Экономика • 19 Қазан, 2019

Солтүстік Қазақстанда ет өндірісі кластері құрылады

453 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бурабай баурайында еліміздің солтүстігінде ет өндірісі кластерін құруға арналған «Дамудың жаңа аймағы: Макинск» атты бизнес-форум өтті.

Солтүстік Қазақстанда ет өндірісі кластері құрылады

Жиынға қатысқан Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Макинск қаласының қарқынды дамып келе жатқанын сөз етіп, өңірдегі инвесторларға барынша қолдау көрсетілетінін айтты. «Макинск қаласында құс фабрикасын салу шешімі қабылданғаннан кейін өңір дамудың жаңа сатысына шықты. Орталық Азиядағы ірі құс фабрикасы жылына ауқымды деңгейде құс етін өндіру арқылы өңірге 46 млрд теңге инвестиция құюға мүмкіндік берді. Нәтижесінде 900-ге жуық жұмыс орны ашылып, аймақтағы әлеуметтің айлық жалақысы 30-35%- ға артты», деді Ермек Маржықпаев.

Сондай-ақ облыс әкімі елдегі астық пен ет өнімдерінің төрттен бір бөлігі еліміздің солтүстігінде өндірілетінін атап өтті. «Өңірдегі тауар өндірушілер тек аймақтың қажеттілігін ғана емес, жақын өңірлерді де қамтып отыр. Мәселен ет, сүт, жұмыртқа, ұн, картоп сынды өнімдерді елордаға жиі жеткізіп тұрамыз», деді ол.

Бұдан әрі өңірде мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғаны айтылды. Әкімнің айтуынша, бүгінде облыста 43 ет өндіретін компаниялардың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. 2019 жылы Австралия, Чеxия және Ресей Федерациясынан 6 мың ірі қара әкелінген. Сондай-ақ өңірде 5000 тонна шошқа етін өндіретін ірі экспорттық жоба жүзеге асырылуда. Өңірдегі 4 ірі құс өндіріс орындары жылына 800 млн дана жұмыртқа өндіреді. Олардың өнімдеріне тек Қазақстан ғана емес, бүгінде көршілес елдерден де сұраныс артып отыр. Мәселен көпке танымал «Қазгер-Құс» компаниясы Ауғанстан, Тәжікстан сынды тағы да басқа көптеген елдерге өз өнімдерін тасымалдайды.

Сондай-ақ жиынға қатысқан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сыртқы істер министрлігіне экспорттың әлеуетін арттыру жұмыстарын жүктегенін айта келе, елорда аймағында азық-түлік белдеуін құру бойынша жұмыстар өз деңгейінде орындалып жатқанын айтып өтті. «Бүгінде Ақмола облысы құс етінің импортын толық қамтамасыз етіп отыр. Қазақстан жылына 3 мың тонна құс етін пайдаланып отыр. Бұл дегеніміз елге өзге елдерден кіретін тауарлардың импортын азайтады деген сөз», деді вице-министр.

Сондай-ақ Ермек Көшербаев елге инвестицияларды тартуда барлық мемлекеттiк органдар мен бизнес саласындағы кəсiпкерлер жұмыла жұмыс істеуі тиіс екенін айтты. «Инвестиция тарту жɵнiнде Сыртқы iстер министрлiгi, ұлттық компаниялар жəне ɵзге де мемлекеттiк органдар үлкен жұмыс атқарып жатыр. Біз 2018 жылы 24 млрд доллар кɵлемiнде инвестиция тарттық. Оны 5 жыл iшiнде 34 млрд долларға жеткiзуiмiз керек. Сол деңгейге жеткенде оны декомпозициялауымыз қажет. Қазiр осы мəселеге қатысты құзырлы мекемелермен бiрлесiп жұмыс iстеп жатырмыз», дедi вице-министр.

Жиын соңында «Aitas KZ» АҚ Ақмола облысы әкімдігімен және Түркияның «Cukurova» компаниясымен бірлесіп жұмыс істеу мақсатында меморандумға қол қойды. «Бұл меморандумға қол қоюмыз біз үшін ең үлкен жетістік. Алдағы 3 жыл ішінде Макинск қаласына 150 млн доллар инвестиция құйып, ет өндірісін 120 мың тоннаға дейін ұлғайтамыз деген жоспар бар. Меморандумда тек бизнес қана емес, сондай-ақ онда әлеуметтік маңызды сұрақтар да қарастырылған. Яғни орта, кіші бизнеске қолдау, жаңа жұмыс орнын ашу, білім, мәдениет сынды салаларға қолдау көрсетіліп,  2000-ға жуық жұмыс орны ашылады»,  деді «Aitas KZ» АҚ бас директоры Серік Толықпаев.

Өз кезегінде сөз алған, Түркияның «Cukurova» компаниялар тобының бас директоры Иса Доганлы жобаны жүзеге асыру 4 кезеңнен тұратынын атап өтті. «Алдағы 5 жылда Макинск қаласымен бірге жұмыс істеуге келістік. Бұл жобаны жүзеге асыру 4 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде біз гофрокартон жеткізуді қамтамасыз етеміз. Кейінірек Қазақстанға гофрокартон жасайтын арнайы машиналар әкелінеді. 5 жылдан кейін 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады. Бұл жобаның құны 40 млн долларды құрайды», деді ол.