Қоғам • 15 Қазан, 2019

Жарақаттанудың жоғары деңгейі сақталып отыр

314 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде жарақат салдарынан жыл сайын шамамен 2100 адам бақиға аттанып, 20 мыңға жуық адам зардап шексе, олардың 1 мыңға жуығы мүгедек болып қалады екен. Қарапайым статистика осылай дейді, ал осы сандардың сыртында қаншама тағдыр жатыр.

Жарақаттанудың жоғары деңгейі сақталып отыр

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Жуырда елордада Еуразия ке­ңіс­­тігінен жиналған травмато­лог-ортопедтердің ІІІ съезі және трав­­ма­толог-ортопедтердің VII­ Еура­­зия­­­­лық конгресі өтті. Ал­қалы жиын­да жарақаттанудың алдын алу, жа­ра­қаттар мен сүйек-бұлшық ет жүйе­сі ауруларымен ауыратын нау­қастарды диагностикалау және ем­деудің қазіргі заманғы технологиялары бойынша келелі мәселелер айтылды.

Жылдамдығы желдей ескен уа­қытта бар пенде асығыс, аптыға жүр­генде айтып келмес апатқа ұшы­рап, күнбе-күн жол-көлік оқиғаларынан қан­шама адам зардап шегеді. Мә­селен, өлім-жітімді бағамдағанда жол-көлік жарақатынан қайтыс бол­ған жандар 20%-ды құрап, оның ішінде 89,3%-ы тасымалдау кезінде немесе оқиға болған жерде көз жұмады екен. Былтырдың өзінде елімізде жол апатынан болатын өлім 2 пайызға өсіпті. Ал осы жол-көлік апа­тынан көз жұмғандардың 60%-ынан көбі 15-44 жас аралығындағы, яғни еңбекке жарамды тұрғындар болғандықтан оның мемлекетке әлеуметтік-экономикалық тұрғыда ай­тарлықтай ауыртпалық түсіретіні де айқын. Жап-жас азаматтардың қыршынынан қиылып, өсіп-өнбей жатып тамырынан үзілуі ел үшін ор­ны толмайтын өкініш.

Елордада травматология мен ор­топедия саласында ғылыми-зерт­­теу институты жұмыс істейді. Түр­лі дең­гейдегі жарақатты емдеу және операция жасау ісінде іргелі із­де­ніс­терімен шетелдік әріптестерін де мойындатқан ғалымдар мен маман дәрігерлер баршылық.

«Кеңес Одағы ыдыраған кезде республикалардағы осы саладағы ғылыми-зерттеу институттары жабыла бастады. Осы күрделі кезеңде Қа­зақстанда Нұрлан Батпеновтың басшылығымен Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының ашылуы аталған са­ланы дамытудың қаншалықты ма­ңызды екенін көрсетті. Бұл жұмыс бү­гін­­де жақсы нәтижесін беріп, же­мі­­сін көріп жатырсыздар. Біздер, әзер­байжандық, өзге де кеңестік ке­ңіс­тіктен шыққан мамандар осы са­ланың жілігін шағып, майын ішкен ға­лымдардың баяндамасын тыңдау үшін қалтамыздан ақша шығарып шекара асамыз. Ал сіздер осындай конференция, конгресс өткізу арқылы қаншама озық тәжірибелерді жүзеге асырушыларды шақырып, отандық ортопедия мен травматологияның көкжиегін кеңейтіп отырсыздар. Біз осы жиындардағы баяндамалардың жинағын дәрігерлік қызметіміз барысында таптырмас анықтама, энциклопедия тәрізді пайдаланамыз. Қазақстан медицинасы елге ғана емес, бізге де көмегін тигізуде», деді ме­­­дицина ғылымдарының докторы, про­фессор, Әзербайжаннан келген өкіл Я. Джалилов.

Расында институт ашылған 18 жылдың ішінде травматологиялық-ортопедиялық қызметтің көрсеткіш­тері жақсарып, сала дәрігерлерінің саны 60 пайызға өсті. Егер 2001 жылы 696 травматолог-ортопед болса, былтыр бұл сан 1131-ді құрап, сүйек-бұл­­шық ет жүйесіне жүргізілген опе­рациялардың саны да екі есеге артыпты. Былтырғы статистика бір жылда 100 мыңға жуық операцияның жасалғанын айғақтап отыр.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Ортопедия және травматология саласында науқастарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі. Бұл Қазақстанда ғана емес, әлемде қарқынды дамып келе жатқан сала. Ел азаматтарының өмір сапасын жақсартуда инновациялық технологиялар маңызы өте жоғары. Съезд отандық травматология­ мен­ ор­топедиядағы ғы­лыми және прак­­ти­калық мәселелерді талқы­лап, осы саладағы жетекші ма­ман­дардың соңғы трендтерін мең­геруге мүмкіндік береді», деп конгресс жұмысына сәттілік тіледі. Трав­матология және ортопедия ғылыми-зерт­теу институтының директоры, Қазақ­стан травматолог-ортопедтер қауымдастығының президенті Нұрлан Батпенов «Съездің негізгі міндеті – мамандардың кәсіби деңгейін көтеру және Қазақстанның облыстардағы ортопедиялық-травматологиялық қыз­ме­тінің жұмысын үйлестіру, жа­қын және алыс шетелдердегі әріптестермен тәжірибе алмасу, ха­лық­аралық кәсіби қа­уымдастықтар ұсынған стан­дарт­тарға сәйкес диаг­нос­тикалық және емдеу қызметін одан әрі дамыту жә­не кеңейту», деп ша­раға қатысушы қан­дауыр ұстаған мамандарға пайдалы екенін жеткізді.

Баяндамаларын оқыған хирургтар протез, имплант салу, буынды­ ауыс­тыру, омыртқаға күрделі опе­рацияларды жүргізу бойынша озық технологияларымен бөліс­ті. Жи­нал­­ғандар ірі буындарды эн­до­про­­­­­­­­тездеу мен артроскопия мәсе­ле­ле­рі, жасушалық технология, ос­тео­ло­гиядағы сәулелі диагностика, қа­зір­гі заманғы медициналық реабилитация мәселелерін қарастырып, тәжірибелер секциялық отырыс­тарда, шеберлік сыныптарында тал­­­қылады. Сондай-ақ съездің күн тәр­­тібіне балалар ортопедиясы және травматология­сы, ортопедия-трав­матологиялық практикадағы қателіктер және асқы­ну­лар сияқты өзекті мәселелер хирургтер назарынан тыс қалған жоқ.

Жарақаттанудың салдары да әр­түрлі. Өкініштісі, жарақаттану кесі­рінен көз жұму жүрек-қан тамыр және онкологиялық аурулардан кейін төртінші орында тұр және мү­­гедектіктің де себепшісі болуда. Жиында елімізде ғана емес, жалпы әлемдік үрдіс саналатын бірнеше жер­­ден қосарласа жарақаттану, сон­дай кезде жасалатын кәсіби ма­ман­дандырылған дәрігерлік көмек мәселесі де сөз болды. Шынымен де ур­­банизация өнеркәсіптің өркендеуі, құ­рылыс пен көлік қатынастарының дамуымен бірге жүретін қосарласа жарақаттану (оның ішінде сынудан өзге ішкі органдардың зақымдануы) сала мамандарынан асқан білгірлікті қажет етеді.

Съезд жұмысына Аустрия, Әзер­байжан, Беларусь, Германия, Из­раиль, Қырғызстан, Ресей, Сербия, Түр­кия, Үндістан, Өзбекстан, Франция сияқ­ты алыс-жақын мемлекеттен 300-ден астам ғалымдар мен мамандар қаты­сып, фармацевтикалық компаниялар қазіргі заманғы медициналық жаб­дықтар мен медициналық мақ­­саттағы бұйымдарды, сондай-ақ же­тек­ші ме­дициналық өндіруші-фир­ма­лардың дә­рілік препараттарын ұсынды.

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20