Қазақстан • 17 Қазан, 2019

Тәрбиелі ұрпақ – келешегі кемел мемлекет

2645 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық тәлім тәрбиенің іргетасын дұрыс қалай бiлу мұғалiмдер мен ата-аналардың ортақ ісі. Өйткенi бiрiншi кезекте ұлттық тәрбиенің ошағы – отбасы, одан кейін мектеп болғандықтан, қос тарап та жастар тәрбиесінде бірін-бірі үнемі толықтырып отыруы тиіс. Бұл бүгiнгi ұрпақты халқымыздың ұлттық құндылықтары негізінде тәрбиелеудің жалпыұлттық мiндет екенін айқындайды. Ал бұл міндет ұлтымыздың асыл қазынасын тиiмдi пайдаланудағы, салт-дәстүріміз мен мәдениетімізге құрметпен қараудағы жауапкершілігімізді арттырады.

Тәрбиелі ұрпақ – келешегі кемел мемлекет

Жас ұрпақты сапалы білім, саналы тәрбиемен сусындату қай кезде де өзектілігін жоғалтпаған. Кезінде ата-бабаларымыз жас өренді туған елін, қасиетті жерін, оның баға жетпес құндылықтарын сүюге тәрбиелеуді басты ұстаным еткен. Осы рухани ұстаным бізді бүгінгі күнге жеткізді. Нақтылай айтқанда, тәуелсіз Қазақ елінің туын жықпай, алға бастайтын ұрпақтың негізін қалап кетті.

Қазіргі таңда жас ұрпақты аза­мат ретінде қалыптастыру барысында біз олардың бойларына жаhанданудың теріс ықпалдарын жұқтырмауды көздеуіміз керек. Осы арада ата-ана мен мектептің өзара байланысы шешуші рөл ат­қарады. Бұл еліміздің тұтастығына, кері әсер етуші ішкі және сыртқы күштермен күрестің тиімді жүр­гізілуіне оң ықпалын тигізеді.

Отансүйгіштік сезімнің басты нысаны – Отан, туған жер, табиғат, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, ұлт­тық игіліктер мен басқа құн­ды­лықтар. Ұлттық сана-сезім ана тілін білу, ел тарихына зер салу, төл мәдениетін игеру арқылы дамиды. Ана тілін білмейтін немесе оған атүсті қарайтын адам өзінің де, халқының да қадір-қасиетін ба­ғалай алмайды.

Жалпы, адам бойында патриот­тық сезімнің қалыптасуы, орнығуы отбасынан берілген ұлттық тәр­бие­ге байланысты. Ұлттық тәр­бие­мен сусындап өскен әрбір жас ұр­пақтың дені сау, білімді, ақыл­ды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өсетініне кү­мән жоқ. Сондықтан да ұлттық тәрбие – елдіктің ұстыны, бола­шақтың кепілі. Қазақтың ұр­пақ тәрбиелеудегі жасампаз тәжі­ри­бе­лері бізге мәдениет, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр, халық шы­ғармашылығы, ауыз әдебиеті, тұрмыстық фольклор арқылы же­тіп отыр. Мәселен, «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөз содан қалса керек. Бабаларымыз перзентінің шыққан тегін білуі оның азаматтық, елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады деп санаған. Негізі атам қазақ балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын жаттатып қана қоймаған, олар­дың адами қасиеттерін, елі үшін жасаған еңбектерін, басқа да өне­гелерін үлгі еткен. Сондай-ақ осы арқылы отбасы шежіресін жал­ғастыруды үйреткен. Осы арада айта кетейік, жеті атаға дейін қыз алыспау салты қанның таза­лығына, яғни ұлттың таза болуына тікелей әсер ететіні медицинада дәлелденген.

Қазақтың салт-дәстүрлерінің ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі зор. Сондықтан ұрпаққа тәлім-тәрбие, білім беру ісінде ұлттық салт-дәс­түрлерімізді кеңінен пайдалану өте маңызды. Бала санасына хал­қымыздың тәрбие қайнары, асыл қазынасы – салт-дәстүрлердің мән-мағынасын дұрыс жеткізе біл­сек, олар ұлтжанды азамат болып өседі. Қазақ шаңырақтарының осы іспеттес өнегелі тәрбие беру үр­дістері жеке бастың мінез-құл­қы мен рухани-мәдени құндылық­та­рын қалыптастырудың негізгі бас­таулары болды.

Өскелең ұрпақтың білім мен ұлт­тық тәрбие негіздерін өзі­нің ұлт­тық мектебінен алғаны ма­ңыз­ды. Ұлттық мектеп, ол – ұлт­­тық болмысқа негізделген рух­та тәрбие беретін орын. Ол өзі­нің қызметін халқымыздың та­мыры тереңде жатқан мәдени-ру­хани құндылықтары негізінде жү­зеге асырғанда ғана оң нәтиже көр­сет­пек. Бұл өз кезегінде ұлттық сана-сезімі жетілген, ана тілін еркін білетін, ұлттық сипаты мен ұлттық рухын жоғалтпаған жас буынды тәрбиелеп шығаруға жол ашады.

Бүгінгі өзгерістер заманында тек білімді болу аздық етеді. Сондықтан біз жас ұрпақты рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, ар-ожданы мол, еңбекқор, бойына басқа да ізгі қасиеттер сіңген азамат болып өсіруге де күш салғанымыз абзал.

Айгүл ДАЛАБАЕВА