Руханият • 21 Қазан, 2019

Күлкі керуені № 5

4593 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Күлкі керуені № 5

Қоңыз-күйік

Сары қоңыз тезек кеміріп тырбаңдап жүріп, Қара  қоңызға қалай айналып кеткенін сезбей де қалған.

Үскіріктен қорынған  Қара қоңыз қораға тұмсығын тығып, қалғып отырған-ды. Әлден уақытта тосын дыбыстан шошып оянып, басын еріксіз көтеріп еді, самғап бара жатқан Сұңқардың көлеңкесі көзіне түсті. Қызғаныштан қаны қарайып, күйіп кеткен ол:

 – Апырай, анау қай жердегі қиды іздеп барады, ә? – деп көлеңкенің соңынан аптыға ұмтылып еді, ебедейсіз денесіне ие бола алмай, тезектің қуысына домалап түсті.

«Әркім өз деңгейімен өлшейді» деген осы екен ғой.

 

Қаңбақ

Жел қуған Қаңбақ домалап келе жатып,  жол-жөнекей сексеуілдің бұтағына қыстырылып тұрып қалды. Шағыл үстінде тиянақтап бұта таппай қаңғалақтаған өзге қаңбақтарға пандан қарап тұрған ол:

 – Қонарын сай білген тұрақсыз байғұстар-ай, – деп мұқата жымиды.

Шырмауық

Бұта біткенге оратылып тіршілік етіп жүрген Шырмауық Шынарға кездескенде біржолата айрылмастай боп балағына жабысқан. «Әлсіз» деп кері итермей, мүсіркей қарап Шырмауыққа жаны ашыған Шынар сүйемелмен біртіндеп оны бел ортаға көтерді .

Шыр біткен Шырмауық ағаштардың қайсы біріне менсінбей төбеден қарайтынды шығарды. Күндердің күнінде өзі оралып тұрған Шынардың ұшар басына көзі түсіп:

– Маған тіркеліп күн кешіп тұрып, мына Шынар көкке қарай неге сонша шаншиды-ай, – деп өз-өзінен жұлқынғаны.

 Әлде, бетім-ай.

Қоңыздың қағидасы

Қара қоңыз әр қидың айналасын жағалап, шетін кеміріп,  әрі-бері көп жүрді.  Домалатып кетуге ыңғайлы, жеңіл-желпі шетке шыққан түбіршегін таба алмай терге малынып шаршағанда айналасындағыларға мынадай ұсыныс жасады:

 –  Сиыр деген дөңкиген, пайдасы аз. Сенімді  ақтамайтын жұқсыз жануар. Жапалары жалпиған, сиықсыз. Оның үстіне тіс батпастай боп беті қабыршықтанып, күн түссе оп-оңай қатып қалады. Сол себептен қиының пайдасыздығын ескеріп, сиырды мал қатарынан шығару керек.

 

Қарғаның пейілі

Бұта сайын иемденіп, ұя салып, қанаты жалпылдап тыным көрмей жүрген Қара қарға шың басына қарай  самғап бара жатқан Сұңқарды көргенде көз айырмай қадалып қалды. Одан соң тұмсығын сумаңдатып алдындағы шөп- шаламның арасын шоқып-шоқып алды да, қасындағы Сауысқанға қарап:

 – Осы күні бізден өзге құс біткеннің бәрі қу... Ананы көрдің бе, – деді Сұңқарды меңзеп. Біз ұя салар шың басын өзі иемденіп алмақшы...

 

Леп белгісі мен сұрақ белгісі

Леп белгісі: «Басың қазандай, сирағың шидей, имиіп алып сұраудан жалықпайды екенсің өзі».

Сұрақ белгісі: «Сына бойың сыйдиып, іліп алар лыпаңның жоқтығына қарамай сен де лепіресің-ақ».

 

Мағрипа ЖЫЛҚЫБАЕВА