Хоккей • 18 Қазан, 2019

Тағы овертаймда ұтылды

207 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорданың «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) аясындағы кезекті тур ойынын «Барыс Аренада» Риганың (Латвия) «Динамо» командасына қарсы өткізіп, екінші ойын қатарынан овертаймда жеңіліске ұшырады.

Тағы овертаймда ұтылды

«Барыс» пен «Динамо» арасындағы ойын аса тартысты өтті. Кездесуді тамашалауға келген 5 мыңға жуық жанкүйер үш кезеңге созылған бәсекеде 7 голдың куәсі болды. Матчтың бірінші кезеңінде хоккейшілер бір-бірінің қақпасына шайба соға алмады. Екінші кезеңнің 25-минутында Рихардс Маренис мергендігімен көзге түсіп, қонақтарды есепте алға шығарды. Арада 6 минут өткенде «Барыс» сапынан Әлихан Әсетов есепті теңестіріп кетті. Кезең аяқталар тұста Лаурис Дарзиньш таблодағы көрсеткішті 1:2-ге жеткізді.

Үшінші кезеңде жерлестеріміз қарсылас команданың қақпасына екі шайба соғуға мүмкіндік алды. 41-минутта Роман Старченко қақпаны дәл көздесе, 54-минутта Әлихан Әсетов дубль авторы атанды. Қонақтар сапынан Картер Эштон бір голмен жауап қатып, есепті 3:3-ке жеткізді. Осылайша ойынның негізгі кезеңі тең есеппен аяқталды. Ал қосымша уақыттың үшінші минутында Кристапс Сотниекстің соққан шайбасының арқасында «Динамо» жеңіске жетті. Жерлестеріміз келесі кездесуін жексенбі күні Мәскеу облысының «Витязь» командасына қарсы өткізеді.