Қоғам • 21 Қазан, 2019

Балдаққа сүйенген тағдыр

250 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Статистикаға жүгінсек, қазіргі таңда Қазақстанда мүгедектікке шалдыққан 690 мың адам бар. Олардың ішінде еңбекке қабілетті жастағылар – 424 мың болса, зейнеткерлік жаста – 177 мың, 18 жасқа дейінгі балалар саны – 89 мың адам. Ал әрбір санның астарында адам тағдыры, талпынысы, күйзелісі мен өмірге құштарлығы қатар айқасып жатқаны анық.

Балдаққа сүйенген тағдыр

Табиғат жаратылысынан теперіш көрген жандарға «Біз сіз­дермен біргеміз!» деген сөз­бен сүйеп, шынайы демеу бола алатын ұжымдар бар. Мә­се­лен, «Азаматтарға арнал­ған үкімет» мемлекеттік корпо­ра­ция­сының Алматы филиалы қыз­меткерлерінің ұжымдағы мүге­дектігі бар әріптес­теріне айта­тын қолдау сөзі де осы – «Біз сіздермен біргеміз!».

Бүгінде филиалда бірінші топтағы – 6, екінші топтағы – 26, үшінші топтағы – 20, барлығы 52 мүгедектігі бар маман жұмыс істейді, олар­дың 42-і жоғары білімді. Мүге­дектігі бар азаматтарды жұ­мыспен қамту мәселесін корпорация басты назарда ұстап, қоғамның басқа топтарымен теңестіру мақсатында көптеген жағдай жасалған. Жұмысқа қабылдау үшін арнайы квота қарастырылып, сынақсыз жұмысқа алынады. Соның нәтижесінде бү­гін­де бөлімшенің фронт-кеңсе­лері мен бэк-офистерінде мүгедектігі бар жастар қата­ры­нан қалмай, халыққа сапалы қызмет көрсетіп отыр.

Үшінші топтағы мүгедектігі бар Бауыржанның Медеу аудандық фронт-кеңсесінде еңбек еткеніне бір жылдан асса, екінші топтағы мүгедектігі бар Темірланның келгеніне төрт ай болған. Екеуі де ұжымға тез үйреніп, әріптестерімен етене араласып кетті. Жұмысқа жаңа қабылданған жастарды жатсынбай, бауырға тартып, бар білгенін үйреткен әріптестері енді екі жігіттің алғырлығына, еңбекқорлығына тәнті.

Филиал басшысы Данияр Қырықбаев та өте еңбекқор, ізденімпаз, жауапкершілігі мол мамандарға дән риза. «Жас­тардың жұмысқа деген ынтасы, білімге деген құштарлығы қуантады. Бүгін­де олар өз үйренгендерін өзге­лер­ге үйрететін дәрежеге жетті. Қаладағы ЖОО-лар мен мекемелерде өтетін цифрлы қызметтерді үйрету жұмыстарының бел ортасында Бауыржан жүреді. Ал Темірлан болса, аз уақыттың ішінде жұмыстың қыр-сырын меңгеріп алды», дейді ол.

Темірлан да осындай ұжым­ға тап кел­геніне риза. «Біл­­мегенімді үйретіп, қол­ұш­ын беруге дайын жандар көп. Еңбегімді бағалап, көтермелеп отырады. Жұмы­сым қызықты, уақыттың қалай өткенін де байқамай қала­мын. Келгендер көрсеткен қызметіме алғыстарын айтқан­да, кәдесіне жарап жатқаныма қуанамын», дейді Темірлан Асубаев.

Осылайша бірлігі жарас­қан ұйымшыл ұжым мүге­дек­тігі бар жандарды «Біз сіз­дер­мен біргеміз» деп бауырға басып, енді «Біз бәріміз біргеміз, ыдырамас іргеміз!» деп ұрандайды.

 

АЛМАТЫ