Қазақстан • 22 Қазан, 2019

Салық төлеушілер баға қойды

136 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті халықпен кері байланыс орнату жолдарын кеңейтуде. Комитеттің наурыз айында іске қосылған «Байланыс орталығы» 7 айға жуық уақытта азаматтардан түскен 190 мың 773 өтінішті қарады.

Салық төлеушілер баға қойды

Аталған органның баспасөз қызметінің хабарлауынша, орталық қызметіне жүгінген азаматтардың басым бөлігі оның жұмысын жақсы бағалаған.

– Біздің орталықтағы кеңесші­лердің жұмысы азаматтардың көңілінен шықты деп есептейміз. Жақында орталық жұмысына 36 мың 760 адам баға берді. Олардың 32 мыңнан астамы «5», яғни «өте жақсы» деген баға қойды. 1 233 адам, яғни қатысушылардың 3,4 пайызы «4» қойды, – дейді комитеттің баспасөз өкілі.

Мемлекеттік кірістер қызметінің орталығына түрлі мәселе бойынша хабарласқандардың саны бойынша Нұр-Сұлтан қаласы алдыңғы орында тұр. Одан кейінгі орындар Алматы мен Шымкентке, Алматы және Қарағанды облыс­тарына тиесілі. Қызылорда мен Сол­түстік Қазақстан облыстарынан хзабарласатындардың саны басқа өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда аз.

– Салық төлеушілер тарапынан негізінен салықтық берешектер, салық төлеушілерді немесе резидент еместерді тіркеу, көлік құралына төлейтін салық көлемі мен қарыз, жер салығы мен мүлік салығы, электронды шот-фактуралар туралы мәселелер бойынша хабарласады,– дейді комитеттің баспасөз қызметі.

Бүгінде Кірістер комитетінің салық пен кедендік реттеу мәселе­лері бойынша https://t.me/KGDMFRK1414 сілтемесінде арнайы Телеграмм чаты бар екенін айта кетейік.