Суретті түсірген Фархат ӘМІРЕНОВ
Голубовкаңыздың байырғы атауы – Қорғанкөл. Тың игеру кезінде атауын жоғалтып алғаны болмаса, қазіргі ауыл тоқ, аман-есен жайнап тұр.
Осы тың игерушілер отбасында, Қорғанкөлде Николай Миллер дүниеге келген.
Осыдан біраз бұрын Николай Миллер ауылдастарымен ақылдаса отырып, жергілікті мұсылмандар үшін мешіт, ал православие христиандары үшін шіркеу салуды қолға алды.
Ауылында Өзбекстаннан келген жұмысшылар отбасыларымен бірге тұрып жатыр. Қазір олар өздері бастаған мешіт құрылысын аяқтап қалды.
Николай Миллердің айтуынша, мешіт те орталықтандырылған жылу құбырына қосылған. Ауласына түрлі ағаштар мен жеміс-жидектер отырғызылған.
Тағы бір ерекшелігі – ауыл мешіті өзгеше үлгіде тұрғызылуда. Шағын, жинақы, сәнді.
– Бірқатар мешіттің үлгілерін көрдік. Бізге Қазандағы мешіттердің үлгісі ұнады, – дейді Николай Миллер.
Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы да Голубовкаға барып қайтты. Жергілікті тұрғындармен де жүздесті. Жолдас қажы шаруашылық басшысына ризашылығын білдіріп, мешітті тіркеу жұмысына қолдау көрсетпек.
Біз де жолсапарлар барысында Николай Александровичтің ауылында талай рет болдық. Әзілімен қатар қызықты әңгімелерін де тыңдай бергің келеді.
Маймыш ата жайлы жиі айтады. Қорғанкөлдің баласы – Миллер Солтүстік мұзды мұхитта әскери-флотта қызмет етіп, сүңгуір қайықта теңізші болған.
Иә, Миллер жайлы қанша жазсақ та, артық емес деп ойлаймын. Біздің елімізге Қорғанкөлдің осындай еңбекқор, басқаларға үлгі етерлік азаматтарындай еңбек адамдары керек-ақ.
Павлодар облысы,
Ертіс ауданы