«Үш күн тоса тұрар...»
Бүкіл ғұмырын бір ұжымда өткізіп, бір орында қызмет істеу – кез келген жанның пешенесіне бұйыра бермейтін сирек құбылыс. Ізінен аңыз ерген әйгілі журналист-жазушы Балғабек Қыдырбекұлы сол некен-саяқтар сойынан. Зейнеткерлікке «Социалистік Қазақстаннан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan» газеті) шыққан оның еңбек кітапшасында жұмысқа қабылданғаны жөнінде жалғыз ғана сөйлем жазылған көрінеді. Мұны Балғабек аға өмір-бақи мақтан ететін. Ұзақ жылдар бойы орынбасар, бірінші орынбасар болған ол ақыры редакторлыққа да жетті.
Госархивке ауысқан Сапар Байжановтың орны бірер айдай бос тұрды. Үлкен креслодан әркім-ақ дәмелі. Он бір жыл хал-қадарынша тер төккен Сапекеңнің орынтағына «анау отырады екен», «жоқ, мынау келеді-міс» секілді алыпқашпа қауесет те біраз гуледі. Газетшілердің күнұзаққы әңгімелері де осы төңіректе. Бірін жақтырсақ, екіншісін қаламаймыз. «Үйреніскен жау атыспаққа жақсы», демекші көбіміздің көкейімізде – «Бәкеңді қоя салмай ма?..» Жасыратын несі бар. О кісіні жек көретіндер де арамызда көп-ақ. Қатып-семген Орталық Комитет қай ұжыммен пікірлесіп, санасушы еді. Әзірге басты үміткер – Қыдырбекұлы ештеңе сездірмеген. «Күйген ауыз үріп ішер». Біреу-міреу жоғары жаққа домалақ арыз дөңгелетіп жіберуі әбден мүмкін-ау. Өйткені Байжановтың табан астынан жылы орнынан кетуіне Үлкен үйге үздіксіз «атқылаған» үшбу-арыз басты себеп болған-ды. Сыбырлағанды құдай естімей ме, дегендей көп жайдан журналист ағайындар жақсы хабардар болатынбыз. Әйтеуір желі оңынан тұрып, сәті түскен редактордың міндетін уақытша атқарған Бәкең бір күннің ішінде Кремльде бекіп, ЦК-ның бұйрығын алып келді. Газетке «редактор» деп қол қоя бастады. Кіріп-шығып, сондай-ақ телефон арқылы құттықтаушыларда қисап жоқ. Көңілі бірлеген Қыдырбекұлы атшаптырым бөлмедегі алып орынтаққа отыруға асықпаған. Бір күні Бәкеңе КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың өзі тікелей телефон шалады:
– Ау, Балғабек, сені арнайы құттықтайын деп звондасам таппадым, әлі бұрынғы орныңда отырмысың, ә?!
– Димеке, көп рахмет! Отыз жыл күткен орын ғой, үш күн тоса тұрар, – дейді Қыдырбекұлы еш мүдірместен.
Күн секілді
Әр бастықтың, әр редактордың газет жасаудағы өз жұмыс стилі бар. Оларды бір-бірінен өзгешелеп, даралап тұратын қабілет-қасиеттері де осы күнделікті газетті шығарудан ап-анық байқалса керек. Өзім бірге қызмет істеген он бас редактордың бір-біріне ұқсамайтын түрлі-түрлі темірқазық еткен талаптары ә дегеннен басылымның кескін-келбетінен көрініп шыға келетініне куәгермін. Бірі материалдардың тақырыбы мен жанрына көңіл бөлсе, екіншісі кез келген мақаланың орналасуына, яғни газеттің макеті мен ажар-әлпетіне көбірек назар аударса, енді бірі отыз жол хабардан бастап, үлкенді-кішілі дүниелердің ішкі мазмұны мен салмағын қатты қадағалайтын.
Ал Балғабек Қыдырбекұлы редактор орынтағына отырған күнгі нөмірден бастап сын мақалалар мен фельетондарды жариялауға құлшына кірісті. «Газетті макет емес, мазмұны оқытады». Материалдардың географиясын қатал бақылап, мүмкіндігінше апта ішінде барлық облыстардың газет бетінде көрінуіне ерекше мән берді. Бұл – жаңа редакторымыздың берік ұстанған қағидасы. Алдын ала арнайы жаздыртып, әзірлеп қойған көлдей-көлдей сын мақалаларды қорғасынға тергізіп (ол кезде қазіргідей компьютер жоқ, қас-қағымда бір беттік дүниені қағып тастайтын) тартпасында «көгендеп» ұстады. Оның да себебі бар. Кейбір дайын фельетондар мен азуын айға білеген өткір сын мақалаларды кешкі алты-жетіден кейін макетті бұзып, шығып бара жатқан нөмірге салдырып жіберіп отырды. Әрине дабылды сын, ащы фельетон оқырманның ойынан шығатынын кәнігі журналист жақсы сезетін. Небәрі төрт беттік сұрғылт «СҚ»-ның беделін осы қасаң сын мақалалар әжептәуір көтергені де шындық. Ол заманда ішектей шұбатылған, арнайы тапсырмамен жазылған материалдың ішінде сын өзегі болып өрілген деректер, ішіп-жеп, бүлдіріп қойды деген жағымсыз мысалдардың бірен-сараңының өзі анықталса жетіп жатыр. Лауазымына, креслосына қарамай аяғы көктен келіп, бірінен соң бірі қызметтерінен қуылып, партиядан шығарылады. Мәселені сағыздай созбай, райкомның, обкомның бюросында қолма-қол шешіледі. Міне, газеттің күші, партияның құдіреті. Бірақ… Иә, төпелеген жұдырықты қай шенеунік, қай желбуаз, қай партократ, қай алып-сатар хош көрсін!? Бірінің танысы, бірінің көкесі, енді бірінің жерлесі, иә болмаса руласы жоғарыда, ЦК-да отыруы да мүмкін ғой. «Суға кеткен тал қармайды». Газетте сыналып, аты-жөні аталған қайсыбір қолы ұзындардың еріксіз Үлкен үйді жағалауына тура келеді. Жүре берген – көзін де табады.
«Пәлеқор» редактордың, «тентек» редактордың осылайша қарқынын тежеудің жолын іздегендер Қыдырбекұлына тікелей ескертулер жасай бастағанын кей сәттері лездеме үстінде, жоспарлау кезінде қызыл кремлевкадан өзіміз де талай естідік. Оңайшылықпен бұғалық салғызбайтын бастығымыз шыр-пыр күйетін: «Азуы жоқ газетті кім оқиды?», «Жоғарыда отырып өздерің бізді, журналистерді қорғамайсыңдар». «Газетті өстіп, кім көрінгеннің қолжаулығына айналдырамыз ғой…» Жүрегіне түскен салмақты сейілте алмай қиналған алдаспан редакторымыз пышақтың қылпылдаған жүзінде отырғанын да анық сезеді-ау. Сөйтсе де жалтақтық, әлсіздік білдіргісі жоқ. Оның үстіне редактор боп газетке қол қойған күннен бері Балғабек аға нөмірді кешкілік жалғыз өзі қарауға көшкен-ді. Бұған дейін ежелгі әдет бойынша редактораттың мүшелері күнделікті нөмірді кезек-кезек үйлерінде жатып қадағалап, кешкілік кезекті өткізетін. Олар жөнінде редакция қызметкерлері арасында: «Бүгінгі үйден жатыпатары кім?» деген мысқыл да айтылатын. Бәкең осы дәстүрді бұзды. Күн сайын түнгі газетті бір ғана өзі қарай бастады. Бірақ ашығын айтқан жөн, бүкіл нөмірді жалғыз адамның қарауы, әрине ауыр-ақ. Кезекшілер бар, корректорлар бар… Сөйтсе де «Қате кетіп қалмас па?» деген қауіп жүректі де, жүйкені де білдірмей жонып жатса керек. Екі айдан кейін редакторымыз инфаркт алып ауруханаға түсті…
Ауруханада біраз емделіп шыққан Бәкең шығармашылық ұжыммен үлкен жиналыс өткізді. Сырқаттанып жатса да газетті үтір-нүктесін қалдырмай сүзіп оқығанын байқатты. Қандай тақырыпты жаза алмай, қандай мәселелерді көтере алмай жатқанымызды, ақсаған тұстарымызды бөлімдер бойынша қадап-қадап көрсетіп, қатты-қатты ескертті. Сұп-сұр жүзі үнемі қатуланып көрінетін Қыдырбекұлы ұзақ ойын былайша түйіндеген:
– Жігіттер, бізге ең алдымен, сын керек. Әрине объективті сын қажет. Ұрда-соқ сыннан абырой таппаймыз. Соны біліңдер. Сондықтан да жазғыш журналистерге жол ашық әманда. Машинистканы, корректорларды кез келген жерден тауып аламын. Керек десеңіз, сауатты адамды әр мекемеден шақырып алуға болады. Ал журналисті өздерің білесіңдер, төрт жыл оқытып, дайындайды емес пе?! Сондықтан да текке шалқая бермеңдер. Субардинация деген болады. Тілшінің аты – тілші. Бөлім меңгерушісін тыңдау керек. Айтқанын қалт жібермей орындау міндет. Ең бастысы, сендерсіз де, бізсіз де газет шыға береді. Газет – күн секілді. Шығады – батады, батады – шығады. Қай-қайсың кетіп қалсаң да бұған дейін шығып келген газет шыға береді. Үш ай ауырып жатқанда менсіз де «СҚ»-ны шығардыңдар ғой. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргендерді білем. Тертені тең тартайық. Демек, ойланыңдар… «Илегеніміз бір терінің пұшпағы» болғандықтан бар жан-тәнімізді салып, адал жұмыс істеуіміз тиіс…
Таусылып сөйлеген, момақан сөйлеген қаһарлы Бәкеңнің толғақты лепесі баршамызды терең ойға шомдырғаны рас.
Кешіккен коммунизм
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің кезекті пленумы өтісімен іле-шала Балғабек Қыдырбекұлына үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы Ризабек Әдуов телефон соғады:
– Бәке, бастықтарымыз ескертіп жатыр. Ертеңнен қалдырмай пленум шешімдерін жүзеге асыруға байланысты редакцияның жалпы жоспарын тапсыруларыңыз керек.
– Уақыттарың өте тығыз екен. Көрейік, ертең жұма емес пе. Үлгере алар ма екенбіз? – дейді редактор екіұштылау.
– Менікі бастықтардың тапсырмасын жеткізу, – дейді Ризабек биязы қалпынан айнымай.
Тәжірибелі де әккі редактор бөлім меңгерушілерін дереу жинап алып, Үлкен үйдің бұйрығын жеткізіп отырғанда вертушка жылан шағып алған жанша «шар» ете түскен.
– Бәке, мен – Амангелдімін ғой. Жұмадан қалдырмай тездетіп редакцияның жоспарын жеткізіп беріңіз.
Үгіт-насихат бөлімінің баспасөз жөніндегі сектор меңгерушісі Амангелді Ахметәлімовтің қатқыл да жедел тапсырмасы жанына батқан Бәкең:
– Жаңа ғана нұсқаушың жанымды алып еді. Әдуовті айтам… Робот емеспіз ғой, тегі. Жұма дейсіңдер, толық екі күн де емес. Бір жарым күннің ішінде не бітіре қоямыз. Мәшеңкеге бастыру керек, оны көбейту керек. Ең құрығанда сенбі-жексенбі күні тапжылмай жұмыс істеп, жоспарды дүйсенбі күні бөліміңе ертелетіп жеткізіп берейін, – дейді шырылдап.
– Ойпырмай, ұзаңқырап кетпей ме? – дейді Ахметәлімов қиналыңқырап.
– Әй, Амангелді ештеңе етпес. Бізді бүйтіп қинама. Онсыз да кешеден бері мұрнымыздан қан кетіп жатыр. Қазір де, міне, жігіттерді жинап, бөлім меңгерушілеріне тапсырмаларыңды шегелеп түсіндіріп жатырмын. Азар болса, коммунизм екі күн кешігіп орнар, – деді қайтпас-қайсар редакторымыз.
Бас пен жас
Балғабек ағаның кіді мінезі мен биік мәдениеттілігі өзара үйлесім тапқан. Дегдарлығы болар өзгелерден қай уақытта да ширақ, сергек жүруді қатаң талап етеді. Жігіттердің мейлінше жарасымды киініп, лездемелер мен өндірістік жиналыстарда еркін сөйлеп, өз ой-пікірлерін анық та батыл айтып отыруына айрықша мән беретін. Сөлбіреп сөйлегендерді, жаңбыр жаумай су болып, екі иығы салбырап жүретін бозөкпелерді «ливерный колбаса» секілді былжырамай, жарқылдап жүрмейсіңдер ме деп қағып-сілкіп алатын. Осынысына орай өзі де өте сұлу киініп, жалт-жұлт етіп, сарт-сұрт сөйлейтін үнемі. Бір ғажабы, қамқор да қаһарлы аға ауа райының қабағына қарай әдемілеп киінуші еді. Жалтақтамай сөйлеуге үйрететін.
Тіпті өзі тікелей бастығым-ау деп еш қымсынбастан редакторымыз Сапар Байжановқа күнделікті жоспарлау кезінде, әйтпесе лездемелер мен партия жиналыстары үстінде «Әй, Сапар, бұл өзі былай ғой», «Сапар-ау, сенің мұның не?» деп қағып отыратын. Көбіне Бәкеңнің бұ қылығы бізге, кейінгі жастарға тым оғаштау көрінетін. «Аяқ астынан топ алдында ұстасып, ұрсысып қалмаса екен?!» Жоқ. Үркек ойымыз лезде айығатын. Жұрт көзінше атын атап, тік сөйлеген Бәкеңнің сөзін шыбын шаққандай елемей, жадыраған қалпы Сапекең өз ойын ілгері жалғап, мәжілісті емін-еркін жүргізе береді.
Бірде осындай текетірестен топырлап шығып келе жатқанымызда ең жас бөлім меңгерушісі Болат Асанбаев тура есік көзінде қапталдаса қалған ақсақалдарымыздың бірі, тілшілер бөлімінің меңгерушісі Баймұхамбетовке:
– Хайдеке, неге осы Балғабек аға редактордың көзін бақырайтып қойып, атын именбей атай береді, – деді шыдамсыздана әрі ыңғайсыздана.
– Е, айналайын, Құдай берген мінез ғой. Енді оны ешкім жөндей алмас. Жалпы, Сапардың басы, Балғабектің жасы үлкен, – деді Хайдар аға жұмсақ жымиып.
Даусымыз дірілдеп, тіземіз қалтылдап...
Әдеттегі шығып бара жатқан кезекті нөмірдің алғашқы сұлбаларын көріп жатқанбыз. Желп-желп еткен беттердің жиектеріндегі баспахананың қап-қара бояуы жұққан тұстарын әдемілеп жыртып редактордың атшаптырым кабинетіндегі ұзын үстелдің үстіне жайдық. Күндегі әрекетіміз осы. Май-май беттерді қаншалықты абайлап көрсеңіз де алақаның, қолың, білегің, киімің жыпырлаған әріптердің мөр-таңбасына айналып шыға келеді. Осыны жақсы білетін Балғабек аға қара сәтеннен арнайы бүрмелеп тігілген шолақ жеңін киіп алып үстелге жақындаған.
– Беттердің саңылаулары шамалы секілді. Бүгін графикке ілігесіңдер ме? – деді қолындағы сырықтай әйдік қызыл қарындашын шошайтып.
– Мәскеуден түсетін ТАСС-тың ресми материалы ұстамаса, жағдайымыз жаман емес, – деді секретариаттың бет жүргізуші жігіті Бақтияр Ерімбетов пен жауапты хатшының орынбасары Совет Шиманбаев қосарлана.
Осы мезетте бірінші орынбасары Ақтаевқа бұрылған бастық:
– Сарбас, кәне, ендеше… ҚазТАГ-қа ескертіп қойшы қазір. Қолбайлау жасамасын. Беретіндерін ертерек жіберсін. Бүгін жағдайымыз тәуір сықылды.
Редактордың сөзін жыпырлаған көп телефонның бірі бұзды. Ылдым-жылдым қозғалған Бәкең қолына іліккен телефон трубкасын көтеріп еді, ол болмай шықты. Артынша телефон қайта шырылдаған. Бізге өмір-бақи мелшиіп тұратындай көрінетін шеткеріректегі дөңкиген ақ телефонның тұтқасын көтерген бастығымыз:
– Қыдырбекұлы тыңдап тұр, – деді жалма-жан қашанғы әдетінше.
– Балғабек, хал жақсы ма?
Бейтаныс үн, бұлдыр дауыс. Не айтып жатқанын толық ести алмасақ та, құлағымызды тігіп елеңдеп тұрмыз. «Жоғары жақтан, аяқ астынан ресми материал түсіп жүрмесе жарады»... Бәкеңнің «шаңқ» еткен үні ойымыздың әлем-тапырығын шығарды:
– Димеке, алам дедім ғой, аламын.
– ?..
Біз үн-түнсіз бір-бірімізге одырая-одырая қарастық.
Өте қысқа тілдескен Балғабек аға:
– Қонаев қой звондаған, – деді беттерге қайта үңіліп. – Бейбіт Қойшыбаевты «СҚ»-ға бөлім меңгерушісі етіп қызметке ал деп жатыр. (Осыдан аз уақыт бұрын жазушы Б.Қойшыбаев қазақтың хандар шежіресі мен этнографиясына қатысты мақалалар жариялағаны үшін «Зерде» (бір кездегі «Білім және еңбек») журналының бас редакторы қызметінен жазықсыз босатылған болатын (Ж.Е.).
– Бәке, патшамен – Политбюро мүшесімен жүрексінбей, өте қатқыл сөйлестіңіз ғой, – деді Совет бастықтардың алдында өзін ұдайы еркін ұстайтын мінезіне басып.
– Немене, Политбюро мүшесі телефон соққанда даусым дірілдеп, тізем қалтырап тұруым керек пе?! Қыдырбекұлы әзірше ондай мүсәпір халге түсе қойған жоқ деп ойлаймын.
Иә, бұл да Балғабек ағаның тек өзіне ғана жарасатын тік мінезінің бір жарқылы-тын…
Желбуаз кеуде
Патша демей, қара демей кез келген лауазым иесімен тең сөйлесіп, бүгежектемей ой бөлісіп, пікір таластырып «ақты – ақ», «қараны – қара» деп айтып салу екінің бірінің қолынан келмейтінін әмсе мойындаған жөн. Әйтпесе, «жау кеткен соң боғын пышақтап» немесе сырт айнала беріп сыртыңнан сібелеп жататындар көпе-көрінеу жүрегіңді жаралап, жүйкеңді жонады емес пе. Әйтеуір есебін тауып, қыбын келтіріп бір сүріндіріп тастауды ойлайтын бақайесептік. Ең абзалы, жүрегі жарылып кетсе де әділдік кесімді кімнің болсын бетіне тура айту керек-ау. Әрине… бұған артың мықты боп, шамаң жетсе де…
Газетшілердің айдаған малы, өсірген егіні – газет. Сондықтан да айтар әңгімең де, бөлісер сырың да, ең ақыры, бет жыртпасаң да ілінісіп қалатын ұсақ-түйек жайлардың бәрі де газет төңірегінде өрбитіні сөзсіз. Осындай бір басқосу үстінде іссапардан оралған екі-үш журналиске қаратып сөзін сабақтаған редактор Сапар Байжанов:
– Кәне, жігіттер, командировкаларың қалай өтті? Газетімізге жазылудың барысы қандай екен? – деген.
Бәлендей тосын сұрақ емес. Биыл да, былтыр да, арғы жылы да… айтылып жүрген үйреншікті сауал. Амандық болса, келер жылы да, одан кейінгі жылдары да естуің әбден мүмкін. Айдай анығы – баспасөзге жазылуда жаңалық ашып, жаңалық жасай алмайсың. Партия аман болса, ел аман болса… Бәрі өз ретімен жүзеге асырылар науқандық шаруа. Сөйтсе де…
Көкше баурайына барып қайтқан ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Хамидолла Рахматуллин мен Семей өңірін аралап келген мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Уахап Қыдырханов «СҚ»-ға жазылудың барысы жайында жалпылама хабардар еткен. Облыстан аудан-ауданға түсірілген разнарядкалар қатаң бақыланып, парткомдар қадағалап отырғанын айтқан. Бұлардан соң сөз алған фельетоншы Нұри Мұфтахов ұшпа бәйге атындай екпіндей жөнелді.
– Сапеке десе, подписканы кабинетте отырып жүргізбеу керек. Жігіттерді облыстарға, аудандарға командировкаға шығармаса болмайды. Мен айналдырған екі күннің ішінде үш ауданды араладым. Облсотқа, облпрокуратураға, заң техникумына барып, басшыларымен ауызба-ауыз сөйлестім. Айтпақшы, облмилицияға соқтым. Облыстық партия комитетіне кірдім. Мені бірінші хатшының өзі қабылдады. Газеттің тиражын міндетті түрде көтереміз деп уәде етті. Өзім тікелей бақылаймын деді. Аудандарға барғанда барлық совхоздардың директорларын аупарткомға шақыртып алып сөйлестім. Тиражды өсіреміз деп жатыр. Мен бармағанда… кейбір жерлер жазылуды тіпті ұмытып кеткен. Алматыға барғаннан кейін тағы да звондаймын дедім. Мен… мен…
Шыдамады білем, төрдегі Балғабек Қыдырбекұлы «шарт» ете түсті.
– Мұфтахов, сабаңа түссеңші, – деді сұстанып. – Сенің сөзіңді соңына дейін тыңдай алмадым ғой. Келгенің кеше ғана. «Мен», «Мен» дейсің өрекпіп. Талдықорған облысын жалғыз араламаған шығарсың. Тілшімен жүресің, тілшінің мәшинесін мінесің. Қасыңдағы өзіңді екі орап алатын Сейдахмет Мұхаметшинді көзге ілгің келмейді. Ол ең болмағанда ана-у-у Оралдағы қол басындай ғана Боранғали Ырзабаевтай «көрінбейтін» адам емес қой. Между прочим сол «полтара қазақ» Талдықорған облысындағы «СҚ»-ның тиражын бірнеше жылдан бері өз беделімен бір данасын кемітпей, түсірмей ұстап тұр. Ақиқатын айтқан жөн. Жосықсыз желбуаз кеудені соға бермей… «Шіркінде ес болсайшы сезед дегенді» Абай осындайдан айтқан-ау, шамасы?! Нұриден, сенің мұның жарамайды. Мына отырғандардың бәрінде де бар сасық кеуде. Бірақ…
«Бекіре балықтың басы тасқа тимей қайтпас». Әрқайсымыздың көкейіміздегі кекірек сөзді Бәкеңнің от-аузынан естіп, айызымыз бір қанып қалғаны анық-ты…
Ашылмаған жаңалық
13 мамыр, бейсенбі, 2004 жыл. Белгілі журналист, жазушы, қоғам қайраткері Балғабек Қыдырбекұлының туғанына 75 жыл толуына байланысты Астанадағы «Еснұр» мейрамханасында шығармашылық кеш өткізілді. Мұндай салтанат мұның алдында, сәуір айының ортасында Алматыда болған-ды. Балалары Балнұр, Дулатбек құрақ ұшып жүр. Ақылшы ағаның, үлкен ұстаздың, абзал азаматтың рухын құрметтеген үлкенді-кішілі зиялылар еске алу кешін өнер отырысына айналдырған. Қаламгердің әр жанрда жазған өткір де өміршең туындыларынан үзінділер оқылып, әсем ән мен күмбірлеген күй талай жүректердің сезім қылын тербеп, жадын жаңғыртты. Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғарин, Жекен Қалиев, Мәриям Жүйріктаева, Уәлихан Қалижан т.б. тәрізді ел елеулілері Балғабек Қыдырбекұлының адами бейнесін, асыл қасиетін әр қырынан жарқыратып көрсетуге тырысқан-ды.
Ал терең тебірене, толқи толғанған көрнекті ғалым, сөздің майын тамызар Мырзатай Жолдасбеков көрікті ой өзегін былайша өрген:
– Бәкеңді бір кісідей білемін десем де мен бүгін бір жаңалық ашайын. Күнұзақ Балғабек аға хақында шын жүректен шыққан талай лебізді естідік. Дегдар, текті тұлғаның қайсар, батыл, өткір, қара қылды қақ жаратын әділеттің ақ семсеріндей сезілетін мінез-құлқы жайында шегіне жеткізе айттыңыздар. Меніңше, бойында осындай қасиеттер қат-қабат ұялаған адам өмір-бақи өтірік айта алмайтын сықылды. Сондықтан да мен ол кісіні өтірік айтпаған, басқаны білсе де өтірік айтуды білмеген дегім келеді. Ақиқат жүрген жерде жалғандыққа орын жоқ. Менің әлгінде мегзеген – ашылмаған жаңалығым осы.
Қай нәрсеге болсын ой көзімен қараған сайын күрделене түссе керек.
Азат дәуір дабылы
«Социалистік Қазақстаннан» құрметті зейнет демалысына шыққан Балғабек аға қоғамдық-саяси жұмыстармен, бірыңғай шығармашылықпен бел буып, білек сыбанып құлшына кірісті. Көп уақытын ел ортасында өткізді. Жер жайында, тіл туралы, өнер хақында құлаш-құлаш өткір мақалалар жазды. Әрине мұның бәрі жүйкеге салмақ түсіріп, еңсеңді езіп шаршататыны да аян.
Бір жақсысы, осындайда қаланың көп қабатты үйінде қамалмай, іргедегі Алатау баурайындағы туған ауылға тартып кетеді. Кейбіреулер секілді қиналмайды да. Сөзі уәлі, қолы ұзын. Сүт пісірім уақытта жанға жайлы жасыл жұмақты кешіп шыға келеді. Осындай асығыс сапарында қасына Сапура жеңгейді ертіп туған елге зуылдайды. Жол-жөнекей саясаткер, сыйлас, пікірлес қарындасы санайтын Мәриям Жүйріктаеваны қосып алады. Қала шуынан әбден шаршаған Бәкең жасыл желекті белден кешіп, Суықтөбенің басына өрлейді. Сезімнің адамы емес пе?! Лезде көңілі сергіп, ойы қанаттанған ақынжанды жүрек ерекше толқып сала береді. Күйсандық-кеуде ыңылдап ән айтқысы келеді, күбірлеп тіл қатқысы келеді.
– Мәриям, мына көкорай түкті кілемді көріп келемісің. Қарашы, көз жеткізгісіз сон-а-у көкжиекке дейін гүлжайнап жатыр емес пе. Мына советтік қызыл заман болмаса, мына қызыл коммунистік партия болмаса, небір талшыбықтай бұралған бикештерді, татардың ақ балтырлы аруларын әкеліп армансыз шарлайтын-ақ жұмақ емес пе?! Шіркін, көз салшы маңайыңа! Тұнып-ақ тұр, тұнып-ақ тұр… Жап-жасыл фантазия аралы дерсің. Сұлулармен сайрандап, сұлулармен сырласар ғашықтар аралы ғой. Ә?..
Шабыты шалқып, қиялы самғаған Бәкеңнің ойын бұзғысы келмеген Мәриям:
– Иә, қандай тамаша! – дейді жадырап.
Осы кезде соңдарында жастық шағын есіне түсіріп, гүл теріп ілбіп келе жатқан Сапура жеңгей:
– Слава КПСС! Слава КПСС! – деп сыңғырлай күле беріпті, күле беріпті.
– Өй, жаным-ау, сен не айтып тұрсың? Мәңгі өлмейтін, өшпейтін көрінген күн көсем мен коммунистік партияның идеясын Тәуелсіздік толқыны тұншықтырғаны қаш-а-ан, – депті Балғабек аға мысқылдап.
Иә, азат үніміз саңқылдар жаңа дәуір дабыл қаққан.
Жанат ЕЛШІБЕК,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты