Қоғам • 22 Қазан, 2019

Көрші хақысының бірі – келісім

11 реткөрсетілді

Ресейдің Челябі облысы мен Қостанай қашаннан ауылы аралас, қойы қоралас, іргелес жатыр. Сондықтан экономикада да, әлеуметтік-мәдени салаларда да екі облыс үшін алыс-берістің мәні ерекше.

Челябі облысының губернаторы Алексей Текслер бастаған үлкен делегацияның Қостанай облысына келу мақсаты да қатар жатқан екі өңір экономикасының дамуына, туризм мен мәдени салалардың жандануына ықпал ету болатын.

Әдетте, көршілер арасындағы байланыс алдымен экономика флагмандарынан басталаты­ны белгілі. Өндіріс оларда да бар, ал біздің кеніштер қашаннан ірге­дегі Магнитогорск металлур­гия комбинатының негізгі әріп­тесі болып саналады. Екі облыс арасындағы тауар ай­на­лы­­мының да негізгі бөлігін Со­ко­лов-Сарыбай кен өндіру бір­лес­тігі шығаратын темір кені құ­райды. Қазір Қостанайда өңдеу өнер­кә­сібі дамуға бағыт алған. Оның кө­шін машина құрастыру за­уыт­­тары бастап отыр. Челябі бұл орай­да да Қостанайға әріп­тес, одан біздің зауыттар машина бөл­­­шек­­терін, құрамаларын алады.

Делегация Қостанай қаласын­дағы салтанаты сырттан келген қонақтарға таңдай қаққызатын жаңа зәулім «Жастар сарайына» келді. Қонақтар құрқол емес еді, осындағы челябіліктер алып келген көрмелер жалпы жұртшылықтың да, Қостанай облысы кәсіпкерлерінің де назарын ерекше аударды. Жалпы, Че­лябі облысының бүгінгі бейне­сін, экономикадағы, әлеумет­тік саладағы, туризм бойынша әлеуетін көрсететін фотокөр­менің жанына жұртшылық көбірек тоқтады. Туризмнің «шақырт­қысы» қолөнер шеберлері мен «Увельды» санаторийінің мамандары туристерді тартудың сырын ұғып қалғандай.

 Кездесуде екі облыстың атқа­рушы билік органдары мен бизнес қоғамдастықтары арасында бірнеше меморандумға қол қойылды. Алдымен Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі мен Магнитогорск металлургия комбинаты, «СарыарқаАвтоПром» машина құрастыру зауыты мен «Сухой порт Южноуральский» зауыты арасында меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар Қостанай облыстық дене­шынық-

тыру және спорт басқар­масы мен Челябі облыстық дене­­шынық­тыру және спорт минис­трлі­гі, Қостанай облыстық ақпарат­тандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер бас­қар­масы мен Челябі ақпа­рат­тық технологиялар министрлігі арасында да осындай келісім жасалды.

– Көршілерміз, қашаннан  тамырласып қалған. Ал осындай кездесулер біздің досты­ғы­мызды нығайтады, экономи­калық, мәдени байланыстарымыз­ды күшейтеді. Екі облыстың тауар айналымы үлкен, бірақ оған тоқ­мейілсімей, алға жылжу керек, – деді Челябі облы­сы­ның гу­бер­наторы Алексей Текс­лер. Екі облыс көрші ғана емес, эко­но­­­ми­када бір-біріне стр­а­те­гия­лық әріптес те болып келеді. Оны Қос­танай облысы­ның әкі­мі Архимед Мұхамбетов нықтап айтты.

– Челябі облысы бізді көп салада қызықтырады. Мысалы, қазір тек Қостанайда ғана емес, «Нұрлы жол» бағдарламасымен жалпы елімізде тұрғын үй құ­ры­лысы қарқынды жүріп жатыр. Ал Челябіде мұнаралы кран шы­ғаратын кәсіпорын бар. Ол бізге өте қажет. Сонымен қатар мәде­ниет, ауыл шаруашылығы сала­ларында да көршіден аларымыз да, береріміз де бар. Оларда ту­ризм де жақсы дамып отыр, – деді Архимед Бегежанұлы. Иә, ше­ка­раның арғы бетіндегі «Увель­ды» санаторийіне жылына 2 мың қос­танайлық барып демалады екен.

Челябі облысы – Ресейдің эконо­микалық қуатты, бюдже­тінің қомақты бөлігін беретін об­лыстарының бірі. Делегация құ­рамында келген Оңтүстік Урал өнеркәсіп палатасының пре­зиденті Федор Дегтеревтің айтуына қарағанда, Челябі үшін Қазақстан стратегиялық серіктес болып саналады. Оның тауар айналымының төрттен бірі Қа­зақ­станға тиесілі. Алайда Челябі облысынан бізге өңдеу кәсіп­орындарының өнімі келсе, Қос­танайдан әлде де шикізат алынады. Ауыл шаруашылығынан да шикізатты көздейді.

– Челябіде өнімін Еуропаға, оның ішінде Италияға жіберетін аса қуатты макарон кәсіпорны бар. Оған қатты бидайды біз Қос­танайдан аламыз, – дейді Федор Дегтерев.

Қостанайдан да Челябіге қат­ты бидай емес, ұн, ұн ғана емес, ма­карон жөнелтетін күндер туар деген ойға келеміз. Ол үшін көр­шіден үйренудің де сөкеттігі жоқ.

Кездесуден кейін Челябінің атақты «Урал» би ансамблі мен қос­танайлық өнерпаздардың қа­тысуымен үлкен концерт болды.

 

ҚОСТАНАЙ

Соңғы жаңалықтар

Тапа тал түстегі қарақшылық

Аймақтар • Бүгін, 17:27

Арымас абырой

Руханият • Бүгін, 08:14

«Жыр мұра» жастарға жол ашты

Аймақтар • Бүгін, 08:04

Көнеден келген көнек

Руханият • Бүгін, 08:01

Қарауылтөбеге табиғи газ жетті

Аймақтар • Бүгін, 07:56

Асыл мінездің үлгісі

100 • Бүгін, 07:53

Шымбұлақ шаңғы маусымын ашты

Қысқы спорт • Бүгін, 07:36

Атбасар

Руханият • Бүгін, 07:32

Азаматтық мәселелері талқыланды

Президент • Бүгін, 07:20

Органикалық өнімдер нарығы

Экономика • Бүгін, 07:14

Ұқсас жаңалықтар