Бокс • 18 Қазан, 2019

Бурятияда барымызды көрсете алдық па?

190 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Таяуда ғана Ресейдің Улан-Удэ қаласында бокстан әйелдер арасында ХІ әлем чемпионаты аяқталғаны жайында біз бұған дейін де жазған едік. Бурятия Республикасының астанасында Қазақ елінің әнұраны шырқалмағанымен, қос қола медальді қоржынға салған сұлуларымыз айтулы жарыстың жалпыкомандалық есебінде Англия құрамасымен бірге 13-14 орындарды өзара бөлісті. Әрине бұл біз күткендей нәтиже емес еді. Сол себепті де жерлестеріміздің көрсеткішіне көңіліміз толды деп айта алмаймыз.

Бурятияда барымызды көрсете алдық па?

Бокстан әйелдер арасында әлем чемпионаты тұңғыш рет 2001 жы­лы ұйымдастырылды. АҚШ-тың Пенсильвания штатына қарасты Скрантон деп аталатын шағын ғана шаһарда жалауы желбіреген жарыс­та 12 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Жалпы есепте Ресей құрамасына тең келер ешкім табылмады. Олар 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медальді олжалады. 2 алтыны мен 2 қоласы бар Швеция екінші орынды иеленсе, Венгрия (1+4+0), Канада (1+1+7) және АҚШ (1+0+3) құрамалары үздік бестіктің қатарынан көрінді.  

2002 жылы Түркияның ең кө­рік­ті жерлерінің бірі ­– Анталияда өт­кен айқаста Солтүстік Корея (2+2+1) мен Украинаның (2+1+2) ару­лары алымды көрінді. Одан кейін­гі орындарға Ресей (1+1+3), Бе­ларусь (1+1+0) және Италия (1+1+0) жайғасты.

2005 жылы Мәскеудің іргесін­дегі Подольск қаласында ұйым­дас­тырылған жарыста жергілікті былғары қолғап шеберлері шашаларына шаң жұқтырмай, 7 алтын, 1 күміс және 4 қоланы еншіледі. Одан кейінгі сатыларға Канада (1+1+2), Үндістан (1+0+4), Венгрия (1+0+2) және Румыния (1+0+1) жайғасты.

2006 жылы Үндістанның астанасы – Нью-Делидегі додада Қа­зақ­станның бұрымдылары өз тарихында тұңғыш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл жүлденің иесі ­– Назгүл Боранбаева. Кезінде кикбокстан біраз белесті бағындырып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған қазақтың қайсар қы­зы боксқа да тез-ақ бейімделіп, 46 кило салмақ дәрежесінде қола медальді мойнына ілді. Ал коман­далық есепте мына елдің өкілдері ең үздік нәтижеге қол жеткізді: Ре­сей (3+0+3), Солтүстік Корея (2+0+1), Канада (1+0+2) және Түр­кия (1+0+1).

2008 жылы Қытайдың Нин­бо қаласында жерлестеріміз жоға­рыдағы нәтижесін қайталап, бір қола медальға иелік етті. Бұл жо­лы 70 кило салмақтағы Елена Коль­цованың бағы жанды. Өз жеріндегі жарыста Аспанасты елінің арулары (4+2+4) алдарына жан салмаса, одан кейінгі орындарды Түркия (2+0+2), Канада (2+0+1), Үндістан (1+1+2) және Солтүстік Корея (1+0+2) иеленді. Бір айта кетерлігі, соңғы үш әлем чемпионатында 13 салмақ дәрежесінің жүлделер жиынтығы сарапқа салынды. 

2010 жылы Барбадостың Бридж­таун қаласында Қазақстанның туы екі мәрте көкте желбіреді. 81 кило салмақтағы Марина Вольнова ақ­тық сынға дейін алқынбай же­тіп, шешуші тұста бразилиялық Ро­зели Фейтлодан ұтылса, 46 кило сал­мақтағы Назгүл Боранбаева қола медальді мойнына ілді. Кариб теңізі жағалауындағы аралда өткен жарыста мына мемлекеттердің бокс­шылары үздік нәтиже көрсетті: Ресей (2+1+0), Қытай (1+3+3), Сол­түстік Корея (1+1+0), АҚШ (1+0+2) және Үндістан (1+0+1). Сол кезден бастап, әлем чемпио­нат­тарындағы салмақ дәрежелерінің саны 10-ға дейін кеміді.

Бриджтаундағы көрсеткішті отандастарымыз 2012 жылы Цинь­хуандаода айна-қатесіз қайталады. Бұл бәсекеде аса ауыр салмақтағы Жұлдыз Маматқұлова күміс алса, аса жеңіл салмақтағы Назым Қы­зайбай қолаға қол созды. Осы та­бысының арқасында Қазақстан құрамасы командалық сайыс­та тұңғыш рет үздік ондықтың санатынан көрінді. Ал алдыңғы лектегі құрамалар мыналар:  Қытай (3+1+1), АҚШ (1+2+2), Ресей (1+1+7) және Англия (1+1+2).

2014 жылы Чеджуде алғаш рет Қазақ елінің әнұраны шырқалды. 48 кило салмақтағы Назым Қы­зайбай барлық қарсыласын қапы қалдырып, өзінің мықтылығын мойындатты. Ақтық сында алтын қызымыз үндістандық Саржубала Девиден басым түсті. +81 кило салмақтағы Ләззат Күнгейбаева күміс медальді қанағат тұтты. Финал­да ол ресейлік Земфира Ма­гоме­дәлиеваға жол берді. Оң­түс­тік Кореядағы жарыстың қорытын­дысы бойынша Ресей (3+1+1), АҚШ (2+0+1) және Қытай­ды (1+1+2) алға жіберген жерлес­теріміз төртінші орынға тұрақтады.

2016 жылы Қазақстанның ас­танасында өткен жарыс барша жанкүйердің жадында. Шаршы алаңда асқан шеберлік танытқан қазақтың бұрымдылары 4 алтын және 2 қола медальді жеңіп алып, жалпы есепте бірінші орынға көтерілді. Тарқатып айтсақ, Назым Қызайбай (48 кило), Дина Жо­ламан (54 кило), Валентина Халь­зова (69 кило) және Ләззат Күнгейбаева (81 кило) алтыннан алқа тағынса, Жайна Шекербекова (51 кило) мен Айжан Қожабекова (57 кило) үшінші орындарға табан тіреді. Қазақстаннан кейінгі үздік нәтижелер Қытай (2+2+2), АҚШ (1+1+3), Франция (1+0+1) және Ұлыбританияға (1+0+1) тиесілі.

2018 жылы Нью-Делиде Жайна Шекербекова (51 кило) күміс және Карина Ибрагимова (60 кило) қола медальді еншілеп, Қазақстан құрамасы Голландиямен бірге командалық сайыста үздік ондықты қорытындылады. Ал ең үздік нәтижелерге Қытай (4+1+0), Тайпей (2+0+0), Үндістан (1+1+2) және Германия (1+0+1) қол жеткізді.

Биыл Улан-Удэде өткен жарыс­та Қазақстанның ең белді былғары қолғап шеберлерінің барлығы да бақ сынады. Өкінішке қарай, солардың дені жарты жолға жетпей сүрінді. Мәселен, әлемнің екі дүркін чемпионы деген дардай атағы бар Назым Қызайбай (51 кило) тұсаукесер кездесуде жапо­ния­лық Цукими Намикиге есе жі­бер­ді. Былтыр дәл осы спортшы Нью-Делидегі дүниежүзілік дода­ның жартылай финалында біздің Жай­на Шекербековадан ұтылған еді.

Осыдан үш жыл бұрын Қазақ елінің астанасында жалауы жел­біреген әлемдік додада қола ме­дальді мойнына ілген Айжан Қо­жабекова (57 кило)  алғашқы айналымнан аса алмады. Ол Голландия спортшысына жол берді. Дәл сол жарыста алтын тұғырға көтерілген Дина Жоламан ширек финалда АҚШ боксшысы Никая Крепстен ұтылды. Рио Олимпиадасының қо­ла жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы Дариға Шәкімова (69 кило) Панамерика ойындарының жеңімпазы, америкалық Оша Джонстан жеңілді. Бір сөзбен айтсақ, Бурятияда жарыс жолына шыққан 10 боксшымыздың сегізі қалың топтың арасында қалып қойды.

Биылғы байрақты бәсекеде жүлде алу бақыты тек Мила­на Сафронова мен Дина Ислам­бе­коваға ғана бұйырды. 64 кило сал­мақтағы Сафронованың тәжіри­бесі өте зор. 28 жастағы боксшы осыдан бірер ай бұрын Бангкок­та ұйымдастырылған Азия бірін­шілігінде қола медальді иеленіп, оған дейін бірқатар халықаралық турнирлерде атой салды. Бастапқы бәсекелерінің барлығын жеңіспен аяқтаған Милана жартылай финалда италиялық Анжеле Каринидің осал тұсын таба алмады.

 +81 кило салмақ дәрежесінде айқасқан Дина Исламбекованың еліміздің әйелдер құрамасына қосылғанына аса көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан ол өзінің өрелі өнерімен көзге түсіп, төрткүл дүниенің мықтылары бас қосқан бәсекеде күш сынасу құрметіне бөленді. Бұл ретте 19 жастағы қазақ қызы ел сенімін ақтады. Дина Улан-Удэдегі доданы қола медальмен қорытындылады.