Қазақстан • 17 Қазан, 2019

Бензин қымбаттай ма?

415 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық  экономика министрі   Руслан Дәленовтің сөзінше  бүгін АИ-92 маркалы жанармайдың бір литрі 150 теңгені құрап отыр.

Бензин  қымбаттай ма?

«Ал оның акцизінің бағасы - 8 теңге. Бұл көршілес мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда аз. Жобаларымызға сәйкес акциздің ставкасын 10 теңгеге дейін арттыру керек», деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов

Жоба 1 желтоқсанда талқылауға ұсынылады. Одан соң 1 жарым айдан кейін шешім қабылданады.

Осыған дейін Энергетика министрі Қанат Бозымбаев көрші елдің жүргізушілері арзан бензинді көбірек алып кету үшін жанармай құю бекеттеріне қосымша ыдыспен келетінін айтқан болатын. Ол елден келетін  жүк тасымалдайтын транзиттік машиналар тіпті 3-4 тонналық қосымша бактармен жабдықталатын көрінеді. 

Сарапшылар үкіметтің ресми мәліметіне дейін-ақ бензин бағасының күзге қарай қымбаттайтынын айтып қойған. Олардың түсіндіруінше,  сұйық отын бағасын өсіруге бірнеше себеп бар.  Қазақстандағы  үш бірдей мұнай өңдеу зауыты қарыз ақшаға жаңартылып жатыр.

Оның шығынын жабу қарапайым көлік жүргізушілерінің есебінен жүргізілуі бек мүмкін.

Жанармай бағасының сәт сайын қымбаттауы қоғам үшін үйреншікті жайт болып кетті  Отандық сарапшылар жанармай бағасы алдағы уақытта да қымбаттай беретінін айтып отыр.

Елдегі бағаға әсер ететін фактор  көктемгі және күзгі егістік науқанымен ғана шектеліп отырған жоқ.

Қазақстандық сарапшы Ерлан Ибрагим 2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай нарығы қалыптасуы тиіс екенін айтады. Сол себепті , жанармай мен басқа да тауарлар бағасы баршаға ортақ болуы керек.

«Біздегі жанармай құнының Ресей нарығының бағамына жақындап келе жатқаны содан»,  дейді экономикалық сарапшы Ерлан Ибрагим.

Үкімет қолда бар  бензинді  сақтап қалу үшін  шекара арқылы автокөлікпен алып өтуге шектеу қоятын жаңа бұйрық әзірлеп жатыр.  Бұйрыққа сәйкес, отынды тек зауыттық бензин бактарымен тасымалдауға ғана рұқсат беріледі және қосымша тек 20 литрлік канистра алуға болады.

Қазір нарықта жанармай қоры жеткілікті.  Үкімет қосымша  Ресейден қажетті бензинді сатып алған. Бірақ бағасы қымбат.

Бұған дейін Энергетика министрі қазанның соңында  жанармайдың орташа  құны 160-161 теңге болады деп еді. Бүгін бізді одан да жоғары баға күтіп тұрғаны белгілі болды.

Шенеуніктердің болжамына сенсек, жанармай тек қарашаның ортасында аздап арзандауы мүмкін. Бір айдан кейін еліміздегі мұнай өңдейтін үш зауыт та іске қосылып, отандық бензиннің көлемі артады екен.

Бүшін  Астана мен Алматыда  АИ-92 маркалы бензин 157 теңгеден сатылуда.  Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта қазақстандық бензинге салынатын акциз көлемін екі жарым есеге арттыру жөнінде құжат әзірленіп жатыр. 

 

 

Алматы