Руханият • 22 Қазан, 2019

«Елтану» – ертеңшіл жоба

1115 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Өз өлкең­ді таны» жобасы аясында республикалық «Елтану» турис­тік-өлкетану экспедициясын елімізде алғашқы болып ұйымдастырды.

«Елтану» –  ертеңшіл жоба

«Рухани жаңғыру» бағдарла­ма­сы бойынша дүниеге келген бұл жобаны құрамында Қараған­ды облыстық этномәдени орталық­тардың өкілдері, «Жаңғыру жолы» қозғалысының жастары, ғылыми-сараптамалық топтың мүшелері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, журналистер бар барлығы 23 адамнан тұратын экспедиция іске асырды.

Жоба жетекшісі – Қарағанды об­лы­сы әкімі аппаратының «Қоғам­дық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын айтқандай, экспедиция мүшелері қатаң іріктеуден өткен екен. Мысалы, жобаға қаты­су­шылардың дені қоғамдық өмір­де белсенді позицияға ие, әлеу­меттік желілерде мыңдаған оқыр­мандары бар ойлы жастардан құ­рал­ған. Сондай-ақ экспедиция құ­рамында мемлекеттік тілді еркін меңгерген, түрлі байқауларда оза шауып, жүлде алып жүрген өзге ұлт өкілдері де мол болғанын ай­та кету керек. Олардың арасын­да ҚХА «Жаңғыру жолы» аймақтық штабы төрағасының орынбасары, ҚарМУ-дың студенті Хана­нуз Расулова, «Жаңғыру жолы» рес­публикалық жастар қозғалысы­ның аймақтық штаб мүшесі, Күлте­гін жыры байқауының, «Абай оқу­лары­ның» жүлдегері, колледж сту­денті Елизавета Седышева, Қар­қаралы ауданының белсенді жасы Николай Смолин, Шет ауда­нындағы мектеп оқушысы Евгений Янке сынды патриот жас­тарды атауға болды.

Сонымен қатар экспедиция жұмысына «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, облыстық ҚХА ғылыми-сарап­тама тобының мүшесі, Е.Бө­кетов атындағы ҚарМУ-дың до­центі Нұрсахан Бейсенбекова, заң­гер ғалым Болат Сыздық, қоғам бел­сенділері Жексен Әбдірахманов пен Майра Әбдірахманова, «Ағыл­шын тілі – ауыл үшін» жобасының жетекшісі Ернат Қашқынов, ақын Руслан Нұрбай және жыршы Әлібек Бимендин сияқты танымал азаматтар да атсалысты.

«Елтану» экспедициясының ат аялдатқан алғашқы жері Бұқар жырау ауданы болды. Бұл жерде жоба қатысушылары «Көмекей әулие» атанған ұлы жырау ескерткі­ші­не гүл шоқтарын қойып, одан кейін жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Олармен арада бол­ған әң­гіме барысында сапар­дың мақ­сат-мүддесі туралы егжей-тег­жейлі түсіндірілді. Жергілікті ақ­сақалдардан бата алған соң, Қарағанды делегациясы Павлодар облысындағы Баянауыл ауданын бетке алды.

Ауылы аралас, қойы қора­лас жат­қан көршілес облыс «Елтану» туристік-өлкетану экспе­диция­сының мүшелерін құшақ жая қарсы алды. Баянауыл жерінде қара­ғандылықтар Қаныш Сәтбаев мұражайында, Мұса Шорманұлы, Мәшһүр Жүсіп кесенелерінде, Жасыбай көлі, Қоңыр әулие үң­гірі, Арғымақтас, Сақтар қорға­ны, Әлкей Марғұлан, Жаяу Мұса, Е.Бекмаханов, А.Айтбакин, Ш.Ай­­мановтың аспанасты мұ­ра­­жай­ларында, Олжабай батыр қор­ғанында, Жасыбай батыр ке­сенесінде, Кемпіртас, С.Торай­ғыров атындағы демалыс орындарында болып, мол ақпаратпен танысты.

Сонымен қатар жобаға қаты­сушылар Павлодар облыстық ҚХА этномәдени бірлестіктері­нің өкілдерімен, Аналар кеңесі­нің, «Жаң­ғыру жолы» РЖҚ-ның жер­гі­лікті штабының, ғылыми-сарап­шылық топ мүшелерімен, Қ.Дар­жұманұлы атындағы «Ұлт­тық жаңғыру» мектебінің ұстаз­дарымен кездесті.

Жергілікті жұртшылықпен кездесу барысында жоба жетекшісі Ерлан Құсайын бұл сапардың мән-маңызы мен мақсатын тағы бір мәрте түсіндіріп өтті.

– Біз алдына үлкен мақсаттар қойған елміз. Әлемнің озық мемлекеттерімен иық теңестіріп, үзеңгі қағыстырып қатар жүру үшін алдымен өз тарихымызды терең танып алуымыз керек. Өткенін білген, ұлыларын тани алған өскелең ұрпақ қана күні ертең елдің тұтқасы бола алады. «Елтану» экспедициясының құрамында мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерінің де бар екенін ерекше айтқым келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев өзінің Жолдауында «Мем­­лекеттік тіл – ұлтаралық қа­ты­­нас тіліне айналады» деп айт­қаны белгілі. Осы сапарға ерек­ше ниет білдірген, еліміздің тари­хы­мен тереңірек танысам деген жас­тардың құлшынысы бізді қатты қуантады, – деді Ерлан Құсайын.

Кездесу барысында сөз сөйле­ген әзербайжан қызы, жастар қозға­лысының мүшесі Ханануз Расулова бұл сапардан үлкен әсер алғанын ағынан жарыла жеткізді.

 – Киелі қазақ жерінде тұратын этностар тамыры терең тарихты, салт-дәстүрді, артына өнегелі жол салып кеткен атақты тұлғаларды білуге міндетті. Көрші облыстың табиғатын тамашалап, тарихымен танысқанымыз біз үшін үлкен олжа болды. Бұл жастар үшін өте маңызды деп ойлаймын, – деді ол.

Басқосу соңында «Жаң­ғыру жолы» рес­публикалық жас­тар қозға­лысының Павло­дар және Қарағанды облыстары­ның штаб­тары арасында өзара ын­тымақ­тастық туралы меморан­думға қол қойылды.

Баянауылдан кейін «Елтану» экспедициясы Шығыс Қазақстан облысына, атап айтқанда, хәкім Абайдың туған жері Семей өңіріне жолға шықты. Бұл өңірде Қара­ғанды делегациясы Абай Құнан­байұлының Жидебай-Бөрілідегі мемл­екеттік-тарихи мәдени және әдеби қорық-мұра­жайын, Құнан­бай құдығы, Зере мен Ұлжан моласы, «Абай-Шәкәрім» мемориалды кешенін, Қоңыр-әулие, Еңлік-Кебек кесенесін, Оспанкөл өзе­нін, Бөрілідегі М.Әуезов және «Алаш арыстары – Мұхтар Әуе­зов» мұражайларын аралап көрді.

Экспедиция мүшелері жер­гі­­лікті абайтанушы Бекен Иса­баевтың баласы Шағжан Иса­баевтың тарих тереңінен сыр суырт­пақтаған әңгімелерін тың­дап, тың және мол мағлұмат алды. Сонымен қатар бұл өңірде де «Жаң­ғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының Шығыс Қазақ­стан және Қарағанды облыс­тарының штабтары арасында меморандумға қол қойылды.

Жоба жетекшілерінің мәлім еткеніндей, «Елтану» экспедиция­сының қорытындысы бойынша газет беттерінде, телевизия­да, әлеуметтік желілерде сараптама­лық негіздегі материалдар біртін­деп жарияланып отыратын болады. Иллюстрациялық ғылыми альбом шығарылып, түрлі деңгей­дегі кездесулер ұйымдастырылмақ­шы. Содан соң, алдағы уақытта бұл ертеңгінің қамын жеген ерен жобаның аясын кеңейте түсудің жоспарда бар екендігін мәлім етті «Елтану» экспедициясының басшысы Ерлан Құсайын.

Бес күн бойы үш облысты аралап, тұнып тұрған тарихпен, тылсым да киелі жерлермен танысып қана қоймай, жер-жер­де тағылымға толы кездесулер ұйым­­­дастырған республикалық «Елтану» туристік-өлкетану экспедициясы өзінің алдына қойған мақ­сатына толық жетті деп сенім­мен айтуға болады. Ал мақсат – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғандай, тарихымызды түгендеп, оны тану, ұлыларымызды ұлықтап және жастарымыздың бойына қазақстандық патриотизмнің дәнін сіңіру болатын.

Экспедиция мүшесі, ҚХА ғы­лы­ми-сараптама тобының мүшесі Нұрсахан Бейсенбекова:

– Менің экспедицияға қатыс­қан­дағы мақсатым жастар­ға тарих­ты айту болды. Негізгі мис­сия­мыз­дың қазақты, қазақ­тың мейір­бандығын таныту арқылы басқа ұлт өкілдерін тәрбие­леу екенін баса айтып отырдық. Экспедиция бары­сында рухты, патриоттық сезі­мі жоғары жастарды көріп, осын­дай тағылымы мен мән-маңы­зы зор жобаға өзімнің де үлес қос­қа­ны­ма ерекше қуанышты болдым.

Экспедиция мүшесі, 11-сынып оқушысы Евгений Янке:

– Мен өзімнің Қазақстан­ның нағыз азаматы екенімді дәлел­деу үшін әртүрлі деңгейдегі олим­пиа­да­ларға, жарыстарға, бай­қау­­ларға қатысып келемін. Алла­ның қалауымен, өзімнің талпыны­сым­­ның барлығынан болар біраз жетістіктерге де жеттім. Былтырғы оқу жылында облыс әкімінің өзге ұлт өкілдері арасында өткен «Тіл білігі» аталымын жеңіп алып, 250 мың теңге сыйақыға ие болдым. Міне, осындай жетістіктерімнің арқасында «Елтану» экспедициясына қатысу бақытына ие болдым.

Экспедиция мүшесі, қоғам бел­­­сендісі Жексен Әбдірах­манов:

– Талай-талай музейді аралап, кешегі тарихи тұлғалардың басқан ізімен жүріп, тұтынған заттарын көзбен көріп, тұрған үйілеріне тамсана кіріп, бөлмелерінде тізе бүгіп, өздеріне арнап Құран оқып, бұрын естігенімізді көзбен көріп, тағы да талай бұрын білмегені­міз­ді естіп, білімімізді толықтырып келгенімді тамсана айтып, тауыса алмай жүрмін.

 

Қарағанды облысы