Медицина • 17 Қазан, 2019

Медициналық сақтандырудың артықшылықтары

1057 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған алғашқы Жолдауында келесі жылдан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілетінін тағы бір мәрте еске салған болатын. Жаңа жүйе арқылы диагностикадан бастап қымбат отаға дейінгі медициналық қызметті алуға мүмкіндік тумақ. Осы орайда Қазақстандағы жетекші медицина ұйымдарының басшыларынан МӘМС-тің медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігіне қалай әсер ететінін сұраған едік.

Медициналық сақтандырудың артықшылықтары

Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу инсти­тутының директоры, профессор Нұрлан Батпеновтің айтуын­ша, міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру буындарды ауыстыруды қажет ететін жүздеген қазақстандықты аяққа тұрғызуға септеспек. Аталған инс­титутта жыл сайын сан алуан жарақаттармен және орто­педиялық аурулармен 12 мыңнан астам пациент ем алады. Жоспарлы түрде жылына 7 800 операция жасалады, оның 4 500-і – эндопротездеу немесе омыртқа операциясы сияқты жоғары технологиялық оталар. Ал едәуір бөлігі эндоскопиялық, яғни қансыз немесе ең аз тіліктермен жүргізіледі. Гиалинді шеміршек пластикасы бойынша тізе-иық буынының байланыстырғыш компонентін қалпына келтіру үшін күрделі операциялар да осы институтта ғана қолжетімді жаңа технология саналады. Өңір­лерде бұл әдістемелерді пайдалан­ғанымен, күрделі жағдайда нау­қасты институтқа жібереді. Осы­ған байланысты күту парағы қа­растырылған. Мысалы, тізе буы­нын протездеуге кезекте 3 мың­нан астам науқас тұр, олардың шамамен күту мерзімі – үш жыл. Жамбас буынын ауыстыруды 269 адам қажет етуде. Сондай-ақ 100-ден астам қазақстандық тексеру эндопротезін (қайталама операция) күтуде.

–Келесі жылы міндетті әлеу­мет­тік медициналық сақтан­дыру енгі­зілсе, кезек тезірек жылжи­тын болады, науқастарды да қам­ту көлемі ұлғаяды. Опе­ра­ция­ларды жасау үшін эндопротез­дер мен қажетті жабдықтар тү­гел болуы қажет. Әрине біз бұл тұрғыда жақсы қамтамасыз етіл­генбіз, дегенмен МӘМС жүйе­сінің енгізілуі арқылы қаржы­лан­ды­рудың көбейетініне үміт артамыз. Жаңа техника, құралдар, соңғы құрылғылар – протездер, бекіткіштер өте маңызды құрал­дар. Сатып алынған жабдық сер­вис­тік қызмет көрсетуді талап ететінін де ұмытуға болмайды. Техника еш ақаусыз 3-4 жыл жұ­мыс істеуі мүмкін, содан кейін оны жаңартып отыру керек, ал бұл үлкен ақшаны талап етеді. МӘМС шеңберінде сервистік қыз­мет көрсетуге арналған шы­ғын­дарды өтеу тарифтік саясат­тың бір бөлігі болуы тиіс. МӘМС жүйесіндегі оңалтуды қаржы­ландыру үш есеге жуық ұлғая­ты­ны­на қуаныштымын. Бұл – үлкен көмек. Өйткені бүгінгі таңда рес­­­публикада оңалту процесі нашар дамыған. Оны ретке келтіру үшін өңірлерде орталықтар құ­рып, мамандарды даярлау қа­жет. Біз түрлі жастағы, тіпті 90 жас­та­ғы ең күрделі патологиялары бар пациенттер үшін күресіп отыра­­мыз. Өйткені адамдар жыл­­дар бойы сырқатқа шыдап кел­ді немесе қозғалыссыз қалды, ал сауы­ғу барысында шешуші рөлді оңалту атқарады. Операция сәтті өткенде біз ұсыныстар бере­міз, алайда өңірлердің оның бәрін орындауға мүмкіндіктері жет­пейтіні қынжылтады. Сақ­тан­ды­ру медицинасы бұл кемшілікті жоюға мүмкіндік береді. Себебі МӘМС талаптарына сай болу үшін жұмыс форматын өзгерту қажет, – дейді Н.Батпенов.

Ал медицина ғылымдарының док­торы, кардиохирург Юрий Пя қоғам сақтандыру меди­ци­­на­сының маңызын түсіну қа­жет деп санайды. Себебі тегін меди­циналық көмектің кепілдік бе­ріл­­ген көлемін ұсынудың қазіргі жүйесі адамдардың мемлекетке тұтынушылық қарым-қа­тынасын қалыптастырды. Адам өз жағдайына өзі жауап бер­уі тиіс. Біреудің қамқор­лық жасағанын күтпей, өзін-өзі қор­ғап, денсаулығын қада­ға­ла­уы керек. Яғни кез келген уақытта көмектесуге дайын жүйе кере­наулық көңіл күйге апарып соқтырады, сөйтіп адам ден­саулығына салғырт қарай бас­тайды. Міне, осы себепті қоғамның сақтандыру меди­ци­на­сының маңыздылығын түсіну қажеттілігі туындады. Жүйенің сапалы жұмысын қамтамасыз ете алатын медициналық сақтандыру қоры міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс.

–МӘМС бірнеше аспектіге жа­ғымды әсер етеді. Біріншіден, бюд­­жетті ұлғайтуға болады. Бұл ­манипуляциялар мен опера­ция­лар жүргізу үшін заманауи дәрі-дәрмектер мен шығын материалдарын сатып алуға мүмкіндік береді. Екіншіден, қоғам­ның санасына әсер етеді. Әркім денсаулығының жағ­да­йы өз қолында екенін түсі­не­ді. Міндетті медициналық сақтан­ды­ру ұғымы адамдардың санасынан берік орын алған кезде, көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі мен сапасы да айтарлықтай жоғарылайды, сырқаттану төмендейді. Міндетті медициналық сақтандыруды пайдалану – қалыпты тәжірибе. Дамыған елдерде кеңінен қолда­нып келеді. Тұрғындардың салық­тары мен сақтандыру аударым­да­ры оларды сапалы және тиімді емдеумен қамтамасыз етеді. Түр­кияда 10 жылдай жұмыс іс­те­­­дім. Онда бірнеше жүйе бар: зейнетақы қоры, әлеуметтік сақ­тандыру, орта бизнесті сақ­тан­ды­ру және басқалары. Әр азамат сақтандырудың қандай да бір тұжырымдамасын таңдауға және полис алуға жарна жасауға құқылы. Олар сақтандырусыз бірдеңе талап ете аламын деп ойламайды. Сонымен қатар егер адамның қандай да бір зиянды әдеттері болса, мысалы, темекі шексе, онда ол одан да көп сома аударады.

Тайынша көпсалалы аудана­ра­лық ауруханасының бас дәріге­рі Анатолий Рафальскийдің ойын­ша, медициналық сақтандыру негі­зінен пациенттер үшін тиім­ді­­­рек.

–Қаржыны дұрыс бас­қа­ра отырып, жұмыс про­це­сін оңтай­ландырдық. Қазір сақ­тан­ды­ру медицинасын енгізуді күтіп отырмыз. Медициналық тегін көмектің кепілдік беріл­ген көлемі жыл сайын сақ­та­лып, кеңейіп келеді, бірақ меди­ци­налық сақтандыру көбірек мүм­­кін­діктер беруі тиіс. Біз же­тек­ші дәрігерлерді үнемі оқу­ға жіберіп отырамыз. Өйт­ке­ні адамдар маманды олардың тәжіри­бесі бойын­ша таңдайды, ал дә­рі­гер­леріміз сұра­нысқа ие болуы тиіс. Ме­дици­налық сақтандыру әріп­­тес­­терімізді жақын шет мем­­ле­­кеттердің клиникаларына жі­бе­­­ріп, өз тәжірибелерін шың­­дауға мүмкіндік береді. Ме­­ди­ци­налық сақтандыруы бар пациенттер үшін қалай қуан­бай­сың?! КТ, МРТ, УДЗ сияқты күр­делі талдауларға кететін шы­ғындардан құтылады. 2020 жыл­дың қаңтарынан бастап «Әлеуметтік медициналық сақ­тан­­дыру қоры» осы шығын­дар­­ды өзі мойнына алады. Менің ойымша, МӘМС біздің клини­ка­ға тұрақты өсу береді. Жаңа жылда инсульт орталығы мен оңалту бөлімшесін ашуды жоспарлап отырмыз, дейді ол.

Ұлттық нейрохирургия орта­лы­ғының жетекшісі, Қазақ­стан­ның Еңбек Ері Серік Ақшо­ла­қовтың айтуынша, сақтандыру медицинасының мүмкіндіктері кең. Сақтандыру медицинасында емделушілер, дәрігерлер мен клиникалар үшін шын мәнінде үлкен мүмкіндіктер бар. Медициналық сақтандыруды енгізгеннен кейін дәрігерлер операциялар санын шектемей, желілік емес бюджеттеу жүйесі бойынша жұмыс істей алады. Яғни дәрігерлер әлде­қайда көп па­­циенттерді қабыл­дауға дайын.

–Нейро­хирургиялық бөлім­­ше­лердің емделушілерін күту және оңалту өте маңызды. Өйт­ке­ні орталық жүйке жүйесімен манипуляциялар неврологиялық тапшылыққа, яғни сөйлеу немесе қозғалыстың бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін. Операцияның нәтижесі дұрыс оңалтуға тікелей байланысты. Бұл емнің соңғы кезеңі және оны емханадан шыққаннан кейін жергілікті жерлерде дәл сондай жоғары деңгейде жүргізу қажет. МӘМС оңалтуға да маңыздылық беріп отырғанына қуаныштымын, бұл көптеген процесті ретке келтірер еді, – деді білікті дәрігер.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу инсти­ту­тының директоры Диляра Қайдарова онкологиялық нау­қастарға да жаңа жүйенің артық­шы­лығы мол екенін жеткізді. Бас онкологтың айтуынша, Қазақстанда шамамен 185 мың онкологияға шалдыққан науқас бар. Жыл сайын 35 мың сырқат тіркеледі. Халықтың шамамен 60%-ы онкологияны ерте кезеңде анықтайды. Барлық қажетті емді науқастар тегін алады. Алайда, пациенттерге әлі де төлеп келе жатқан қымбат диагностикалық процедуралар бар. МӘМС аясында келесі жылы пациенттерді химиотерапия, таргеттік терапия процедураларымен қамтамасыз етуге, молекулалық-генетикалық зерттеулер жүргізуге 35 млрд теңге бөлінеді. Осының бәрі пациенттерге тегін жүргізілетін болады. Онкологтың жолдамасы бойынша пациенттер МРТ және КТ аппараттарында тегін тексеруден өтеді. Бұл ауруды бастапқы кезеңде анықтап, дереу емдеуге кірісуге мүмкіндік береді. Қазір Қазақстанда онко­ло­гиялық ауруларды қалпына кел­тіру мүмкіндігі – шамамен 50%, ал Еуропада бұл көр­сет­кіш – шамамен 70%. Жаңа диагностикалық мүмкіндіктер арқылы бұл көрсеткіш арта­ды. Қазақстандықтар өз денсау­лы­ғы­на бейжай қара­мау­лары және онколо­гия­лық аурулардың алдын алу, дер кезінде емделу үшін меди­ци­на­лық тексеруден ұдайы өтуі тиіс, дейді ол.