Спорт • 15 Қазан, 2019

Бокс: Азия біріншілігінің жартылай финалында 19 өреніміз жұдырықтасады

381 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) Фуджейра қаласында бокстан жастар арасында өтіп жатқан Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетуде.

Бокс: Азия біріншілігінің жартылай финалында 19 өреніміз жұдырықтасады

Сурет kfb.kz

Парсы шығанағына сапар шеккен жерлестеріміздің өнеріне барша жанкүйерлер тамсануда. Олай деуге негіз, еліміздің жастар құрама командасының мүшелері жарыстың алғашқы күнінен бастап, барлық қарсыластарын қоғадай жапырып келеді. Нәтижесінде сегіз бірдей сайыпқыранымыз ертең өтетін жартылай финалдық сайыста күш сынасу құрметіне бөленіп отыр.

Атап айтсақ, Руслан Күзеубаев (52 кило), Нұрсұлтан Алтынбек (54 кило), Сұлтан Бабаханов (66 кило) және Диар Роман (+80 кило) Өзбекстанның өрендерімен күш сынассса, Абдула Патиев (50 кило) пен Абзал Серік (60 кило) Үндістанның өкілдерімен шеберлік байқасады. Ал Ерасыл Ермек (57 кило) пен Мәди Әміров (80 кило) Қытай және Қырғызстанның боксшыларымен қолғап түйістіреді.

Сондай-ақ айтулы жарыста еліміздің қыздар құрамасы да өздерін өте жақсы қырынан көрсетуде. БАӘ-не аттанған 13 бойжеткеннің тек екеуі ғана орта жолда сүрінді. Ал қалған 11 спортшымыз ертең жартылай финалда жұдырықтасады.