Жас ұрпақты сапалы білім, саналы тәрбиемен сусындату қай кезде де өзектілігін жоғалтпаған. Кезінде ата-бабаларымыз жас өренді туған елін, қасиетті жерін, оның баға жетпес құндылықтарын сүюге тәрбиелеуді басты ұстаным еткен. Осы рухани ұстаным бізді бүгінгі күнге жеткізді. Нақтылай айтқанда, тәуелсіз Қазақ елінің туын жықпай, алға бастайтын ұрпақтың негізін қалап кетті.
Қазіргі таңда жас ұрпақты азамат ретінде қалыптастыру барысында біз олардың бойларына жаhанданудың теріс ықпалдарын жұқтырмауды көздеуіміз керек. Осы арада ата-ана мен мектептің өзара байланысы шешуші рөл атқарады. Бұл еліміздің тұтастығына, кері әсер етуші ішкі және сыртқы күштермен күрестің тиімді жүргізілуіне оң ықпалын тигізеді.
Отансүйгіштік сезімнің басты нысаны – Отан, туған жер, табиғат, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, ұлттық игіліктер мен басқа құндылықтар. Ұлттық сана-сезім ана тілін білу, ел тарихына зер салу, төл мәдениетін игеру арқылы дамиды. Ана тілін білмейтін немесе оған атүсті қарайтын адам өзінің де, халқының да қадір-қасиетін бағалай алмайды.
Жалпы, адам бойында патриоттық сезімнің қалыптасуы, орнығуы отбасынан берілген ұлттық тәрбиеге байланысты. Ұлттық тәрбиемен сусындап өскен әрбір жас ұрпақтың дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өсетініне күмән жоқ. Сондықтан да ұлттық тәрбие – елдіктің ұстыны, болашақтың кепілі. Қазақтың ұрпақ тәрбиелеудегі жасампаз тәжірибелері бізге мәдениет, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр, халық шығармашылығы, ауыз әдебиеті, тұрмыстық фольклор арқылы жетіп отыр. Мәселен, «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөз содан қалса керек. Бабаларымыз перзентінің шыққан тегін білуі оның азаматтық, елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады деп санаған. Негізі атам қазақ балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын жаттатып қана қоймаған, олардың адами қасиеттерін, елі үшін жасаған еңбектерін, басқа да өнегелерін үлгі еткен. Сондай-ақ осы арқылы отбасы шежіресін жалғастыруды үйреткен. Осы арада айта кетейік, жеті атаға дейін қыз алыспау салты қанның тазалығына, яғни ұлттың таза болуына тікелей әсер ететіні медицинада дәлелденген.
Қазақтың салт-дәстүрлерінің ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі зор. Сондықтан ұрпаққа тәлім-тәрбие, білім беру ісінде ұлттық салт-дәстүрлерімізді кеңінен пайдалану өте маңызды. Бала санасына халқымыздың тәрбие қайнары, асыл қазынасы – салт-дәстүрлердің мән-мағынасын дұрыс жеткізе білсек, олар ұлтжанды азамат болып өседі. Қазақ шаңырақтарының осы іспеттес өнегелі тәрбие беру үрдістері жеке бастың мінез-құлқы мен рухани-мәдени құндылықтарын қалыптастырудың негізгі бастаулары болды.
Өскелең ұрпақтың білім мен ұлттық тәрбие негіздерін өзінің ұлттық мектебінен алғаны маңызды. Ұлттық мектеп, ол – ұлттық болмысқа негізделген рухта тәрбие беретін орын. Ол өзінің қызметін халқымыздың тамыры тереңде жатқан мәдени-рухани құндылықтары негізінде жүзеге асырғанда ғана оң нәтиже көрсетпек. Бұл өз кезегінде ұлттық сана-сезімі жетілген, ана тілін еркін білетін, ұлттық сипаты мен ұлттық рухын жоғалтпаған жас буынды тәрбиелеп шығаруға жол ашады.
Бүгінгі өзгерістер заманында тек білімді болу аздық етеді. Сондықтан біз жас ұрпақты рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, ар-ожданы мол, еңбекқор, бойына басқа да ізгі қасиеттер сіңген азамат болып өсіруге де күш салғанымыз абзал.
Айгүл ДАЛАБАЕВА