Қазақстан • 14 Қазан, 2019

Үйлестіру кеңесінің кезекті басқосуы

323 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Үйлестіру кеңесінің кезекті басқосуы

Кеңес отырысын аша отырып, Д.Абаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізетінін, осыған байланысты кеңес отырысының күн тәртібі Жолдаудың өзекті трендтері бойынша құрылғанын атап өтті.

«Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында әлеуметтік саясат пен азаматтық секторды дамытуға баса назар аударды. Осыған байланысты мемлекеттік органдар мен жұртшылық өкілдерінің мемлекеттік органдардың халықпен өзара іс-қимыл механизмдерін жетілдірудегі бірлескен жұмысы қажет болып отыр», деп атап өтті Д.Абаев.

Кеңес отырысына қатысушылар қылмыстық-атқару жүйесін дамытудың 2019 - 2023 жылдарға арналған Жол картасын және полиция қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту жөніндегі Жол картасын іске асыру, Азаматтық бақылау құралдарын енгізу және мемлекеттік функцияларды коммерциялық емес секторға беру мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2025 жылға дейін Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының жобасында ҮЕҰ, қоғамдық кеңестер, сараптамалық қоғамдастық, азаматтық белсенділерді кеңінен тарта отырып, азаматтық бақылау жүйесін енгізу, мемлекеттік функцияларды үкіметтік емес секторға беру процесінің белсенді фазасына көшу және т.б. шаралар көзделгенін хабарлайды.

Негізгі баяндамашылар «Қазақстанда пар­ламентаризмді дамыту қоры» ҚҚ президенті, «Десента» ҚҚ директоры,  Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері болды.

Кеңес отырысының жұмысына ірі ҮЕҰ басшылары мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ кеңес отырысына бейнеконференция байланысы режімінде өңірлер қосылды.

АҚДМ жанындағы Үйлестіру кеңесі отырысының қорытындысы бойынша ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді.