Руханият • 16 Қазан, 2019

Тағылымды тұлға

532 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жуырда белгілі қоғам қайраткері, ел алғысын арқалаған азамат Кеңес Әубәкір ағамыз сексен бес жасқа толды. Ағаны танығаныма қырық жылға жуық уақыттың жүзі ауыпты. Сағымдай бұлдырап қалған жылдар санамда естелік болып өріледі. 1982 жылы Торғай облыстық ауылшаруашылық басқармасының нұсқауымен Октябрь ауданындағы «Заря Коммунизм» кеңшарына бас экономист болып орналастым. Ел адамдарымен жақын араласып, туыстай сыйласып кеттім. Сонда басшылық қызметте жүрген азаматтар бұрын осы жерде еңбек еткен Кеңес Аманұлы туралы үнемі айтып отыратын. Жергілікті жұрт та қамқорлығы мен іскерлігін аузынан тастамайды.

Тағылымды тұлға

«Тектіден текті туа­ды» деген нақыл бар. Бұл кісі жоңғарлармен шайқаста ерен ба­тыр­лығымен көзге түскен Түгел батырдың жетінші ұрпағы. Батырдың тұң­ғышы Кенжеқарадан өрбиді. Батырдың есімі Павлодар, Көкшетау, Омбы, Ақмола аймақ­тарына кең тараған. Аға­­мыздың әкесі Аман қария: «Алла та­ғала Тү­гел батыр ұрпақ­тарына көсемдік пен ше­шендікті желісін үзбей егіз берген, тек соны елпілдетпей-жел­пілдетпей, берік ұс­тайтындай сана мен сал­мақ керек» деп айтып отырады екен.

1959 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл ша­руа­­шылығы институтын тә­мамдағаннан кейін алғаш­қы еңбек жолын талай тұғырлы тұлғалар қанат­танған Баянауыл ауданында XXI партсъезд совхозында агрономдықтан бастайды. Тың игеру жылы құрылған жаңа шаруашылыққа келген жас маман совхоздың іргетасын қалауға бар күш-жігерін жұмсады. Әрине, бір күнде совхоз құрыла салмайды. Көптеген қиыншылық кездесті. Алғашқы кезде киіз үйде тұрып жұмыс істеді. Соның бәрі қанатын қатайтып, шынықтырды. Осы қасиетті өлкеде шаңырақ көтеріп, балалары өмірге келді. Кеңес ағамыз Баянауыл жерін үнемі сағынышпен айтып отырады. Кейін Алматыдағы жоғары партия мектебін аяқтағаннан кейін жаңадан ашылған Торғай облысындағы Октябрь аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып барады. Астықты ауданда аз мерзім қызмет атқарса да жарқын із қалдыра білді.

Облыс басшылары Арқалық аудандық атқару комитетінің төрағасы етіп тағайындағанда, бұл шаруашылығы көпсалалы, астық алқабы мол, мал шаруашылығы да дамыған аудан еді, көкөніс өнімдерін өсіру де жақсы жолға қойылған. Облыс орталығында орналасқандықтан ауданда қызмет істеу оңай болған жоқ. Үлкен жауап­кершілік жүктелді. Соған қарамастан іскер маман шаруашылықтардың деңгейін көтеруге көп еңбек сіңірді. Мұны облыс басшылары да бағалап, оны Жангелдин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне жіберді. Бұл күре жолдан қиырда жатқан, түрлі тарихи оқиғаларды бас­тан кешкен киелі өлке. Қарт Торғайдың жүрегі десе де болады. Халқы өте еңбеккқор. Аудан эконо­микасы мал шаруашылығына негізделген. Жері шөлейтті аймаққа жатады. Бірақ шөбі шүйгін, суы мол, шабындығы аттың белуарынан келеді. Кеңес Аманұлы ауданға басшы болып келген күннен бастап экономиканы көтеру мен халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға күш салды. Алдымен Амангелді ауданына дейін жеткен тас жолды Жангелдин ауданына жеткізді. Екі жылда 145 шақырымдық тас жол салынды. Барлық ауылға электр желісі тартылды, теледидар жүйесі қосылды. Шаруашылықтарға көтерме жол салынып, емхана, мектеп, мәдениет үйлері бой көтерді. Ауданның топырағы құнарлы аймағынан Бидайық, Ы.Алтынсарин, Юбилейный атты астық өсіретін шаруашылықтар ашылды. Бұл малмен ғана айналысатын ауданда бұрын болмаған оң өзгеріс еді. Енді аудан өзін астықпен қамтамасыз етуге аяқ басты. Әрине, басты назар мал шаруашылығында болды. Таза қой шаруашылығымен айналысатын тағы бір «Аққұм» совхозы ашылды. Мал соятын, сүт өнімдерін шығаратын орындар іске қосылды. Малға жем-шөп дайындау проблемасы жолға қойылды. Кеңес аға басқарған жеті жыл ішінде шалғай жатқан өлке облыстың алдыңғы орындағы аудандарының қатарына қосылды.

Жангелдин ауданынан кейін Торғай облыс­тық атқару комитетінің бірінші орынбасары – ауыл­шаруашылық басқармасының төрағасы қызме­тіне жоғарылатылды. Торғай облысының солтүстік аудандарының топырағы құнарлы болып келсе, оңтүстік өңірлері шөлейтті аймаққа жатады. Бұл аудандардың даму деңгейлері де бірдей емес. Тың игеру жылдары солтүстік аудандарға мол қаржы құйылса, оңтүстік аудандар кенже қалды. Сондықтан басшылық облыстың екі аймағында қызмет атқарып, тәжірибе жинақтаған Кеңес Аманұлын ауылшаруашылық басқармасын басқаруға жіберді. Осы уақытта ауылшаруашылық маңайындағы алты сала бірігіп, агроөнеркәсіп комитеті құрылды. Біздің алғашқы таныстығымыз осы кезден басталды. Октябрь ауданында сов­хоз директоры болып жүргенімде мені өзіне шақырды. «Жәнібек, айналайын, қалың қалай? Сені сонау Мәскеуден келді деп естідім. Сен туралы басшылық жақсы пікір айтып жатыр. Қандай мәселе бар?» деп барлық жағдайды сұрап алып, содан кейін басты шаруаға көшіп: «Маған экономика жө­ніндегі орынбасар болып келесің бе?» деген ұсынысын айтты. Мен ағаның өтінішін құп алдым.

Кеңес ағамыз жаңа қызметінде алдымен ауыл шаруашылығын мамандандыруды қолға алды. Оңтүстік аудандарда ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу кө­бей­тілді. Өйткені одан түсетін қаржының кө­лемі де үлкен еді. Ауыл­шаруашылық сала­сын­дағы қолдау қорынан қаржы алып, аудандарға барынша көмек берілді. Нәтижесінде, мал ша­руашылығы алға дамыды. Астықты өңірлерге сол кездегі жаңа техника және технология тартылды. Экономикалық реформалар жүргізіліп, мердігерлік әдіс кеңінен еңгізілді. Кеңес ағаның өмірінде Торғай өңірінде өткен қызметтік жолы үлкен бір белес саналады. Қасиетті жердің топырағы тұлға ретінде түлетті. Осы жылдары Кеңес ағамен жақын араласа бастадым. Білімі терең, тәжірибесі мол, адамгершілігі зор азаматпен бірге жұмыс істеу маған үлкен қанат болды. Бір қарағанда, ағаның мінезі қатал болып көрінгенімен, бірақ арғы жағы жұмсақ, мейірімді адам екенін байқайсыз. Өмірде түйгені мол тұлғамен әңгімелескенде бір рухани байып қаласыз. Міне, алғашқы танысқаннан ағалы-інідей басталған сыйластық әлі күнге үзілген емес.

1988 жылы Торғай облысы таратылғаннан кейін Кеңес Аманұлы Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары болып жемісті қызмет атқарды. Қазақтың құт қонған қасиетті жерінде де ұйымдастырушылық қабілеті мен жаңашылдығынан танбады. Облыстың ауылшаруашылық саласына шетелдік әдістерді қолданды. Көкөніс өсіруге Израильдің тамшылатып суару әдісін енгізіп, голландиялық технологиямен картоп егуді қолға алды. 1994 жылы Та­раз қалалық сайлау округінен түскен тоғыз үміткердің арасынан жеңіске жетіп, он үшінші Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. Бұл уақыт еліміз үшін күрделі кезең еді. Егемендіктің елең-алаң шағы. Өндіріс тұралап, ауылшаруашылық саласының да күйі кете бастаған. Кеңес ағамыз депутат болып жүргенде ауылдағы реформаларды жүргізуге белсенді атсалысып, соғыс ардагерлерінің мәселелерін қозғады. Депутаттықтан кейін Жамбыл облысының үкі­меттегі өкілі болып, өңірдің дамуына үлесін қос­ты. Мәжілісте депутат болып жүрген жылдары Жамбыл облысына іссапарға бардым. Онда Кеңес Аманұлымен бірге жұмыс істеген азаматтар жылы лебізін білдірді, іштей қуанып қалдым. Әр адамның жүрген жерінде өнегелі ізі қалса одан асқан құрмет жоқ деп ойлаймын.

Кеңес ағамыз қазір жердің, халықтың, ұрпақ­тың қамын ойлап, алаңдап жүретін қазыналы қариялардың бірі. Еліміздің тыныс-тіршілігін бағып, оң өзгерістерді үнемі қолдап отырады. Бір кісідей тарихты да терең біледі. Тың деректерді де жинап, ізденіп жүреді. Әйгілі тұлғалардың нақыл сөздері, ойлары, кеңестері, ел тарихындағы таңбалы оқиғалар жылнамасы жинақталған «Аталардың ақылы, даналардың нақылы» атты тамаша кітап құрастырды. «Теңізден терген маржандар» атты жинағында мұсылмандық жол мен діни ұғымдарды және салт-дәстүрлерді халыққа жете түсіндіреді. «Елім – мектебім, халқым – ұстазым» атты кітабында бабаларынан бастап, ата-анасы, өскен ортасы, қызметтік жолы, дос­тары жайында тәрбиелік-тағылымдық мәні зор әңгі­ме өрбітеді. Ағамыздың өзі ол туралы: «Мен бұл кітапты жазушылық дарынымды көрсетейін, абы­рой, атақ іздейін деп жазып отырған жоқпын. Қызмет істеп жүрген кезімде шама-шарқыма қарай марапатталудың біразын көрдім де, ие­лендім де. Мен өмір жолым ұрпақтарыма естелік-шежіре болсын, жерді, елді танысын, замандастарым кімдер еді, олар қандай өнеге, тәлім-тәрбие қалдырды – соны жеткізуді мұрат тұттым, ал басқа да адамдар кітабымның ішінен рухани құндылықтардың дәнін теріп, дәмін татса – бәрекелді! Онда еңбегімнің еш болмағаны» дейді.

Жасынан имандылықты пір тұтып өскен азамат туған жері – Сілеті ауылына өз қаражатына мешіт салдырды. Тағылымды тұлғаның өмір жолында оған үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан жұбайы Сағила апамыздың да еңбегі зор. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қариялар бүгінде балаларынан өрбіген немере-шөберелерінің қызығына кенеліп, бақытты ғұмыр кешіп жатыр.

 

Жәнібек КӘРІБЖАНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері