Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) «Қазақтану» жобасы аясында қолға алынған іс-шараны биыл қалалық ҚХА мен Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы бірлесе ұйымдастырды.
Төртінші жыл қатарынан өткізіліп отырған шарада шымкенттік 11 этномәдени бірлестік өз талғамдары бойынша қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, қазақ дастарқанын жайды әрі дайындаған тағамдардың таным-тарихына үңіліп, ас әзірлеудің әдіс-тәсілін келген қонақтарға таныстырды. Жайылған дастарқаннан дәм татқан көпшілік оның ынтымаққа бастайтын қадір-қасиетіне де қанықты.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып келе жатқан бұл іс-шара қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын насихаттауға бағытталған. Осы арқылы қаладағы этностарды мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыруды, ұлтымыздың қонақжайлық дәстүрін дәріптеп, рухани құндылықтарымызды жаңғыртуды көздеп отырмыз. Қазақтың ас мәзіріндегі ұлттық тағамдардың сан алуандығын жұртшылыққа көрсету де басты мақсатымыз, – дейді жиында сөз алған Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов.
Іс-шараға белсене қатысушылардың бірі – Шымкент қалалық әзербайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Арзу Гурбонова. Ол – қиын-қыстау кезеңде ата-бабаларын аштықтан аман алып қалған қазақ дастарқанына ерекше құрметпен қарайтынын айтады.
– Сонау тар заманда күштеп қоныс аударылған миллиондаған этносты қазақ халқы өз үйіне қабылдап, бір үзім нанын бөліп берді. Біздердің ата-бабаларымызды бөтенсімей, өз балаларымен бірге бір дастарқаннан, бір ыдыстан дәм татқызды. Жергілікті халықтың дарқандығының арқасында бүгінгі бейбіт күнге де жеттік. Сондықтан біз қазақ халқына алғыс айта отырып, қазақ дастарқанының қадір-қасиетін ерекше бағалаймын, – дейді ол.
Көрме-фестиваль аясында көпшілік бауырсақ пісіру мен таба нан жабудың тәсілдерімен танысты. Сонымен қатар асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту секілді қазақтың ұлттық ойын түрлері мен этномәдени бірлестіктер жанындағы өнер ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақ дастарқаны» фестивалі өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Өткен жылдары фестиваль аясында этнос өкілдері қазақтың ұлттың тағамы ет асудан шеберліктерін көрсетіп, қазақтың ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарын дайындаудан сайысқа түскен болатын.
ШЫМКЕНТ