Руханият • 18 Қазан, 2019

Абай әндерін шырқап, өлеңдерін оқыды

499 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы қалалық балалар кітапханасы «Адамға мейірім мен жылулық сыйлайық» жобасы бойынша қызмет етуде. Қаладағы барлық мектептер, балабақшалар, колледж оқушылары – кітапхана оқырмандары. Олар кітапханада өтетін рухани, мәдени, әдеби шараларға жиі қатысады.

Абай әндерін шырқап, өлеңдерін оқыды

Ал жуырда өткен мәдени шараның бірі Абай әндері мен өлеңдеріне арналды.

– Мақсат – Абай атамыздың өлеңдерін ойын арқылы үйрету. Сонда оқушылар әр өлеңге мән беріп, мағынасын түсініп жаттап алады, – дейді №19 мек­тептің қазақ тілі мен әдебиеті пә­нінің мұғалімі Гүлзира Оңға­рова.

Мұғалімдері бастап келген 8 «а» сынып оқушылары «Нұр­­лы» және «Даналық» ат­ты екі топқа бөлінді. Ойын шарты бо­йынша балалар он аял­д­амадан өту керек. Бұл рет­­­те топ жетекшілеріне кар­та және аялдамадан өту құ­жаты берілді.

Оқушылар әр аялдамадан өткен сайын кезектесіп, Абай­дың «Қыс», «Күз», «Жаз», «Жазғытұрым» өлеңдерін жатқа айтып берді.

Сөйтіп «Аялдамаға аялда» ойыны арқылы айтылған өлеңдері Абайдың «Көзімнің қа­расы», «Айттым сәлем Қалам­қас» әндеріне жалғасты.

Шараға қатысушы Шара­пиден Аллажар «Көзімнің қара­сы» әнін орындады, ал Әзілхан Айым, Айжан Ибрагимова, Қали Алихан, Серік Арслан, Дильназ Тезекбаевалар Абайдың өлең­дерін, қара сөздерін мәнерлеп оқып берді.

Екі команда да «Біз Абай­ды білеміз бе?» атты сөз жұмбақ­тарды шешіп, сұрақ-жауаптар ойындарына белсенді қатысты.

Шара соңында ең көп өлең айтып, ән салған, сөз жұмбақ шешкен «Нұрлы» командасы жеңімпаз атанды.

Оқушыларды таңғалдырғаны – «Желсіз түнде жарық ай» әнін, Абайдың «Қара сөздерін» инно­вациялық қалам арқылы таңдап, тыңдады.

– Осы квест-ойындар, яғни ойнай отырып, ойлап жет­кізе білу арқылы оқушылар өзде­рі­нің Абай өлеңдерін, әнде­рін, өмірбаянын, шығар­ма­шы­лығын жақсы білетін­дік­терін өз білімдерімен көрсете ал­ған­дарына қуандық, – дей­ді кі­тапханашы Айнагүл Мағзұмова.

 Кітапхана қызметкерлері Айтжамал Қабылденова, Алма­гүл Айтмағамбетова, Жам­кей Дәуітханқызы «Самал» сауық­тыру орталығы, «Альрами» клуб үйі, ардагерлер клубы, Мү­гедектер мен қарт­тарға арнал­ған интернат үйі, этно­мәдени ор­талықтар, «Сау­ран» балалар ор­талығымен бір­лесе қызмет етуде.

Балаларға арналған қуыршақ театры, латын әліпбиін үйрететін «Ана тілі орталығының» бұры­шы бар.

Шара соңында «Абай әлемі» кітап көрмесі ұйымдастырылды. Абайдың өмірі мен шығарма­шылығына арналған бейнефильм көрсетілді.

 

ПАВЛОДАР