Жолдауда табысты экономикалық реформаларды іске асыру елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртуға тікелей байланысты болатынын, ал саяси жаңғыру үдерісін біртіндеп іске асыру үшін азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажеттілігін ескертті. Азаматтық қоғам түсінігінің тарихына үңілсек, XVII-XVIII ғасырларда кеңінен қолданыла бастағанын көреміз. Ағылшын философы Томас Гоббстың ойынша, адамдар азаматтық қоғам қалыптаспай тұрған кезде үнемі өзара соғысумен болды, олардың осы қырылыстарын тоқтату үшін әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бір күш керек болды. Мұндай күш адамдардың өзара келісімінен туған билік түрінде іске асты. Осылайша адамның тіршілік үшін арпалысқан, жаппай жауласу мен соғысуға негізделген табиғи күйден реттелген өркениетті қоғамға көшуі нәтижесінде азаматтық қоғамның қалыптасатыны және ол қоғамның азаматтары елде тыныштық пен бейбітшілікті қамтамасыз ететін мемлекеттік билікпен ынтымақтаса әрекет жасайтыны туралы тұжырымдама пайда болды. Азаматтық қоғамның қалыптасуы және дамуы ‒ өз бетімен жүретін объективті процесс. Бұл процестің қандай қарқынмен жүруі қоғам мүшелерінің конституцияда белгіленген еркіндіктері мен құқықтарын қаншалықты түсінуі, түйсінуі, пайдалана алуына байланысты. Егер бір елдегі қоғамның әрбір мүшесі саяси партия қатарына кіруді тек қана мансап пен байлықтың көзі деп санайтын болса, ондай елде азаматтық қоғамды қалыптастыратын қуат болмайды.
Батыста бұл процесс қалай басталды? Әуелі адамның ой еркіндігі туды, ойы азат болды, одан кейін оған демократиялық бостандықтар мен құқықтар берілді, сонымен қатар жеке жауапкершілік те жүктелді, осылайша азаматтық қоғамның «кірпіші» қаланды. Ал біз өзімізді өзіміз асыраудың орнына мемлекеттің мойына «отырып» алсақ, білімі мен қабілеті барларды жұмыстан қуып, тезірек құтылуға тырыссақ, маңайымызға өзімізден асып кетпейтіндерді ғана жинасақ, онда азаматтық қоғамның «кірпіштерін» емес, ішкен-жегенін ғана білетін тоғышарларды көбейтеміз. Адамның «жеке жауапкершілігі» деген аса бір жақсы түсінік. Адам өзінің жақсы істеріне де, жаман істеріне де жеке өзі ғана жауап беруге үйренсе, қоғамның дамуына үлкен үлес қосар еді. Кейбір тоғышарлар өзіне жүктелген істі бүлдіргенде, болашақта жауап беремін-ау деп қорықпайды, өйткені оның қателігінің, білместігінің зардабына бүкіл ұжым жауап береді. Кейде бір жақсы жұмысты атқарған немесе идея ұсынған жағдайда «мен» деп айтып қалсаңыз, сізге үдірейіп қарайды, «мен» деу тәрбиесіздік болып саналады. Содан барып жеке жауапкершілік сезімі құрып кетеді. Жеке жауапкершілік сезімі болмай тұрып, бастамашыл, білікті, жауапты мамандар дайындау мүмкін емес. Азаматтық қоғамның қалыптасуы барысында адамның өзі өзгереді, ойы толымды, белсенді, өркениетті тұлғаға айналады. Азаматтық қоғам тұлға мен биліктің қарым-қатынасын, қоғамның әртүрлі топтары мен жеке адамдар арасындағы өзара қатынастарды өркениет деңгейіне көтерумен қатар әрбір азаматты мәдениетке баулиды. Азаматтық қоғам адам, ұжым және билік арасында ретті, жүйелі қарым-қатынастардың қалыптасуына жағдай жасайды. Мемлекет басшысы үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет деп санайтынын ескерте отырып, жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауды ұсынды. Мемлекеттің заңдары мен құқықтық нормалары аясында әрекет ететін бейресми ұйымдар, кәсіби одақтар, әртүрлі қоғамдық қозғалыстар азаматтық қоғамның негізін құрайды, олар қоғамдық пікірді қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда қоғамның әртүрлі топтарының өкілдерін біріктірген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы аса маңызды қадам болды. Бұл азаматтық қоғам мен мемлекеттің арасындағы диалогты іске асыра отырып, қазақ қоғамының демократиялық негізде жетіле түсуіне септеседі.
Жолдаудағы тағы бір ерекше тартымды идея ‒ халықпен тиімді кері байланыс орнатуға айрықша назар аудару, бұл міндетті іске асыру үшін мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары ретінде қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару сынды міндеттер аталды. Жолдауда «көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергілікті органдар басшыларының құлықсыздығы мен «бейқамдығына» байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр болатынын ескере отырып, Президент Әкімшілігінде азаматтардан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлім құрылғаны айтылды. Бұл шара Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға айрықша назар аударатынын көрсетеді.
Жолдауда митингілер туралы заңнаманы жетілдіру мәселесі көтерілген. Азаматтардың өз ойын еркін айтуға құқығы Конституцияда бекітілген. Батыстың дамыған елдерінде барлық азаматтар елінің конституциясы берген демократиялық құқықтар мен бостандықтарды пайдалана отырып, өздерінің заң алдындағы жауапкершіліктерін де еске ұстайды. Құқық пен заң алдындағы жауапкершілік қатар жүргенде ғана қоғамның дамуы алға басады. Митингілер туралы заңнаманы жетілдіруді ұсына отырып, Мемлекет басшысы биліктің бетін халыққа бұрды, енді азаматтардың өздері де құқықтарын талап етумен қатар өзінің заң алдындағы жеке жауапкершілігін түсінуге ұмтылса, онда билік пен халық арасындағы тиімді диалог іске асар еді. Бұл мәселені әрбір азаматтың қаншалықты дұрыс түсінетіні саяси мәдениеттің деңгейіне байланысты болмақ. Әлемдік тәжірибеге үңілсек, саяси мәдениеттің қақтығыстық және келісімшілдік (компромистік) модельдері бар екенін, біріншісі француз қоғамына, ал екіншісі ағылшын қоғамына көбірек тән екенін көреміз. Кеңестік кезеңде француздық үлгі кең насихатталды, француз революциясын «ұлы революция» деп дәріптеп, қоғамдағы өзгерістер тек төңкерістермен іске асады, ал реформалар ешқандай түбірлі өзгерістер жасамайды деген идеяны халықтың ойына әбден орнықтырған еді (мектептегі дүниежүзі тарихы оқулықтарында осы идеялар сол қалпы әлі күнге сақталып отыр). Соған орай қоғамды жетілдірудің ағылшындық эволюциялық моделі мүлде ескерусіз қалды. Осы кеңестік революциялық сана бүгін де бірқатар топты баурап алған. Халыққа жаңаша бағыт-бағдар беретін жаңашыл топтар қалыптасуы үшін бұрынғы коммунистік утопиялық армандардан арылған, тоталитарлық бірегей ойлаушылықтан құтылған, өзіндік ұстанымы бар адамдар көбеюі керек. Жаңа қоғамның моральдық құндылықтары қалыптасқанда, сол құндылықтарды қорғауды мақсат тұтқан топтар пайда болады. Жаңа конституция қабылдап, жаңа мемлекеттік жүйені қалыптастыруды, сондай-ақ экономиканы нарықтық негізге көшіруді жылдам іске асыруға болады, алайда жаңаша ойлау мен жаңаша ұстанымдардың, азаматтық қоғам мен жоғары деңгейдегі саяси мәдениеттің қалыптасуы – өте ұзаққа созылатын үдеріс. Сондықтан бүгінгі тарихшы және саясаттанушы ғалымдардың еліміздің дамуына қосатын үлесі халыққа қоғамды дамыту мен жетілдірудің эволюциялық жолының тиімділігін түсіндіру болмақ.
Жолдауда мемлекет тұрақтылығының негізі ретінде саяси жүйенің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын іске асыру міндеті қойылды. Қуатты президенттік билік пен ықпалды парламенттің болуы қоғамның қалыпты дамуы үшін қаншалықты тиімді екенін Франциядағы Төртінші және Бесінші республикалардың тәжірибесін салыстыра отырып, түсінуге болады.
Жолдауда сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің қызметін жақсарта түсу үшін 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісу арқылы үнемделген қаржыны қоғам мен мемлекетке неғұрлым көп пайда келтіретін қызметкерлерді ынталандыруға жұмсау туралы идея көтерілді. Мемлекеттік қызметкерлер санының жылдам өсуі, сондықтан олардың санын қысқарту бағытындағы әкімшілік реформалар – қазіргі заманғы мемлекеттер үшін үнемі болып тұратын құбылыс. Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліп, экономикасы күйзеліске ұшыраған Жапония аз уақытта экономикасын қалпына келтірумен шектелмей, оны тағы да қысқа мерзімде Еуропаның дамыған елдерімен тайталасатын деңгейге жеткізуінде әкімшілік реформалар жүргізу арқылы тиімді мемлекеттік қызмет жүйесін қалыптастыруының үлесі айтарлықтай болған еді. Әкімшілік реформаның басты шаралары мемлекеттік мекемелер мен қызметкерлердің бюджетінің ең жоғары деңгейіне шек (лимит) қою мен зейнетке шығару жүйесін өзгертуді қамтыған еді. Жолдаудағы еліміздің зейнетақы жүйесін дамыту саласына ерекше назар аудару әлемдік және өзіндік тәжірибені ескеруден туғанын көреміз. Сондай-ақ жапондық «экономикалық ғажайыптың» себептерінің бірі мемлекеттік қызмет пен азаматтық қызметтің бір-бірімен бәсекелесіп, өзара күресуін тоқтатып, өзара ынтымақтаса әрекет жасауы болатын. Дж.Ю.Стиглиц бұл құбылысты жалпы шығысазиялық экономикалық ғажайыптың алғышарттарының бірі деп санайды.
Әлемдегі дамыған елдердің қатарына жататын Ұлыбританияда да мемлекеттік қызметкерлер санының тым өсіп кеткен кезі болған, бұл бюджетке әжептәуір салмақ түсірген еді. Премьер-министр Маргарет Тэтчердің елдің экономикасын «ағылшын ауруы» деп аталған күйзелістік жағдайдан шығаруға бағытталған реформаларының бір тармағы мемлекеттік қызметкерлер санын қысқарта отырып, мемлекеттік бюджеттің жетсіпеушілігін жою мақсатын көздеген болатын. Осы тұрғыдан алғанда 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісу бүгінгі талаптарға сай келетін қадам екені даусыз.
Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамытудың маңыздылығын көрсете отырып, мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды үнемі қабылдайтыны, бірақ бірқатар шешімнің жан-жақты сарапталмай қабылдануы салдарынан патерналистік пиғылдың айтарлықтай артып отырғанын ескертті. Патерналистік пиғыл – кеңестік кезеңдегі адамның индивидуалистік сезімінен айырылып, жеке жауапкершілік дегенді ұмытып, өзінің материалдық мүдделерін тек қана билік шешеді деп «телміруінен» қалған ұстаным. Сол кеңестік санадан біздің қоғам әлі де арыла қоймаған сияқты, өйткені халықтың көп бөлігі әлеуметтік мәселелерді толық шешемін деп орындалмайтын уәде беретіндердің маңына үйіріледі. Алайда әлеуметтік теңдік мәселесін бірінші орынға қою міндетті түрде қақтығыс туғызады, өйткені қандай да бір жетілген, жоғары деңгейде дамыған қоғамның өзінде де абсолютті әлеуметтік теңдік болуы мүмкін емес.
Жолдауда қоғам дамуының барлық салаларындағы міндеттер және оларды іске асырудың жолдары белгіленді, мұның барлығы әлемдік тәжірибенің ең озық үлгілері мен Қазақстан қоғамындағы нақты әлеуметтік, саяси және экономикалық ахуалға негізделген. Осы міндеттерді іске асыру қоғамымызды жаңа белеске көтеріп, жетілдіре түседі.
Гүлжаухар КӨКЕБАЕВА,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі