«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, ТМД елдері темір жолдары желісінде 2019 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 1 млрд 506 млн тоннадан астам жүк тасымалданды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнің деңгейімен салыстырғанда 6%-ға төмендегенін көрсетеді. Десе де темір жол әкімшіліктерінің көпшілігі міндеттемелерін толық орындап отыр. Достастық елдері теміржолдарымен контейнерлік жүк тасымалы өткен жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда 14,3%-ға өскен.
Отырыс барысында мемлекетаралық түйісу пункттерінің жұмыстарын жетілдіру, контейнерлік құрамдар қозғалысының кестесін орындау, пойыздарды құрастыру және өткізуге байланысты, халықаралық қатынастағы жүктерді тасымалдауда ұйымдастыру жұмыстарын жақсарту жөніндегі шаралар айқындалды. 2020 жылға барлық жылжымалы құрам бойынша жүк вагондарын пайдаланудағы қазіргі мөлшерлеме көлемін сақтау туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ темір жол көлігі саласындағы нормативті-техникалық құжаттарын өзектендіру мәселелері қаралды. 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап жүк вагондарын жедел қайтару режімінде бұзушылықтарды есепке алу тәртібі туралы әдістеме және халықаралық жолаушылар қатынасына қатысты келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу күшіне енеді. 2019-2020 жылдарға арналған халықаралық қатынастағы вагон ағыны бағытының тәртібі, жүк пойыздары мен контейнерлі вагондарды құру жоспары, пойыздар қозғалысының кестесі бекітілді. 2019 жылдың 15 желтоқсанынан жүктердің бірыңғай тарифтік-статистикалық номенклатурасына өзгерістер мен толықтырулар іске аса бастайды. Сондай-ақ вагон мен жолаушылар шаруашылығына, жүктерді тасымалдау мәселелері бойынша бірқатар құжаттарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бекітілді.
Қабылданған шешімдер мемлекетаралық қатынастағы темір жол желісі қызметінің, жүктер мен жолаушылар тасымалының тиімділігін арттыруға, жылжымалы құрамды техникалық ұстап тұру, жөндеу жөніндегі жұмыстарды жақсартуға бағытталған.
Отырысқа қатысушылар 2019 жылдың мамырында өткізілген, жүк вагондарына номерлік санақ қорытындысын шығарды. Иран темір жол әкімшілігіне қауымдастырылған мүше статусы берілді. Биыл қазан айының соңында Таллинде өтетін алдағы XXVIII Тарифтік конференцияда қабылданатын 2020 фрахталық жылына халықаралық қатынастағы жүк тасымалында ТМД мүше-елдері темір жолдарының тарифтік саясаты туралы мәселе талқыланды. Жалпы, достастыққа мүше-мемлекеттердің темір жолы желісі бойынша жолаушылар мен жүк пойыздарының кедергісіз қозғалысын, темір жол көлігінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі 10-нан аса мәселе қаралып, келісілді.
«Егемен-ақпарат»