Негізі, «Қайырымдылық керуені» Жезқазған қаласында біраз жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан шарапатты шара. Меценаттың айтуынша, биылғы акция көпбалалы отбасыларға құрмет көрсетуді алдына мақсат етіп қойған екен.
– Негізі, бірнеше отбасының әлеуметтік жағдайын жан-жақты қарастырып, іріктеуден өткіздік. Олардың ішінде таңдау көмекке зәру болғанымен де, үйішілік ынтымағы айрандай ұйып отырған шаңырақтарға түсті, – деген меценат көпбалалы Ахметовтер мен Бейсенбаев отбасыларына «Егемен Қазақстан» газеті атынан әрқайсысы 100 мың теңге тұратын қалы кілемдерді тарту етті. Сондай-ақ, аталған отбасылардың балаларына маусымдық киім-кешек алғанға деп 100 мың теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, екі үйге жеміс-жидек пен азық-түлікке толы себеттер сыйға тартылды.
Биылғы «Қайырымдылық керуені» акциясы ел газеті «Егемен Қазақстанның» 100 жылдық мерейтойы аясында өткендіктен, меценат Бекзат Алтынбеков Жезқазған-Ұлытау өңірінің мәдени өміріне өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелеріне тамаша тарту жасады. Жомарт жүректен ұысынылған жеміс-жидек толы себеттен бөлек, 10 өнерпаз әженің әрқайсына бас басылымның бір жылдық жазылым купондары табыс етілді.
– Біз әжелеріміздің отбасында, жалпы қазақтың әр шаңырағында ел жаңалығын жеткізетін «Егемен Қазақстан» газетінің болғанын қалаймыз. Сол себепті алдағы уақытта да көмекке мұқтаж қарияларымыз бас басылымды жыл бойы оқып тұруы үшін газетке тегін жаздырып отыратын боламыз, – деді меценат.
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, облыстық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы, Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Бекзат Алтынбеков 15 жылдан бері қайырымдылық істерімен айналысып келеді. Жомарт жанның жақында ғана жоғары деңгейде өткен «Тұлға» сыйлығын тапсыру шарасы көп шаруасының бірі ғана. «Тұлға» демекші, меценат бұл сыйлықтың ресми түрде бекітіліп, арнайы дирекциясы мен қоры құрылып, алдағы уақытта ақпарат, өнер, білім салалары бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде тапсырылып тұратынын мәлім етті.
Еске салсақ, Бекзат Алтынбековтің жеке бастамасымен биыл тұңғыш рет өткен «Тұлға» сыйлығының тапсырылу салтанаты ел газеті «Егемен Қазақстанның» 100 жылдық мерейтойына арналды.
Қарағанды облысы