Өткен кезеңде экспортқа шығарылатын темір кені – 41%, көмір – 17,4%, қара металдан жасалған бұйымдар – 6%, қара металл сынығы – 5,9%, қорғасын – 5,4%, мұнай 3,7%-ға қымбаттады. Ферроқорытпалардың құны – 18,9%, хром кені – 12,3%, мырыштың бағасы 3,2%-ға төмендеді. Статистика комитеті бидай – 18,3%, жүн – 1,6%-ға қымбаттағанын, керісінше мақта 3,1%-ға арзандағанын хабарлады.
Импортталатын негізгі өнімдердің ішінде көкөніс – 40,6%, кондитерлік өнім – 9,6%, күріш – 8,5%, балық – 8,2%, темекі – 7,4%, макарон өнімдері – 6,6%, сүт өнімдері – 6%, кофе – 5,4%, өсімдік майы – 5,3%, құс еті – 4,3%, шай 4,1%-ға қымбаттады. Жыл басынан бері қант – 7%, жеміс пен жаңғақ – 6,9%, какао 4%-ға арзандады. Фармацевтикалық өнімдер – 9,8%, пластмасса – 6,9%, құрылыс материалдары – 5,1%, тоқыма бұйымдары – 4,8%, сүрек 4,6%-ға жоғарылады.
Статистика комитеті баға индексін есептеп шығару үшін экспорттаушы және импорттаушы кәсіпорындардың жалпымемлекеттік статистикалық бақылауын пайдаланады. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен арадағы сауда статистикасы мен Кеден статистикасының деректері сараланады.