Форумның ашылуымен құттықтау алғысөзінде Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді осымен 12-рет өтіп жатқан «Орталық Азия – Оңтүстік Корея» форумының рөлін нығайтуға Қазақстанның көп күш салып жатқанын атап өтті. «Орталық Азия елдерінің Корея Республикасымен ынтымақтастығын дамытудағы айрықша қарым-қатынасымызға Қазақстанның форумға қатысу деңгейін Сыртқы істер министрлеріне дейін көтеруге бастама жасауы дәлел бола алады. Біздің ойымызша, «Орталық Азия – Оңтүстік Корея» форумының алаңы Корея Республикасының Орталық Азия елдерімен серіктестігін нығайтуда тиімді тетік қызметін атқармақ», деді өз сөзінде Мұхтар Тілеуберді.
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Орталық Азия елдерінің көпғасырлық ортақ тарихы мен мәдениеті мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен достықтың негізі саналатынын еске салды. Сонымен бірге Орталық Азияның қарқынды өсіп жатқан аймаққа айналғанын, бүгінде стратегиялық маңызға, жоғары адами және экономикалық әлеуетке ие екенін айтып өтті. «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі елдермен бауырластық қарым-қатынасты нығайтуға айрықша назар аударады. Біздің мемлекеттеріміздің көшбасшыларының тұрақты кездесулері жақсы дәстүрге айналған. Сенім мен серіктестіктің осы бір жоғары деңгейін ерекше бағалаймыз», деді М.Тілеуберді. Министр осындай форумдардың нәтижесінде мемлекеттер басшылары бесжақты әріптестік негізінде елдер арасында визасыз режім орнатып, серіктестіктің жарқын болашағына бастайтын жоспарлар құрылғанын еске салды. Оған қоса, Қазақстанның Корей түбегіндегі «бейбіт процесті» және Сеулдің корейаралық қатынастарды дамыту әрі өңірдегі шиеленісті төмендету саясатын қолдайтынын жеткізді. Еліміз үшін ядролық қарудан азат бейбітшілікке қол жеткізу басты басымдық саналатындығын баса айтты. «Қазіргі әлемде қарудың осынау түріне иелік ету үстемдіктің көрсеткіші болып саналмайды. Қайта жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіріп, халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастыққа кедергі тудырады. Осыған орай Орталық Азияда ядролық қарудан азат бірегей аймақтың құрылуы Корей түбегі өңірі үшін де үлгі бола алады», деді министр.
Жиын соңында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров 20 қыркүйек күні Оңтүстік Корея астанасы Сеулде жеті жасар баланы қағып кеткен 20 жастағы қазақстандықтың тергеу изоляторында екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір нақты шешім айтуға ерте. Отандасымызға қорғаушыны Корея тарапы ұсынбақ. Қазақстан консулының айыпталушымен және тергеушімен кездесетіні белгілі болды. Ақпаратқа сүйенсек, айыпталушы Кореяда заңсыз жүрген. Сонымен бірге Айбек Смадияров бүгінде баланың жағдайы қалыпты екенін хабарлады.