Аймақтар • 17 Қазан, 2019

Қарағандыда Жәния Әубәкіроваға ескерткіш белгі қойылды

187 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы «Шалқыма» концерт залында Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірованың шығармашылық кеші өтті. Қазақ музыка өнерінің көгіндегі жарық жұлдыз Қарағанды симфониялық оркестрімен бірге халықаралық «Әуенді Сарыарқа» фестивалінің ашылуында өнер көрсетті.

Қарағандыда Жәния Әубәкіроваға ескерткіш белгі қойылды

– Қарағандыға әрдайым ерекше сезіммен келемін. Классикалық музыкаға, менің шығармашылығыма деген сүйіспеншіліктеріңізге басымды иіп алғыс айтамын! Қарағанды оркестрімен бірге өнер көрсету мен үшін ерекше бақыт, – деді әлемге әйгілі музыкант.

Шығармашылық кеш барысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың өнер майталманына арнап жолдаған құттықтау хаты оқылды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек халық әртісіне алтын уақыт қиып, Арқаға келіп өнер көрсеткені үшін алғыс сезімін жеткізді. Сондай-ақ, ол Жәния Әубәкірова үшін Қарағанды облысының бөтен еместігін, оның әкесінің осы өңірдегі Шет ауданының тумасы екенін айта келіп, өнер жұлдызына шығармашылық табыс тіледі.

Концерттен кейін ауа райының қолайсыздығына қарамастан, «Кенші Даңқы» ескерткіші жанындағы «Жұлдыздар аллеясы»маңына өнерсүйер қауым көптеп жиналды.  Бұл жерде Жәния Әубәкірованың аты-жөні жазылған ескерткіш белгі салтанатты түрде ашылды.

Әйгілі музыканттың өзі толқынысын жасыра алмай, көрсетілген сый-құрметке шынайы алғысын білдірді. Зор тебіреністің үстінде тұрып, Қарағанды облысының өсіп-өркендеуіне тілектес екендігін жеткізді.

– Ұмытылмас сәт! Мұндай құрмет өнер адамдарын керемет қанаттандырады. Мен бақыттымын. Әрине, Қарағанды жерінде менің өнерім мойындалатыны – мен үшін ерекше марапат, ерекше мақтаныш. Бұл мен үшін аса қымбат. Шығармашылық, шабыт, жалпы өмірім үшін өте күшті серпін береді, – деді Жәния Әубәкірова ағынан жарылып.

Еске салсақ, Қарағандыдағы «Жұлдыздар аллеясы» 2007 жылы «Қарағанды – менің жастығымның қаласы» атты бірінші ретро-фестиваль аясында ашылған болатын. Мұнда бірінші болып халық әртісі Бибігүл Төлегенованың аты-жөні жазылған ескерткіш белгі қойылған. Сондай-ақ, аталған аллеяда Роза Рымбаеваның, «Дос-Мұқасан» ансамблінің, Қайрат Байбосыновтың, Ескендір Хасанғалиевтің, Мақпал Жүнісованың, Болат Сыздықовтың және басқа да мәдениет пен өнер қайраткерлерінің атаулы белгілері бар. Ал халық әртісі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Тұңғыш Президентінің Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығының лауреаты Жәния Әубәкірованың құрметіне арналған атаулы белгі «Жұлдыздар аллеясында» жағылған оныншы жұлдыз.

   

Қарағанды облысы