Біз шамамыз жеткенше, құшағымызға сыйғанша кең қамтығымыз келеді. Бірақ, еуроцентристік көзқарастағылардың қысастығы оған мұрша берген емес. Скифтерді көзімен көрген Геродот, көшпендіні көп зерттеген Гумилев, Бичурин, Страбондар скифтердің түркілердің арғы бабасы екенін жазудай ақ жазды. Бірақ, арғы-бергі дәуірдегі көптеген тарихшылар «сақтар – иран тектес халықтардың ата-бабасы» немесе «скифтер – байырғы славяндар» деген көзқарастарын тықпалап әлек. Тіпті әнеу күні интернеттен бір мақалаға дерек іздеп отырып орыс тарихшысы Ю.Д.Петуховтың «Евразийская империя скифов» деген ғылыми еңбегін байқап қалып, көз жүгіртіп өткенбіз. Петухов татар-монғол шапқыншылығы ойдан шығарылған оқиға дей келе, Вернадский мен Гумилевтің «Еуразиялық теориясын» сынға алады. Соңында: «Интерпретация «татаро-монгольского» ига, предложенная сторонниками «новой хронологии» (А.Фоменко и др.), пошла дальше. По Фоменко, никаких «татаро-монголов» вообще не было; под этим названием в средневековых источниках описана… часть российского государства» депті. Сосын «скифтер деген басқа емес, орыстар еді» деп нүкте қоюға талпынады. Мұны империялық пиғылдағы пенденің қысастығы деп түсінген жөн.
2000-жылдардың басында «Жас Қазақ» газетіне «Кет-Бұғаның соңғы жорығы» деген мақала жарияланды. Авторлары – танымал инттеллектуал жұп Таласбек Әсемқұлов пен Зира Наурызбаева. Осы мақаланы оқыған соң өзімді тапқандай, өзімнің болмысымды түсінгендей ерекше күйге түстім. Жас кезде біз шынымен де көп нәрсеге жіті мән бермейді екенбіз. Өзіміздің ерекшелігімізге, жақындарымыздың, қоршаған айналамыздың, ұлтымыздың ерекшеліктеріне мән бермек түгілі, ондай ой басқа да келмеген. Әлгі мақаладан кейін қазақтың өзге ұлттардан ерекшелігіне шындап назар аудара бастадық. Жай адамдардың алысқа қарап ойланып тұратын әдетінен бастап дүние ісіне селқостығы, көнбістігі, өлімге ерте дайындалатыны бірден байқалған. Дәл осы жерде қазаққа нақты сипаттама бергелі отырғамыз жоқ. Әдетін ғана шама жеткенше бақылаған түріміз. Ұнататынын, жақтырмайтынын немесе жек көретінін шамасы жеткенше дәл қазақтай ішінде сақтайтын халық жоқ шығар сірә? Көзбен ұғысу, ішпен түсіну, аз сөзге көп мағына сыйғызу да тек біздің болмысымызға лайық сияқтанып тұрады. Әйтпесе, «балаңның көзінше өзіңді дұрыс ұста» деген сықылды ақыл айту үшін өзге халықтар том-том кітап жазады, біз «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейміз. Бітті.
Әлгі мақалаға қайта оралайық. Оның авторлары көшпенділердің рухани биіктігін алтынға қарым-қатынасымен бағалаған. Жалпы, ақшаның сакральдік мәні, көшпенділердің құпия миссиясы туралы бұл мақалада Кет-Бұға әскерінің мысырлықтардан жеңілуі дүние жүзінің саяси ойындарына әсер етіп, нәпсісін тізгіндей алмайтын қара күштердің басымдық алып кетуіне алғышарт жасағанын болжайды. Бұл жерде авторлар көшпенділердің болмысы бағалы, рухы биік болғанын Орталық Азияның кшатрийлері, яғни, жауынгерлері түркі-моңғолдардың дүние ісінен биік тұрғандығымен түсіндірмек болған. Олардың абыздарға тән қасиеттері жайында да ой қозғайды. Әңгіме бірді-екілі адамдар туралы емес, жалпы халық жөнінде, оның ішінде біздің ата-бабаларымыз, олардың болмысы мен материалдық игілікке деген көзқарасы тұрғысында болғандықтан осы мақалаға ерекше ден қойып, санамыздың бір түкпіріне түйіп қойғамыз.
Сонымен «көшпенді феноменінің» сыры неде? Оның дәл қазіргі біздің өмірімізге қандай қатысы бар? Әрине, біріншіден, біз тарихшы емеспіз. Екіншіден, бұл жазбаны «технократ болыңдар» деп күнделікті құлақты жейтін пікірлерге қайтарылған жауап деп ұғыңыз. Біз техниканы, яғни, құралды пайдаланамыз. Оны болашақта өзіміз жасап шығаруымыз да мүмкін. Аз да болса қазірдің өзінде тәжірибелер бар. Бірақ, өкінішке қарай технократ бола алмаймыз. Технократ бола алмайтынымыздың қисынды себептері бар. Батыс адамы табиғаттан бөлінген сәттен бастап оларда сананың рационалдану процесі басталды. Бәлкім керісінше, рационалды ойлау жүйесі қалыптасқан соң олар табиғаттан бөлінді. Олар «техника дәуіріне» соңғы үш ғасыр бойы дайындалды. И.Бекманның «Технология бойынша жетекшілік немесе қолөнерді, фабрикалар мен мануфактураларды тану» деп аталатын еңбегі 1777 жылы жазылыпты. Құрал арқылы үстемдікке ие болу туралы ойлар Гегель мен Кантта кездеседі. Еуропалық философтардың индустриялдық қоғам мен постиндустриялдық қоғамға сипаттама беретін кез келген еңбегін ашып қарасаңыз «техника болмысы», «ақпараттық ғасыр», «техникалық ойлау», т.б терминдер көп кездеседі. Оның бәрі кеше мен бүгін емес, осыдан кемінде жүз-екі жүз жыл бұрын жазылған еңбектер.
«Көшпенді феномені» меніңше ішкі факторлар айқындалған кезде ашылмақ. Көшпендінің күшті, адал, рухты, жомарт, т.б қасиеттері туралы да көп оқыдық. Бірақ, айналып келгенде осы қасиеттердің бәрі белгілі бір тәртіппен, жүйемен сіңгенін болжау қиын емес. Көшпенділер, оның ішінде түркілер ешқашан да көпқұдайлы болмаған. Пұтқа табынбаған. Бұны эпосты, тарихты, мәдениетті зерттеп жүрген көпшілік ғалымдар басын ашып жазады. Яғни, исламнан бұрынғы дәуірлерде де монотеизм – бірқұдайшылық түркінің негізгі өмір сүру ұстанымы. Атақты Талас шайқасынан кейін біздің ислам дінін қабылдағанымыз белгілі. Осы кезден бастап біздің рухани әлеміміз байыған, жаңа қырынан ашылған. Рухани ілімді меңгерген кесек тұлғалардың мың жылға дейін нұр шашып тұрған сәулелі туындылары осы кезде дүниеге келген. Әсіресе Қарахан дәуірінің мұраларына көз жүгіртсеңіз, мұның ап-анық екені көрініп тұр. Атақты «Диуани-лұғат-ат түрік», «Ақиқат сыйы», «Құтты білік», «Диуани хикмет» шығармалары бұған нақты дәлел. Бұлар «Әлемдік деңгейдегі ақыл-парасат топтамалары» деп мақтанышпен айта алатындай дүниелер. Әсіресе, осы шығармалардың қолжазба күйінде де, тәржімаланған нұсқаларының да көп елден табылғаны біраз жайттың басын ашады. «Құтты білік» шығармасының өзі әлемнің он шақты елінен табылды. Бұл сол кезедгі ең мықты мемлекеттердің билеушілерінің «үстел үстіндегі кітабы» болғанын дәлелдейтін айғақтар баршылық. Осы заманда да шет тілдеріне ең мықты шығармалар аударылады. Ол заманда түркі тілі Еуразия құрлығындағы басым тілдердің бірі болғанына күдік келтірмесек те болғандай. Бұл шығармалардың өміршеңдігінің басты себебі – исламнан нәр алғандығында. Қарахан дәуіріндегі көшпенділердің дүниетанымын «Туркестан в эпоху монгольского нашествия» еңбегінде В. Бартольд мынадай мағынада сипаттайды: «Қарахандықтар үшін дін билік жүргізудің ғана құралы болған жоқ. Дін қағидалары мемлекет басындағылар үшін де міндетті болды. Олар шарап ішуден бас тартқан. Осы билеушілердің арасында діннің ықпалымен әділетті патша идеалын шын ниетпен жүзеге асырғысы келгендер болуы әбден мүмкін...». Алтын Орда дәуірінен қалған құжаттар арқылы да исламның тамыр жайып, адамдардың болмысына сіңгенін, тіршілігінің басты ұстынына айналғанын көруге болады. Мына бір мәтінге назар аударып көрейік : «Аллаға беріліп, оның игі ісі мен қайырым рақымына үміт артамын. Менің сөзім Қырым өлкесінің Құтлу-Бұқа басшылық ететін ел билеуші бектеріне, қазы, мүфтилеріне...» Тоқтамыс ханның Қырым өлкесінің басшысы Құтлу-Бұғаға арнап жазған хаты осылай басталады екен. Алтын Орда тағында 1467-1474 жылдары отырған Ибрагим ханның жарлығында «Менің сүргелі сөзім. Құдайдың ризалығы үшін, Алланың елшісі, Мұхаммедтің шапағаты үшін бұл өгсүз ұл, тұл қатынды азат тархан болсын дедік» деген жолдар кездеседі. Сондай-ақ «Ислам ілімін құрмет тұтқан барлық мұсылман елдерінде бір ғана құқық – шариғат құқығы әрекет етіп, заңдылық күшіне ие болуда. Мұсылман заң мамандарының көзқарасы бойынша шариғаттан басқа бір дәстүрлі құқықтың үстем болып ерекшеленуіне келіспейді» дейді мына бір мәтінде. Авторы – көшпенділердің құқықтарын көп зерттеген ғалым Н.Торнау. 1892 жылы жазған. Осы үзінділерді Қ.Омархановтың «Қазақтың дәстүрлі құқығы» дейтін кітабынан алып отырмын. Бұл кітапта көшпенді түркілердің, оның ішінде қазақтардың 99 принципі бар шариғат заңымен өмір сүргені жазылады. Сонда бағанадан бері айтып отырған «көшпенді феномені» түркілердің, оның ішінде қазақтардың рухани ілімді терең меңгергенімен тікелей байланысты дүние. Бұл дегеніңіз – жай кітап оқып қона кететін қасиет емес. Керек десеңіз адам баласы соншама кітапты оқып алып, миы шатасып кетуі де мүмкін... Ал кеңістікті игерген, жаратылыстың сырын ұққан, табиғаттың бел баласы атанған, бір Аллаға сыйынған көшпендінің болмысы рухани ілімді қабылдауға дайын еді. Сосын жүрек құтысы осы ілімге шүпілдеп тұрған жауынгер жер бетіндегі миссиясын да анық түсінді. Осы ілімнің арқасында қоғамда жүйелілік, тәртіптілік, берекелілік қалыптасты.
«Техника феноменін» жүйеге түскен ақыл-ойдың қуатымен түсіндірсек, «көшпенді феноменін» исламды тірек еткен рухани іліммен түсіндіреміз. Көшпенділердің Алланың Әділет заңына бағынуы да сол ілімді терең меңгеруімен байланысты. Әділет заңына бағынбаса, ханның да басы алынатын. Әділет заңына бағынғандықтан ең бай адам мен ең кедей адамның арасында сұмдық алшақтық болған жоқ. Байлар еріккеннен ойына келгенін жасай алмайтын. Үйлену тойында ауылдың үстінен ұшақпен ұшып өтіп, доллар шашу, үлкен қаладағы бір пәтердің құнына тең болатын торт жасату, туған күнін шетелдерден әртістер шақыртып тойлау осы замандағы көріністер.
Әрине, ол кезде де халық түгелдей рухани ілімді меңгерген еді деп нақты кесіп айту қиын. Бірақ, елге ұстын болған тұлғалардың, ағайынның, ауылдастың береке-бірлігіне жауапты ақсақалдардың барлығы игергенінде дау жоқ. Солардың инерциясы қоғамның бүкіл мүшесіне жеткілікті-тұғын. Елде бертінге дейін, яғни, Кеңес өкіметі орнағанға дейін әулие кісілердің көп болуын да Ұлы далада мың жылдан бері тамыры үзілмеген рухани ілімнің сәулет құруымен түсіндіруге болады. Сондай-ақ Ұлы далада ең көп дәріптелген тұлға – батыр. Ол да жай адам емес. Ата-анасы Алладан сұрап алған, ерекше қасиеттерімен дараланған перзент. Жаратылыстың сырын білетін ерекше перзент ғайыптың күшімен барлық кезде қара күштерден басым түсіп жатады. Қазақтың батырлар эпосын түгел оқыған адам батырдың қай-қайсысының да рухани ілімді меңгерген жан екенін бірден түсінеді. Жырауларға қатысты да осы сөздерді айтар ек. Ерекшелігі – олар өз атынан сөйлейді. Көшпендінің жауынгерлік рухы мен рухани ілімі дәл осы эпостар мен жыраулардың мұраларында «менмұндалайды». Өз басымыз қайталап оқыған сайын не деген биіктік, не деген рух, не деген тәуекел деп таңғаламыз. Қазтуған, Ақтамберді, Доспамбет, Шалкиіз жырларынан мысал келтірмей-ақ қояйық. Ол мұралардың қадір-қасиеті көпке аян. Сонда да болса осы жерге мына оқиғаны іле кеткім келеді. Түнеугүні жақсы араласатын бір достың үйіне жиналдық. Сонда сөз құнын білетін жігіттердің бірі шынайылық туралы әңгімелеп отырып, «бұрынғы ақындардың мәтіндерін оқысаңыз, олардың сөздеріне сенесіз. Сол мәтіннің ішінде олардың өздері бар. Не жазса да бойларынан өткізіп, сезініп жазған» деді.
Сөздің құны түскен, жоғарыға айтқаныңды өткізіп, бар екеніңді көрсету үшін бір мәтіннің астына қосақтап оншақты беделді адамның атын тізетін осы заманда дүниеден биік тұрған адамдар біз үшін басқаша өлшем екенін жасырып не етейік? Адам биіктеген сайын дүние, мал-мүліктің бейнелеп айтқанда аласара түсетініне дәл осы «көшпенді феномені» дәлел. Бүкіләлемдік Нәпсінің Қара күші аузын арандай ашып тұрған, өнер деген «бетпердесі» бар сексуалды индустрияның өрге шыққан, әлемдегі атақты қалаларда адамдар ақшаның сиқырынан ақыл-есінен адасардай халге жеткен қазіргі тұста біз де білім-ғылымды қару етіп, алға ұмтыла береміз. Бірақ, меніңше біздің меже – технократтық қоғам емес. Ұлы далада біз өз өркениетімізді жасағанбыз, өшпейтін ізіміз бар. Оған себеп болған ислами негіздегі рухани ілім біздің ендігі болашағымызға да сәулесін түсіруі тиіс...
Айгүл СЕЙІЛ