Уянык аталған мәселеге де тоқталды. Елші қазақстандық журналистерге  шетел масс-медиасындағы бір жақты қаралау мен  бұрмаланған  ақпараттарға сене бермеу қажет екенін айтты. «Сириядағы операцияға қатысты  күрдтерге қысым жасалып жатқаны жайлы әңгімелерге сенбеңіздер. Бұл жерде, күрд, түрік деген мәселе жоқ. Террористермен күрес бар», деді Түркия елшісі. Сөйтіп халықаралық  оқиғаларға баға беруде қазақстандық БАҚ-тың ішінде біржақты дерек көздеріне ғана сүйену кездесіп қалатынын тұспалдады. Расында да отандық масс-медиада «Бейбітшілік қайнары»  операциясын күрдтерге қарсы жасалып жатқан қысым ретінде сипаттайтын жағдайлар кездесіп қалады. Іс жүзінде  аталған  операция сириялық  босқындарды елдеріне қайтаруға да ықпал ететін,  өңірдегі халыққа қысым жасап, аймақтың демографиялық құрылымын күшпен өзгертуге тырысып жатқан  топтарды жоюға бағытталған. «Егемен Қазақстан» басылымының өткен сандарының бірінде аталған операция жайлы егжей-тегжейлі жазылған  болатын. Онда біз Түркия билігі  операцияны сәтті аяқтаса Сирияға кемі 2 млн босқынны қайта оралуы мүмкін екенін айтқанбыз. Бірақ әскери операцияны аяқтау  мерізімі нақты емес. Бауырлас мемлекет елшісінің айтуынша Түркия «аймақ террорлық элементтерден тазаланғанға дейін, шекаралық қауіпсіздік орнықтырылып, Сирия халқы PYD/YPG жәнеДАИШ зұлматынан құтылғанға дейін оперциямызды жалғастыра беруге ниетті».  Демек, әзірне нақты уақыт айту қиын. 2017 және 2018 жылдары ұйымдастырылған «Евфрат  қалғаны» және «Зәйтүн бұтағы  операциясының да қаншаға созылатыны әу баста белгілі болған жоқ. Бірақ бірнеше айға созылған  операциялардан кейін 360 мыңнан астам сириялық өз мекендеріне оралған  болатын.  Осы деректі тілге тиек еткен Н.Уянык мырза  кейбір террорлық топтарды бірқатар елдердің астыртын қолдайтынын да айтты.