Экономика • 16 Қазан, 2019

Жалдамалы жұмысшылар жалақысы артты

553 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде жан басына шаққандағы кәсіпкерліктен түскен пайда азайып барады. Есесіне жалдамалы жұмысшылардың жалақысы көбейіп келеді.

Жалдамалы жұмысшылар жалақысы артты

Алдын ала статистикаға сүйенсек, 2019 жылғы тамызда халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы ақшалай табысы 103 816 теңгені құрамақ. Бұл былтырғы тамызбен салыстырғанда 9,5 пайызға жоғары көрсеткіш. Инфля­ция­ны шегеріп тастасаңыз, нақты ақша­лай табыс 3,8 пайызға көбейіп отыр.

Статистика комитетінің мәліметін­ше, былтыр халықтың жан басына шаққандағы ақшалай табысы әр тоқсан сайын тұрақты түрде өскен. Мәселен, бірінші тоқсанда орта есеппен 86 мың теңгенің айналасында болса, екінші тоқсанда 90-91 мың теңге, үшінші тоқсанда 95 мың теңгеге жетер-жетпес болып, жыл соңында 101-103 мың теңгеге жетті. Осылайша, бір жылда шамамен 15 пайызға ұлғайды. Ал биылғы жағдай керісінше. Былтыр желтоқсанда 101 мың теңге болған орташа табыс биылғы бірінші тоқсанда 97 мың теңгеге төмендеді. Екінші тоқсанның басында қайтадан 103,9 мың теңгеге көтерілгенімен, одан кейінгі айларда тиісінше 103,8 мың, 103,7 мыңға дейін төмендеп, шілде айында 103,5 мың теңгеге құлдырады. Тамыз айында ғана 103,8 мың теңгеге қайта көтерілді.

Статистика комитетінің мәліметінше, қыркүйекте қызметкерлердің орташа жалақысы 188 634 теңгені құрады. Бір айта кетерлігі, көктемнен бері жал­ақы­мен күн көретін халықтың табысы тұрақты ұлғайып келе жатқаны бай­қалады. Мәселен, мамыр айында ха­лық­тың ақшалай табысының 70,9 пайы­зы жалақыға тиесілі болса, тек 11,2 пайызы ғана кәсіпкерліктен түскен табыстың үлесінде. Қалған 17,2 пайызы әлеуметтік көмекке тиесілі.

Жаз басталысымен көрсеткіш құбыла бастады. Маусым айында ақша­лай табыстағы жалақының үлесі 71,1 пайызға, шілде айында 71,9 пайызға көбейгенімен, тамызда қайтадан 71 пайызға төмендеп кетті.

Президенттің әлеуметтік төлемдерді көбейткені халықтың әлеуметтік төлемдерге арқа сүйеуіне түрткі болды дей алмаймыз. Себебі мамыр айында халықтың ақшалай табысындағы әлеуметтік төлемдердің үлесі 17,2 па­йыз болса, жаздың алғашқы екі айында тиісінше 17 пайызға және 16,7 пайызға түсті. Тамыз айында ғана күрт көбейіп, 17,6 пайызға жетті.

Ал кәсіпкерліктен түскен табыс биыл жаз бойы тұрақты түрде төмендеп келе жатыр. Халықтың ақшалай табысындағы кәсіпкерліктен түскен кіріс мамыр айында 11,2 пайызды құраса, маусым айында 11,1 пайызды, шілдеде 10,7 пайызды құрады. Ал тамызда тіпті 10,5 пайыз ғана болды. Жалпы, халықтың табысы тұрақты түрде өсіп келе жатқанын ескерсек, кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстың тұрақты төмендеуі халықты жаппай шағын және микробизнес­ке тартуға кері әсер ететін секілді. Нақтырақ айтқанда, кәсіпкерліктен түскен табыстың азаюы мен жалдамалы жұмысшылардың жалақыларының көбеюі халықты кәсіпкерлікке емес, керісінше кәсіби маман болуға итермелей түспек.