Қоғам • 22 Қазан, 2019

Емделушінің бағалауы маңызды

167 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Павлодар өңіріндегі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы филиалының мәліметінше, биыл науқастарға көрсетілетін медициналық қызметтердің тәулік бойы және күндізгі стационарлық емдеу сапасы тексерілді. Мониторинг нәтижесінде емдеу орындарына 61,4 миллион теңге, ал күндізгі стационарлық емдеу қызметі бойынша тексеріс кезінде 2 миллион теңге айыппұл салынды.

Емделушінің бағалауы  маңызды

Бұл күндері өңірде де 2020 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап енгізі­летін «Міндетті әлеуметтік меди­ци­на­лық сақтандыру» жүйе­сі бойынша жұ­мыс­тар жүргізілуде.

Бұл мақсатқа Үкімет денсаулық сақ­тау саласын жылдар бойы бірте-бірте дайын­дау арқылы жетті деу­ге болар. Мыса­лы, Денсаулық сақ­тау министр­лігінің құра­мын­да «Ме­ди­ци­налық қызметтерге ақы тө­леу ко­митеті» құрылды. Бюджет қар­жы­­сын сақтандыру қағидасы бо­йын­ша ауруха­на­лар­ға беру нормасы енгі­зіл­ді.

Енді осындай жаңашылдықтарды әрі қарай көбейту үшін денсаулық сақтау жүйесін жаңа тәсілге көшіру­дің уақы­ты келді. Онсыз сапалы өрке­ниет­ті меди­цина­лық қызметке жету мүмкін емес екені түсінікті.

– МӘМС жағдайында меди­ци­на­лық көмекке жүгінгенде алдымен медициналық қызметті тұтынушының мәртебесін анық­тап алу маңызды. Соған қарай көмек кепіл­ден­ді­рілген тегін медициналық қызмет­тер­дің есе­бінен, иә болмаса, кеңейтілген сақ­тан­дыру пакеті есебінен төленеді, – дейді филиал мамандары.

Емделушілер бұрынғыдай жеке басын куәлан­дыратын құжатты көр­сет­­уі тиіс. Әрі қарай медициналық ақ­па­раттық жүйе бар­лық қажетті әре­кет­терді өздігінен жүзеге асырады.

– Сондықтан ауыл, қала тұр­ғын­да­­ры арасында ақпараттық түсіндіру жұ­мыста­ры жалғасуда. Мамандар ауыл­дарды ара­лап, халықпен кездесу­лер өткізуде. Қала тұрғындары үшін көше билбордтары мен LED-экран­дар­да, қоғамдық көлік­тер­де жарнамалар орналастырылып, радио және теле­арналардан хабар таратылуда, – дей­ді медициналық қызмет сапасын мониторинг­теу бөлімінің басшысы Алмагүл Ахметжанова.

Сондай-ақ міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру туралы ақпа­ратты Қор­дың fms.kz сайтынан немесе 1406 нөмі­рі­не хабарласып, алуға болады.

Облыста 179686 адам ресми түрде жұмыс­пен қамтылған. Оларға жұмыс беру­ші­­лер медициналық сақтандыру қорына жарна төлейді. 1750 адам бірыңғай жиынтық төлемін аударып отырады. Олар 2020 жыл­дан бастап жарнасын мемлекет төлеп бере­тін әл­еу­меттік қорғалмаған азаматтармен қатар сақтандырылған адамның мәр­те­бесін алады.

 Өңірдегі барлық жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін 2017 жылдың 1 шіл­десінен бастап ақша аударуда. Жұмыс беру­шілер мен жеке кәсіп­керлер міндетті әлеу­мет­тік меди­ци­на­лық сақтандыру бойынша 9,3 млрд тең­ге төлеген.

Жаңа жүйеге қосылған жұртшылық 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап екі түрлі пакет бойынша қызмет алмақ. Алға­шында тұрғындар үшін жеңілдік қарастырылады. 1 қаңтардан бас­тап, сәуір айына дейін медициналық көмек барлық тұрғындарға бірдей көр­сетіледі.

Ал 1 сәуірден бастап сақтандыру жүйе­сі­не тіркелмегендер екінші пакет ұсы­на­­тын көмекті тегін ала алмайды. Бұл қатар­да табысы аз, қалтасы қым­­бат шараларды көтермейтін МРТ, компьютерлік томография, қан ком­­поненттерімен қамтамасыз ету, ме­ди­циналық оңалту және қалпына кел­ті­ру­ге бағытталған емдеу түрлері бар.

Жаңа жүйе жаңашылдығына жер­­­гілікті медициналық мекемелер қан­шалықты дайын, мәселе осын­да. Филиал мәліметінше, облысымыз­да емханалар мен аурухана­лар тү­гел­дей компьютермен жабдық­тал­ған. Барлығы интернет арқылы ақпа­рат­тық жүйеге қосылған.

Жалпы, міндетті әлеуметтік меди­ци­на­лық сақтандыру жүйесі және тегін меди­ци­налық кепілдендірілген кө­мек жүйесі бар. Енді осы екеуі қалай бірге іске асырыла­ды деген сұрақ туа­ды. Жұртшылық екі түрлі пакет бойынша медициналық көмек алады. Алғашқысы – Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті. Кепілдік көмек шеңберінде сақтандырылған немесе сақтандырылмағанына қара­мастан, адамдар емхана дәрі­гер­ле­ріне қаралып, стационарларда ем қабылдайды. Ал алғашқы меди­циналық-санитарлық көмекті тіркеу­де тұрған емханаларынан алады. Мін­дет­ті әлеуметтік медициналық сақ­­тан­дыру екінші пакетке жатады. Қалалық №4 емхананың бас дәрігері Арман Отарбековтің айту­ынша, мұн­дай көмекті алғысы келетін адам емханада тіркелуі тиіс. Әрқайсымыз өз денсаулығымыздың дәрігері болуға үй­ренуіміз керек.

 Науқастар медициналық сарап­та­мадан өтуі үшін қаражатын жұм­сай­ды. Дәрі-дәрмек сатып алып, ақылы негізде емханаларға қаралады. Жаңа жүйе шығынның белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен өтейді. Тегін медициналық көмекті мемлекеттік емханалардан бөлек, жекеменшік медициналық мекемелер де көрсетеді. Яғни, халықтың 15 санатына жеңілдік беріліп, жарнаны мемлекет төлейді. Олардың қатарында балалар, жұмыс­сыз­дар, мүгедек баласы барлар, «Ал­тын алқа», «Күміс алқа» иегер­ле­рі, ардагерлер, студенттер, 3 жасқа де­йін­гі бала күтімімен айналысатын ана­лар бар.

Ал «Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қоры» облыстық филиалы азамат­тар­ға көрсетілетін меди­ци­на­лық көмек сапасын жүйелі түрде бақылап, ай сайынғы қызметтерін төлейді. Төлем көрсетілген қыз­мет­тердің сапасына жүргізілген мони­то­рингтің қорытындысы бойынша есептеледі.

Алмагүл Ахметжанованың айтуынша, мониторинг көрсетілген ме­ди­ци­на­лық қызметтердің сапасы мен көлемін бақы­лай­ды. Медициналық көмек көрсетуде айып­пұл­дан бөлек, қор сарапшылары меди­ци­налық қызметкерлер арасында түсіндіру, медициналық қызметтердің сапасын сараптау, емделушілердің құқығын қорғау мен ауруларды басқару бағ­дар­­ламасын жүргізу мәселелері бо­йынша жұмыс жүргізеді.

Айыппұл салынған емдеу орын­­дарының қатарында өңірдегі Ғ.Сұл­та­нов атындағы облыстық ауру­ха­насы, Екібастұз қалалық ауруханасы, облыс орталығындағы №1, №3 ауруханалары бар.

– Енді дәрігерлік қызмет көрсету сапасы бойынша жүргізілетін мони­то­ринг нәтижесі тұрақты түрде жұрт­шы­лық назарына ұсынылады. Бұл халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге қажет. Меди­ци­налық қыз­мет­­тердің сапасын арттыру және оны науқастардың бағалауы маңызды, – дейді медициналық қызмет сапасын мониторингтеу бөлімінің басшысы.

Медициналық сақтандыру қоры қыз­меттің нақты көрсетілген немесе көрсе­тіл­ме­генін, емдеу хаттама­ла­ры­ның талапқа сай толтырылуы немесе толтырылмауын, жалпы нәтижесін тексереді. Осы талаптар сақталмаса, емдеу орындарына айыппұл салынады. Егер емдеу барысында өрескел заң бұзушылықтар орын алса, онымен құқық қорғау орындары айналысады.

Қордың медициналық көмектің сапасы мен көлемін бақылау бойынша өкілеттіктері бар. Медициналық қызметтердің барлық түрлері мониторингтен өтеді.

 – Ауылдар қажетті жағдайда толық көмек алады, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» атқарушы директоры Нұрлан Қасымов.

 Ал сақтандырылмаған адамдар үшін жос­парлы медициналық көмек ақылы болмақ. Мысалы, сақтандыруы жоқ адам­ға МРТ, УДЗ салалық дәрігерлік кеңес сияқты шараларға ақы алынады. Ал сақтан­ды­рыл­ған адам медициналық көмекті қажетті мөл­шер­­де ала береді.

 Сонымен қатар Нұрлан Қасымовтың айтуынша, медициналық көмекті қаржы­лан­ды­руға 2020 жылы 56,9 млрд теңге бөлінбек.

Өңірде кепілдендірілген тегін меди­ци­на­лық көмек көрсететін 63 медициналық мекемелер бар. Оның 30-ы – жекеменшік. Медициналық құжаттама тек сандық фор­мат­та жүргізіледі. Халықты тіркеу регис­трінде бекітілген облыстың әрбір тұр­ғы­ны жеке электронды денсаулық паспортымен қамтамасыз етілген. Құжаттар емде­лу­шілерді электронды форматта бақылау және емдеу барысын қадағалауға мүмкіндік бере­ді.

Медициналық мекемелердің қызметіне тексеру, бақылау жұмыстары да аса қажет. Сондықтан «Әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қорының» сарапшылары тұрақты түрде аурухана, емханалардың дәрігерлік қызмет көрсету сапасына мониторинг жүр­гізеді. Ақпараттық жүйе арқылы да бақы­лай алады. Бекітілген кестеге сәйкес, жос­парлы тексеру шаралары өткізіледі. Нау­қас адамның құқығын сақтандыру қоры қор­ғай­­ды.

– Ал ақша ешқайда кетпейді, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жиналады. Бәсекелестікке аурухана, емханалар қазір­ден дайындалуы керек. Емделушілер қай ауруханаға, емханаға көбірек барса, қаржы да сонда құйылады, – дейді емделуші тұрғын Жарқынбек Смайыл.

Жаңа жүйе денсаулық сақтау сала­сын­да­ғы қызмет сапасын жетілдіру, осы бағытта тұрақты қаржылық жүйені қалыптастыру, ем­ханалардың жұмысын жақсартуды көз­дей­ді. Бұл жүйенің жүзеге асуы үшін Үкімет жан-жақты даярлық жасады.

Тұрғындар қазіргі қор 1998 жылғы бұ­рын­­ғы қателікті қайталамайды деп сенеді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізіл­ген­нен кейін жақсы өзгерістер келеді деп асыға күтеді. Қазір бүкіл қаржыны медициналық қызмет көрсететін мекемелер жинайды. Ауру­хана, емханаларға мамандардың келуін қамта­масыз етеді, шетелдік медициналық қон­дырғылар алады, күрделі жөндеу жұ­мыс­тарын жүргізе бастайды.

 Жоғарыдағы медициналық қызмет сапасында кездескен олқылықтар үшін айыппұл төлеген ауруханалардың мысалы соның дәлелі. Сондықтан мәселе қымбат қондырғыда, күрделі жөндеуде де емес, кәдімгі адами факторда, тұрғындардың медициналық қызметке берген бағасы негізгі көрсеткіш болатынын ескерейік.

 

Павлодар облысы