Аймақтар • 15 Қазан, 2019

Жолдың жайы қалай: Мамандар жетіспейді

371 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта облыс аумағында республикалық дәрежедегі Омбы – Майқапшағай және Талдықорған – Өскемен жолдарының құрылысы жүргізілуде. Жақында Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Асқар Мамин осы жолдардағы құрылыс барысымен танысқан болатын.

Жолдың жайы қалай: Мамандар жетіспейді

Талдықорғаннан Өскеменге дейінгі жолдың 880-1073 шақы­рымдарын италиялық «Тодини Централ Азия» мерді­гер компаниясы салуда. Құрылыстың жалпы құны 67,1 миллиард теңгені құрайды. Жол бойында 31 көпір тұрғызылып, су өткізуге арналған 176 құ­быр төселмек. Компания жұмыс­тарды қарқынды атқаруда, әрі жолдың сапасы да өз дәре­жесінде. Олардың жол бойында екі бірдей зауыты жұмыс істеп тұр. Істерінде кідіріс жоқ. Ал Қалбатау – Майқапшағай трассасының 906-1090 шақы­рым­дарында «СП ҚазГер­Құрылыс» ЖШС жұмыс атқа­ру­да. Бұл – Қалбатау ауылы­нан бастап Тарбағатай ауда­ны­ның аумағына дейінгі ара­лық. Өздеріне берілген 184 ша­қырым жолды 80 миллиард теңге қаржыға салып шығулары тиіс. Жол бөлігінде 18 көпір мен 214 су өткізу құбыры болады. Осы жолдың 1090-шы және 1321-ші шақырымдары аралығында қытайлық «Сhina Xing-Xing Group Co LTD» компаниясы жұмыс істеп жатыр. Олар Майқапшағайдан бас­тап Тарбағатай ауданындағы Қабанбай ауылы тұсына де­йінгі жолды жөндеуде. 231 ша­қырым жолды салуға 78,5 миллиард теңге қарастырылған. Бұл аралықта 15 көпір мен 230 су құбыры салынады. Үш мердігердің жұмысымен та­ныс­қан А.Мамин «Тодини Централ Азия» компаниясы жүктелген міндетті ойдағыдай атқарып келе жатқанын атап өтіп,  «Қазгерстрой» мен «Сhina Xing-Xing Group Co LTD» компанияларына құрылысты ширату қажеттігін айтқан болатын. «Жұмыстың келесі жылға жоспарланған көлемі тым көп екенін естен шығармаңыздар. Ескертіп айтарым, алдағы жыл­дың аяғына дейін бұл жол­дармен көліктер жүруі тиіс. Өз­ге абаттандыру жұмыстары кейін атқарылады. Ең бастысы, көліктер қозғалысына жол ашу. Міндет осы», деген-ді Үкімет басшысы.

Талдықорған – Өскемен ба­ғы­тындағы 1090-шы және 1321-ші шақырымдары ара­лығында жұмыс істеп жатқан «Сhina Xing-Xing Group Co LTD» компаниясының жұмысы неге тежелуде? Мұның себебін техника жетіспеушілігімен тү­сіндіріген компания өкілдері өз­дерінде 190 бірлік техника бар екенін, алдағы уақытта Қы­тай­дан тағы қосымша техни­ка жеткізілетінін айтқан-ды. «Қытайлық мердігердің жұ­мыс­ты кешіктіруіне техника ға­на емес, білікті мамандардың жетіспеушілігі себеп болуда. Қа­зір мердігер компания маман тарту жұмыстарымен шұ­ғылданып жатыр. Жол са­лу жұ­мыстарына жергілікті ма­ман­дарды тарту мақсатында об­лыстың аудан әкімдері халық арасында тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Бұл мәселе жақын арада оң шешімін табады деп ойлаймын», дейді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.

 1

Шығыс Қазақстан облысы