Руханият • 15 Қазан, 2019

Баянғали туралы баян

787 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Әдебиеттің үш тегі: эпос, лирика, драма. Үш үлкен бағыт, шегі жоқ үш шалқар, басын бұлт құрсаған үш мұзарт. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дегенімізбен, бұл әдеби жанрлар мен түрлердің әрқайсысының өзіндік мазмұны, суреттеу, баяндаудағы бөлек тәсілдері өз тарапынан жүйе құрып, сан тарау жікке бөлінеді. Асқан дарын, тума талант болмаса бұл үш құрылымның басын бірдей шалу көбінің қолайына келе бермейді. Келген күнде ол бөлек құбылыс, айрықша қаламгер, қайткен күнде көп әріптесінен бәсі басым, басы жоғары тұлға. Сегіз қырлы, бір сырлы Баянғали Әлімжанов феноменіне ден қойған уақытта біз ылғи осы оймен бетпе-бет келеміз.

Баянғали туралы баян

Баянғали Әлімжановтың атақты жыршы-манасшы, айтыс аламанында шашасына шаң жұқпаған дүлдүл, табиғатынан терең ойлы шайыр, драматург, сатирик, композитор, балалар әдебиетінің белді өкілі екенін жұрт жақсы біледі. Баянғали Әлімжановтың айтқыштығы, білегі болат боксшы екендігін де көпшілік аңыз ғып айтып жүреді. Тағы ұмытып барамыз: бұл таланттың сынға сайлаған садағы да атқанына дарып, айтқаны келіп жүргеніне замандастары куә. Біз бүгін мұның бәріне көп тоқталғымыз келіп отырған жоқ. Және бізге дейін асырып айтылған көлемді мақалалар, ақынның өзінің ақтарылып берген сүбелі сұқбаттары жеткілікті деп есеп­тейміз. Біз негізінен Баянғали туралы баян­ды кейінгі жылдары өзінің өндірте қалам тербеп жүрген тың саласы, жа­зушылығына қарай бағыттағымыз келеді. Оның өзі де қызық.

 

«Роман-газетадан» бір-ақ шығу

Әңгіме Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан жарық көрген «Сказ столетнего Степняка» («Жүз жыл­дық толғау») атты кітаптан басталды. Ба­сында Баянғали Әлімжанов орыс тілінде кітап шығарыпты дегенде, қатты елеңдей қоймағанымыз рас. Өйткені шығарманы шет тіліне, оның ішінде орыс тіліне тәр­жімалатып, Ресейден кітап шығарып жат­қандар баршылық қой. Сөйтсек, біз­дің кейіпкер шығарманы орыс тілінде өзі жа­зып, түпнұсқаны баспаға Пушкин мен Толстойдың тілінде өткізгенін біл­ген­де таңғалдық. Оның ішінде Мак­сим Горький негізін салған, кезінде әлем әдебиетінің таңдаулы 200 томдық кітапханасын шығарған атақты баспадан кітабы орыс тілінде шығып тұрса шытырманға толы шығарманың осал болмағаны деп кітапты оқуға асықтық. Кітап­тың мазмұнына үңілгенімізде, жоға­рыда аталған романмен қоса «Разрешите жить!» деген фантастикалық хикаяты, «Абылай хан мен сол заманның батырлары» туралы толғам-баяндары қоса жария­ланған.

Ең бастысы, таяуда аталған дүние­лер Мәскеудің ежелден ел сүйіп оқитын ерекше басылымы «Роман-газетада» басылып шықты дегенде шын қуандық. Бұл расымен де жаһанға жар салып мақтанатын үлкен оқиға еді. Мұндай құр­метке ие болған қазақ қаламгері саусақпен санарлығын ескерсек, ерекше тоқталатын жағдай. Атақты «Роман-газета» туралы, оған шығудың машақаты мен маңызы жайлы өз құттықтауларында ғалым Құлбек Ергөбек: «Көп қазақ қаламгерінің қолы жетпеген «Роман-газета». Қиын жолдармен қиналып алып, қызығып оқитын едік кезінде. Заманында Ə.Нұрпейісов досы Ш.Айтматовтың алғысөзімен шыққан басылым ғой ол», десе, ақын Қорғанбек Аманжол: «Ән өнерінде Димаш бала­мыз әлемді аузына қаратып жатса, менің Баяш досым әдебиет саласында Мәс­кеуді баурап, Ресейді жаулауын одан әрі жалғастыруда. Мағауин көкем айт­қандай, мұнаралы Мәскеудің бір биігіне шыққан Баянғали», деп ерекше лебіз біл­діріпті. Барлық лепес орынды, дәл баға берілген. Оны біз аталған романды оқып отырғанда, сондай-ақ орыстың үлкен жазушысы, академик, Ресей сөзтану академиясының вице-президенті, Ресей Жазушылар одағының хатшысы Георгий Пряхинның алғысөзін зерделегенде анық аңғардық. Алғысөз газетімізде бұдан бұрын жарияланғандықтан оған тоқ­талып жатпадық. Сонымен «Жүз жыл­дық толғау», яки «Сказ столетнего Степняка» романы туралы біздің толғам қандай?

 

Жиырма бірінші ғасырдың ерекше романдарының бірі

Шын мәнінде романға жұрттың назары ауғанымен, жазары аздау болғаны байқалады. Жоғарыда атап кеткен Г.Пря­хиннің алғысөзінен бөлек, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұ­ма­ғұловтың мақаласы бар, бірді-екілі пікірден басқа ауыз толтырып айтқан аға буынды байқамадық. Бұл самарқаулық жалғыз Баянғали Әлімжановтың шығар­машылығына ғана қатысты емес, жалпы жаңа шығармаға қаламгер қауымның реакция білдіруі мүлдем тоқтағандай. Айталық, Б.Әлімжановтың «Жүз жыл­дық толғауы» туралы ғалым Серік Негимов тәуел­сіздік алған жылдардан бері қарай жазылған үш-төрт романды ата десе осы Б.Әлімжановтың романын айтар едім деп баға береді. «Мұнда барлығы бар. Тарихи шындық, көркем шындық, психологизм, әңгімешілдік. И.Гончаровтың «Обломов» деген романы бар. 1858 жылы «Современник» журналының төрт санына шыққан. Соны Ресей он жыл күткен екен. Он тоғызыншы ғасырда шықпай жатып даңққа кенелген сол Гончаровтың романы болса, жиырма бірінші ғасырда біздің Баянғалидың «Сказ столетного Степняка» романы да жай шығарма емес, ғажап шығарма. Бұл проза жолындағы үлкен жетістік. Жиырма бірінші ғасырда жарық көрген үш-төрт жақсы роман бар, соның біреуі осы роман. Баянғалиды зерттеу үшін бір институт, бір академия керек», деп үлкен баға береді С.Негимов. Біз айтып отырған романның шоқтығы биік шығарма екенін ғалым Шәкір Ыбырай да келісті айтып өтеді. «Баянғалидың кейіп­керлері қарапайым ауыл адамдары. Олардың әр алуан мінездері жүрегіңде үлкен із қалдырып, өте тартымды оқы­лады. Шынайы өмірдің өзі екені, реализмге негізделгені көрініп тұр. Оның өз шығармаларын орыс тілінде жазып, өзін шетелге де мойындатуы шын мәнісінде бірегей таланттың қолынан ғана келетін құбылыс. Қос тілді қатар игеріп, басқа тілде осыншама көркем, қызғылықты, тартымды жазу керемет. Бұл роман – қазақ әдебиетінің шоқтығын көтеріп тас­та­ған құнды дүние», дейді филология ғылымдарының докторы Ш.Ыбырай.

Асанбай өмірі – Алаш тарихы

Романның басты кейіпкері Асанбай қарт – ғасыр құрдасы. Сонау 1900 жылы ақ патша дәуірінде дүниеге келген қария тәуелсіздік алған бүгінгі заманға дейін қилы-қилы тағдырларды кеше жүріп же­теді. Асанбайды басты кейіпкер деге­німізбен, романдағы кез келген образдан басты қаһарман жасап алуымызға болады. Шығарма әдейі солай құрылған да болуы мүмкін. Асанбайдың өзінен кіші інісі Сәлімнің Алашорда туының астында әділет іздеп, орыстармен өмір бойы соғысып өтуі, Еуропа асып, тоқсаннан асқан шағында оралман болып елге оралған сәті, өзінің ата-бабасы жатқан қорымда қол жайып отырып жан тапсыруы – басты планға ұялмай шығаруға болатын бірден-бір кейіпкер. Немесе өмір бойы бір-бірімен кескілесіп өткен, бүгінде тату-тәтті ұлттар неміс, орыс, қазақ бірлігі – бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі идеология­сын мегзейді. Жазушының өзі де бүгінгі таңда бір кейіпкер тұтас дәуірдің келбетін бере алмайтынын айтады. «Біздің қазіргі басты кейіпкеріміздің бәрі – плакат. Бір әдеби кейіпкер бір заманның тынысын беруі мүмкін емес. Ұлттың тарихына бір адам эталон, энциклопедия бола алмайды. Гоголь қатал, кейіпкерін қатты сынайды, мен жұмсақпын, кез келген адамнан жақсы қасиет көруге тырысамын», дейді автор. Шынымен де Б.Әлімжановтың «Жүз жылдық толғауындағы» Асанбайды алайық, «Өмір сүруге рұқсат етіңіз» пове­сіндегі мүгедек кейіпкерді алайық, бәрі-бәрі әлемді құтқаратын сұлулық емес, мейірімділік деп біледі. Олар осы өмірлік кредоларын шығарма бойына оқырманның есіне қайта-қайта салып отырады.

«Жүз жылдық толғау» романын оқып отырып, жазушы әр шығармасында белгілі тарихи оқиғаларға сілтеме жасап отыратынын аңғарасың. Онысы өте көркем және сәтті орындалады, сондай-ақ оқиғалар желісі темірдей берік логикаға құрылады. Айталық, басты кейіпкер Асанбайдың 1937 жылы мектепте Абайдың Гете, Лермонтовтан аудармаларын оқушыларға жаттатып тұрғанда НКВД жендеттері Асанбайды алып кетіп, тар қапасқа қамап тастағанда, қасындағы зия­лы кісі Жәкежан бидің: «Шыныңды айтып тұрғандай көрін, алашордашылардың желбуаз идеяларына еліккенім рас, адасыппын де. Сен жассың, бар өмірің алда. Саған сенбеген күннің өзінде оларға міне, қазақтың өзіңдей ұлттық кадрлары керек. Совет өкіметіне деген қарсылығыңды аса құпия жүргіз» деген сөздері бізге Алашорданың арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен жас Мұхтарды еске түсіреді. Немесе жаппай қазақ мектептері жабылып жатқан уақытта Абай атындағы ең соңғы мектепке қазақ балаларының саны жетпей, көрші неміс отбасы Лион мен Зояның кенже балалары Герольдты қазақ мектебіне бергізіп, ол кейін алғыр, білгір бала ретінде Герольд Білгір атанатыны, сөйтіп жалғыз қазақ мектебін қазақшаға судай Герольд Білгірдің құтқарып қалғаны – атақты Герольд Бельгерді еске салады Һәм аталған тұлғаға автордың көрсет­кен ілтипаты, тағзымы сияқты әсер қал­дырады. Ол – шынымен солай.

Оқиғалар орны-орнымен көркем баяндалады және шығарма соңында ешқандай дүдәмал ой іркілмейді. Барлық кейіпкер ұмыт қалмайды. Ғалым Сағым­бай Жұмағұлов өзінің осы роман туралы «Жанкешті ұлт» мақаласында «Шы­ғарманың өн бойында Бектеміровтер әулетінің күрделі тағдыры ел өміріндегі дауылды жылдардың тыныс-тіршілігімен байланыста өрістейді. Асанбайдың өзін­дік «менін» сақтаудағы жанкештілігі, табандылығы ұлт бірегейлігінің болат өзегі ұрпақтар сабақтастығымен үйлесім тауып жатады. Туынды бастауындағы көркемдік деталь «Балбал тас» – бағзы мен бүгінгіні байланыстырып тұрған рәміздік белгі», деп тура баға бере кетеді. Шы­нымен де жазушы көлемді шығармада көркем штрихтарды сәтті қолдана біледі.

Мысалы, басты кейіпкеріміз Асанбай­дың Ұлы Отан соғысында майданда жүріп: «Кенет сүрініп кеттім. Еңкейіп қарап едім – қарағайдың бұтағы. Бір кезде снаряд қиып түскен үлкен қарағайдың түбінде жақын өскен, жартылай үзілсе де тамырынан ажырамаған бір бұтағы шөптің үстінде жатыр. Үстінен ауыр машина өткені көрініп тұр – әлгі бұтақ жерге жаншыла тапалып қалыпты, сонда да сынбаған. Кей жері топыраққа көміліп, соның өзінде иіліп-бүгіліп өсе берген, күнге ұмтылудан танбапты» дейтін сөзі бар.

Бұл – шын мәнінде шығарманың кілті, бас қаһарманның ішкі ұстанымы, осы жас бұтақ, қарағайдың қарсы біткен мықты діңімен бейнеленген. Жас бұтақ – ішкі ұстаным. Қиылып түскен үлкен қарағай – келмеске кеткен көшпелі қазақ дәуірі, одан бөліне жаздап аман қалған жалғыз бұтақ – Асанбай Бектеміров. Оның да үстінен небір ауыр «машиналар» жүріп өтті. Бірақ бәрібір ол өмірге, Өмір-Күнге талпынып келеді. Сол шыбыққа шалынып қалған кейіпкеріміз жаудың оғынан, тұтқынға түсуден аман қалады кейін. Сәтті сурет дер едік. Және мұндай детальдар шығарманың өн бойынан көптеп кездеседі.

Жалпы, роман айрықша оқиғаларды аттап өтпейді, бәрін рет-ретімен келісті баян­дап отырады. Әсіресе отыз жетінші жылғы репрессия кезеңін өте шынайы сипаттайды. Ақын Бауыржан Үсеновтің «Қараңғы түн, қап-қара бір машина, Шықпай қойды, шықпай қойды түсімнен» дейтін қара машинасы да шығармаға реңк, оқырманға, заманға үрей тудырып дүріл­деп келе жатады. Әлі де қорқыныш бар, бұл ұлттың үрейі. Авторы осы үрейді өзі де терең сезінетіні қызық. Қара машина – біз­дің комплекс, біздің фобия. Асанбай де­мек, қазақтың жиынтық образы. Ол әлбетте – солай.

Шығарма туралы романды қазақ тіліне аударған жазушы, аудармашы Нұр­лан Қами үлкен пікір айтады. «Бұл – программалық шығарма. Орыстілді қауымды, өзге ұлттардың өкілдерін қазақ халқының жиырмасыншы ғасырда – тура жүз жылдың ішінде басынан кеш­кенімен, өмірімен, тағдырымен таныстыру мақсатында әдейі орыс тілін­де жазылған. Табылған шешім! Автор­дың білім-білігіне, ой-өрісіне, азамат­тық ұстанымына, патриоттығына, гуманис­тігіне, жазушылық шеберлігіне тәнтіміз», дейді Н.Қами.

 

«Разрешите жить!» хикаяты жайлы бірауыз сөз

Жалпы, аталған шығарма қазақ әде­биетіне келген жаңа тақырып, тың сүрлеу деуге болады. Бүгінде повестің электронды нұсқасы интернеттегі әйгілі «Литрус» жүйесі бойынша дүние жүзіндегі орыс тілді оқырмандарға емін-еркін таралуда. Ғаламтордағы «Руслит», «Куллиб», «Майбук», «Букскриптор» және басқа да ондаған әдеби кітапханада, портал, сайттарда ең айтулы шығармалармен бірге тұр, мыңдаған адам оқып жатыр. Кітаптың таралымына, оқылуына қатысты өмірде болған қызық жайттардың бірін айта кеткеніміз жөн. Бірде Алматы сән және дизайн колледжінің әдебиет пәні оқытушысы Гүлзия Ауқашова орыс тілінде білім алатын бір топтың студенттеріне «Разрешите жить!» повесін оқуға берсе керек. Бұл шығарма әділетсіз соғыстың әділетсүйгіш мүгедегінің «әлем билеушілеріне» жанай­қайы: ол дүниедегі қиянат, зорлық, зұлымдық атаулы адам баласының ұят пен әділдік сезімін жоғалтқаннан болады деп санайды. Сөйтіп күштілердің ұяты мен әділет сезімін оятатын фантастикалық қару ойлап тауып, қиянатқа қарсы күре­седі. Шығарманың тілі жеңіл, қызғылықты оқылады. Студенттер қызыға оқып, қолдан-қолға өткізіп, ақыры ұялы теле­фонға көшіреміз деп екіге бөліп тастаған. Жұлым-жұлым болған кітап бір топтан екінші топқа ауысады. Ақырында ата-аналарының қолына көшіп, қайта оралмайды. Бір күні басқа бір топтың студенттері: «Апай, сізде америкалық па, жапондық па, италиялық па, француз ба, әйтеуір бір шетелдік жазушының жақсы кітабының орысша аудармасы бар екен ғой, бізге де оқуға беріңізші!», деп сұрайды. Әлгі мұғалім «Жоқ, ешқандай шетелдік емес, қазақ қаламгерінің шығармасы, авторы Баянғали Әлімжанов» деп түсіндірсе жұртшылық аң-таң, шамасы мұндай қызық шығарма тек шетел қаламгерлерінің ғана қаламынан туады деп ойласа керек. Өресі биік, өрісі кең ұстаз Гүлзия Саясатқызы «Шы­ғармадан өзім алған әсердің шәкірт­терімнің көкейіне де орныққанына қуан­дым. Әлемдік, жаhандық, адамзаттық ортақ ізгілік жолындағы қайтпас-қайсар рухты күрескердің ешбір ұлтқа жат емес, қайта өз бауырындай жақындығына, оқырманды баурап, оларды да адами, ізгі­лік туын желбіретуге тәрбиелейтініне куә болдым», дейді тебіреніп.

 Немесе «Огни Алатау» газетіне құрметті журналист Забира Сайдильдина «Егер сіз бұл шығарманың авторын біл­месеңіз, оны «әлемнің адамы» жазған шығар деп ойлайсыз, өйткені «генерал Ян Мжанба» бүгінде барлық жерде – Оңтүстік Азиядан бастап барлық аймақта өмір сүреді. Никарагуа ма, Зимбабве ме? Соғыс пен бейбітшіліктің мәңгілік сұрақтары, жақсылықтың жамандыққа қарсыласуы, қайғы, қорқыныш және батылдық арқылы шындықты іске асыру шығарманың негізгі идеясы. Повесть уақыт пен кеңістікті еркін игеруімен құнды», деп жазады.

Ең қызығы, бұл шығарма да жазу­шының қаламынан орыс тілінде тууында. Бір сөзбен айтқанда «Өмір сүруге мұрсат бер!» повесі – болашақ шығармасы, ізгілік ізі.

Түйін

Биыл Баянғали Әлімжанов есімі алпыс беске аяқ басып, асқаралы белеске өткелі тұр. Жуырда он алты том шығармалар жинағы жарық көрген жазушының осы ретте сүйікті оқырмандарына тағы бір жақсы жаңалығы барын айта кеткеніміз жөн. «Сказ столетнего Степняка» кітабы ағылшын тіліне тәржімаланып болып, алты құрлықты еркін аралап кетпек. Шығармашылық адамына бұдан асқан қандай бақыт керек? Біз авторға өзінің ең сүйікті кейіпкері – Асанбайдың жасын, ғасыр тойын тілейміз. Асанбай әрбірден соң Баянғалидың өзі. Оған бұлтартпас дәлелдер және көп. Шығарманы оқыған адам осы сөзімізге толық келісетініне сенімдіміз.