Порттарды бірлесіп пайдалану маңызды
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ішінде Ресейдің ғана әлемдік мұхитқа шыға алатын теңіз порттары бар. Кезінде экономикалық одақ туралы шартты әзірлеуге қатысқан жұмыс тобы мүше мемлекеттердің теңіз, өзен порттары мен көлік терминалдарын бірге пайдаланатын ереже қабылдау туралы сөз болған-ды. Мұндай ұсыныс басқа-басқа емес, Ресей тарапынан жасалған еді.
Бірақ жеме-жемге келгенде әлемдік нарыққа шығуға жол ашатын порттарды бірлесіп пайдалану мәселесі әлі күнге дейін басы ашық әрі аса өзекті. Бұл проблема 2017 жылы Бішкектегі ЕАЭО басқосуында да айтылған. 2018 жылы Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев тиісті қаулының жобасын әзірлеу туралы өз үкіметіне тапсырма берген болатын. Олар бұл мәселені өздерінде талқылап, 2018 жылдың қыркүйек-қазан айларында қабылдауы тиіс еді. Алайда аталған құжат бүгінге дейін қабылданған жоқ.
Биыл да көмір экспортының төңірегіндегі дау тағы қозғалды. Бұл жолы ЕАЭО алаңында Қазақстан ғана емес, Қырғызстан да Ресейді Украинаға көмір тасуды шектеді деп айыптады. Қатты отын Ресей аумағы арқылы транзитпен жеткізіледі. Сарапшылардың түсіндіруі бойынша, Мәскеу экспорттық өнімнің бағасын белгілейді. Ресейдің Экономикалық даму министрлігі Украинаға біздің елден тасымалданатын көмірдің транзит көлеміне келіспей отыр екен. Маусым айынан бері көмір мен кейбір мұнай өнімдері Украинаға Ресейден Экономикалық даму министрлігінің арнайы рұқсатымен ғана жеткізілді.
Бұл проблема туралы «Коммерсантъ» басылымы өткен аптада жазды. Оның хабарлауынша, Ресей қазақстандық компаниялардың Украинаға транзиттік өтінімдерін толығымен үйлестіре алмағанын мойындап отыр. Қазақстан Үкіметінің хабарлауынша, отандық компаниялардың ай сайынғы шығын көлемі 11 млн доллар шамасында. Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Жәнел Күшікова журналистермен кездесуінде транзитті шектеуден Қазақстан экономикасына зиян тигені туралы дәлелдер бар екенін айтады.
«Қазір біздің Украинаға таситын көмір бұл елдің жекелеген бөліктерінде өндірілмейтінін, сұранысқа ие екендігін дәлелдеудеміз», дейді Сауда және интеграция вице-министрі Жәнел Күшікова.
Вице-министрдің айтуынша, Ресейдің көмірін Украинаға экспорттауға қойылған шектеулерге байланысты Ресейдің өзінің ішкі нарығында көмір көлемі көбейіп барады. Осыған орай жергілікті тұтынушылар қазақстандық көмірден бас тартуда. Ал Украина тасымалдың балама әдістерін пайдаланып, тығырықтан шығатын басқа жол тапты. Сөйтіп ресейлік тараптың бұл шектеуінен біздің көмір өндірушілер ғана зардап шегуде.
Қазақстанның көмір экспортына Ресейдің тосқауыл болып отырғанының салмақты себебі бар. Отандық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директорының орынбасары Максим Кононов жақында Алматыда журналистермен кездескен кезде ЕАЭО шеңберінде тиісті квота бөлінбеуінің салдарынан қазақстандық көмір өндірушілер Ресей арқылы Украинаға тасымалданатын транзиттің шамамен 60%-ынан айырылғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, биылғы шілде-қыркүйек аралығында қазақстандық көмір өндіруші компаниялар Украинаға Ресей арқылы 584,12 мың тонна көмірді жеткізетіні туралы алдын ала хабарлаған. Ресейдің экономикалық даму министрлігі 233,5 мың тонна ғана көмірді өткізуге рұқсат етіп, қалған 350,62 мың тоннаны шектеді. «Осының салдарынан Украинаға жоспарлаған транзиттің жиынтық көлемінің 60 пайызын апара алмады», дейді Максим Кононов.
Сарапшылар Қазақстанда өндірілген көмір ресейлік нарыққа бәсекелес бола бастағанын, сол себепті көрші ел аяқтан шалуға тырыса бастағанын айтады. Сөйтіп солтүстіктегі көршіміз 2030 жылға қарай көмір өндірісін қазіргі 400 миллион тоннадан жарты миллиард тоннаға дейін ұлғайту туралы шешім қабылдап, жоспар бойынша жұмыс істеп жатыр.
Тау-кен өндірушілер және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының басшысы Николай Радостовец мұндай шектеулер көмірге ғана емес, бидай тасымалына да қатысты екенін айтады. Сол себепті Қазақстан көмірінің Ресейдің теңіз порттары арқылы транзитті жеңілдетуге тиіс келісім жобасын жасауды былтыр бастаған. Бірақ бұл құжаттың да бастапқы нұсқасын Ресей қабылдамай тастапты. Және қарсылықтарының себебін қазақ жүк жөнелтушілеріне арналған тасымалдау және тиеп-жөнелту шарттары онсыз да ресейліктерге арналған шарттарға жуықтап қалғанымен түсіндірген. «Тасымалдау қуатының аздығы сезіліп жатқан кезде Қазақстанның көмір транзитін жылына 14 миллион тоннаға дейін арттыруы Ресейдің көлік инфрақұрылымына қосымша салмақ түсіреді. Бұл ресейлік көмір экспорттаушыларының бәсекеге қабілеттілігіне теріс ықпал етеді. Және бұл көмірлі өңірлердегі моноқалалардың еңбекке қабілетті халқының жұмыспен қамтылуы деңгейінің төмендеуіне соқтырады», дейді Н.Радостовец.
Сарапшылар Ресей бұл шешімге ұзақ дайындықпен келгенін айтады. Мәселен, 2019 жылы 18 сәуірде елдің премьер-министрі Дмитрий Медведев Украинаға көмір тасымалдауға шектеу қоятын қаулыға қол қойды. 2019 жылдың 1 маусымынан бастап сол қаулыға сәйкес Ресей аумағынан Украинаға мұнай, мұнай коксы, битум қоспалары, этан, бензол, толуол және тағы басқа тауарларды экспорттауға толық тыйым салынғанын, сонымен қатар Экономикалық даму министрлігі берген рұқсаттар негізінде экспортталатын тауарлардың тізімі (көмір, кокс, бензин, дизель отыны, пропан, сұйытылған газдар) бекітілгенін хабарлады. Осы шешімге сәйкес Ресей мен Қазақстанның өкілетті органдары арасында Ресейдің Экономикалық даму министрлігінің рұқсаты негізінде тауарларды шығару көлемін мақұлдау тәртібі әзірленді. Сарапшылар сол тәртіптің өзі қазақстандық компанияларды Ресей және Украина шекарасындағы түйткілдерден қорғай алмағанын айтады.
Қазір сұраныс азайып барады
Осыған дейін Қазақстаннан көмір экспорттап келген Еуроодақ елдері кейінгі жылдары газ бен балама энергия көздеріне басымдық бере бастады. Сарапшылар көмір өндірісінің қазіргі деңгейін сақтау үшін көмірді кешенді түрде әрі терең өңдеу бағдарламаларын кеңейту, одан дизель отынын және басқа да сұйық синтетикалық өнім алу жұмысын қолдау, сонымен бір мезгілде Еуроодақ нарығын алмастыратын нарық көздерін іздеу қажеттігін ескерте бастады. М.Кононов осы ретте Азия нарығының көмірге деген қажеттілігінің өсіп келе жатқанын айтады. Үндістанда, Индонезияда, Вьетнамда, Филиппинде, Малайзияда, Пәкістанда көмірге сұраныс өседі деген үміт бар. Максим Кононовтың айтуынша, ол елдер жаңа көмір стансаларын салуға көптеп қаржы бөліп жатыр.
Қазақстандық көмір өндіруші компаниялар Қытайдың Ляньюньган теңіз порты арқылы тасымалдауды жоспарлап отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары кезінде жылына 2 млн тоннаға жуық көмірді Қытайдың Ляньюнган порты арқылы Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне тасымалдау туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты.
Ляньюньган қазақстандық көмірді техникалық тұрғыдан қабылдауға дайын. Қытайлық логистикалық компаниялармен алдын ала жүргізген келіссөздерде Ляньюньган портында көмірді ауыстырып тиеу үшін техникалық және технологиялық мүмкіндік бар екендігін айтқан Максим Кононов қазақстандық көмір өндірушілер бұл бағытта жұмыс істеуге дайын дейді. «Шұбаркөл көмір» АҚ-тың осы транзиттік бағыт бойынша жылына 3 млн тоннаға дейін көмір экспорттауға шамасы жетеді. Бірақ бұл транзиттік бағытты ұйымдастыру үшін бірқатар заңды, тарифтік, техникалық және технологиялық мәселелерді шешу қажет. Қытайдағы темір жолдардың бәрі мемлекеттің меншігінде. «Қазақстан Үкіметінің көмегінсіз, бұл бағытта жұмыс істеу мүмкін емес. Қытай тарапынан да Үкіметтің кепілдігі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяуда Бейжіңге жасаған сапары кезінде қол қойылған келіссөздерде айтылған мәмілелерді жүзеге асырудың тетіктерін іске қосатын кез келді» деп сөзін түйіндеді М. Кононов.
Демек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан көмірін Қытайдың Ляньюнган порты арқылы Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне тасымалдау туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізуі ЕАЭО елдеріндегі көмір транзитіне қатысты проблеманы басқа қырынан шешуге көмектеседі деген сөз. Ендігі беталыстың нәтижесі Қазақстан тарапының табандылығына байланысты болып тұр.
АЛМАТЫ