Айта кету керек, бұл жарылқағыр жобалар Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында дүниеге келген еді.
Қазіргі таңда Қарағанды мен Балқаш қалаларының арасын жалғайтын төрт жолақты жолдың құрылысы қызу, жұмыс жоспарланған кестеге сай жүріп жатыр. «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізін қайта құру бойынша қолға алынған ауқымды жоба аясындағы жұмыстарға 2300-ден астам адам мен 1200 бірлік түрлі техника жұмылдырылған.
Жұмыстың жай-жапсарымен танысқан Үкімет басшысы «Қарағанды – Балқаш» тас жолын 2020 жылы аяқтауды тапсырды. Ал жол бойын абаттандыруды толық бітіру 2021 жылдың еншісіне тиесілі деп жоспарланды.
Ал «Қарағанды – Теміртау» мен Солтүстік және Шығыс айналма жолдары мойынға алынған міндеттемелерге сай биылғы жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс.
Айналма жол демекші, тоғыз жолдың торабында тұрған Қарағанды қаласы үшін бұл жоба ауадай қажет болатын. Мұның көптеген себептері бар. Соның біреуін ғана айтсақ та, бұл мәселенің күн тәртібінде өткір тұрғанын байқауға болады. Мәселен, кеншілер астанасы арқылы күніне 20 мыңнан астам транзиттік көлік өтеді екен. Бұл дегеніңіз, жеңілі бар, ауыры бар, қаптаған көлік облыс орталығын қақ жарып өтіп, қаланы көк түтінге тұншықтырып қана қоймай, жол қозғалысын да қиындатып жібереді деген сөз. Ал ауыр жүк көліктерінің қала ішіндегі жолдардың тезірек тозуына үлкен «үлес» қосып жүргені жасырын емес. Міне, осы түйінді мәселені біржола шешу мақсатында жалпы ұзындығы 48,4 шақырымды құрайтын Солтүстік –Шығыс айналма жолын салу қолға алынған болатын.
Қарағандының Солтүстік және Шығыс айналма жолы пайдалануға берілгенде облыс орталығы талай жылдан бері түйіні тарқатылмай келген бірнеше проблемадан құтылады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қала ішіндегі жолдарда кептеліс кемиді, шаһардың экологиялық жағдайы да жақсара түспек. Бұдан бөлек, ауыр жүк көліктер қала ішімен жүріп қаншама уақытын жоғалтпай, айналма жолмен еш кедергісіз сапарын жалғастыра беретін болады. Сонан соң, айналма жолдың бойында шағын және орта бизнестің түрлі нысандары салынып, кәсіпкерлердің істерін дөңгелетуіне де мол мүмкіндік туындайтынын айта кетейік.
Жол құрылыс туралы сөз қозғағанда, Жезқазған өңіріндегі жағдайды айналып өтуге болмайды. Жалпы, бұл өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1542 шақырымға созылып жатыр. Соңғы үш жылдың ішінде осы жолдың 535 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Арасында республикалық, облыстық және жергілікті маңыздағы учаскелері бар бұл жобаға 13,2 млрд теңге бөлінген.
Биыл Жезқазған – Ұлытау өңіріндегі республикалық және жергілікті маңыздағы жолдың 140 шақырымын жөндеу үшін бюджеттен 5,9 млрд теңге бөлінді. Туризмді дамыту және қасиетті жерлерге оңай жетуді қамтамасыз ету мақсатында аудандық маңыздағы жолдарға орташа деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жыл басынан бері Жезқазған қаласында 13 көшеге орта деңгейлі жөндеу жүргізілді. Бұл жұмыстарға бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген. Ал Сәтбаев қаласында төрт көшенің асфальт жолы жөндеуден өтті. Сонымен қатар Жезқазған мен Сәтбаев қаласы арасындағы күре жолға да жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қарағанды облысы