Қоғам • 22 Қазан, 2019

Арақтың ақыры ажалға апарады

514 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық ұстанымымызға, болмыс-бітімімізге сай келмейтін кейбір келеңсіз іс-әрекеттер орын алса «қап, әттеген-ай» деп қапаланбайтын қазақ кемде-кем. Жаһандану көшіне ереміз деп жүргенде еңсеміз төмендеп, рухани құндылықтарымыз құлдырап, отбасының, әке-шешенің алар орнын аласартып алған жоқпыз ба?!

Арақтың ақыры  ажалға апарады

Иә, мұндай мәселелер өт­кен ғасырларда кезекті емес, өзек­ті мәселе болғанын білеміз. Әсі­ресе әкенің орны таудан биік, те­ңіз­ден терең еді. «Отырған қыз», «қайтып келген келіншек», «же­сір әйел», «жетім бала» деген ұғымдардың көлеңкесі де кө­рінбейтін сол заманның соқпа­ғы алтын дерсің. Шаңы­рақ шайқалмасын деп, жесір­лік байқалмасын деп әйелді әмең­герлікпен алса, жетім баланы жетелеп, мейірім мекеніне орналастырып, үйінің бөлмесінен ғана емес, жүрегі мен кеудесінен де орын бере білген. Отбасында орын алған бір күндік ұрыс, қы­рық күндік ырысты кемітетінін терең түсінген еліміз мұндайға жол бермеуді жан-жақты қарас­тыр­ған.

Күні кеше елордада мас ер адам әйелін атып өлтіріп, өгей ұлын жарақаттады деген ақпарат жел­дей есті. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департа­мен­тінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 20 қазан күні кешке тіркелген.

«20 қазан күні сағат 22.19 ша­масында Полиция департа­мен­тінің жедел басқарма орталығына 55 жастағы елорда тұрғыны мен оның 5 жастағы баласына оқ тигені туралы мәлімет келіп түсті», делінген хабарламада. По­лиция анықтағандай, отбасылық жанжал кезінде әлгі әйелдің 59 жастағы күйеуі мас күйде жарына оқ атып, оның екінші некеден туған ұлын жарақаттаған. Әйел алған жарақатынан көз жұмды. Ал бала ауруханаға жеткізілді. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары бас­талды. Күдікті азамат уақытша изоляторға қамалды», делінген хабарламада.

Нұр-Сұлтан қалалық №2 ба­лалар ауруханасының бас дәрі­гері Біржан Досмаилов оқ тиген бес жасар баланың жағдайы тұрақты екенін айтты.

 «2019 жылғы 20 қазанда №2 қалалық балалар ауруханасының травматологиялық пунктіне жедел медициналық көмек бригадасы ішіне оқ тиіп, жараланған бес жастағы (4 жас 11 ай) баланы шұғыл жеткізді. Ауруханаға түс­кен кезде баланың жағдайы ауыр бол­ды. Операцияға дайындау үшін реанимациялық бөлімшеге жатқы­зылды. Қазір балаға ота жа­салған және жағдайы тұрақтал­ған соң стационарлық емді жалғас­тыру үшін бейінді жалпы хирургия бөлімшесіне ауыстырылды.

Жағдайы тұрақты, орта дәрежеде деп айта аламыз. Барлық қажетті тексерулер жүргізіліп жатыр, медициналық көмекті толық көлемде алады. Айта кететін тағы бір жайт, жарақаттанған баламен балалар психологы жұмыс істейтін болады», деді Біржан Серікбекұлы.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция депар­таментінің мәліметінше, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі мекеме қызметкерлері білім ордаларында 114 кездесу, басқа да мекемелерде 10 кездесу өткізген. Жұртшылыққа 1300-ден астам жадынамалар мен визиткалар таратқан, сонымен қатар әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жө­нінде бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарда тұрақты түрде материал­дар жариялап, Нұр-Сұлтан қаласы ІІД ресми сайтындағы арнайы айдары жаңартылып отырады екен.

«Әйелдерді зорлық-зомбылықтан, құқық­қа жат әрекеттерден әйелдердің мүддесі мен бостандығын, конститутциялық құқықтарын қорғау бойынша айтарлықтай жұмыс ат­қа­рылуда. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қор­ғау бөлінісі қызметкерлері, Нұр-Сұлтан қа­ласы бойынша отбасын жоспарлау, отбасы мен некені сақтауға мұқтаж жұптарға көмек көрсететін, өзара қарым-қатынасты реттейтін «Демеу» оқу-практикалық орта­лығы, «Қорғау-Астана» орталығы психо­терапевтерімен қарым-қатынас жасайды. Отбасылық зорлық – бұл бір адам екінші адамның іс-қимылы мен сезімін бақылауда ұстағысы келетін жағдай. Әдістер әртүрлі болуы мүмкін, қорқыту, қорқыныш сезімін ұялату, көмекке зәрулік, абыройын түсіру, т.б. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісі қызметкерлері жүргізген әлеу­меттік зерттеу нәтижесі көрсеткендей, отба­сындағы зорлық әрекетінің орын алуына бас­ты себеп – спиртті ішімдік қолдану, ұрыс жә­не қыз­ғаныш болып табылады», делінген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің ақпа­ратында.

Алматыдағы «Аман-саулық» қоғамдық қоры жоғары оқу орындарымен бірлесіп, арнайы сауалдама жүргізген. Оған 18 бен 25 жас аралығындағы 773 студент қатысыпты. Нәтижесінде 38%-ы ішімдіктің дәмін 16 жас­та татқанын, 37%-ы 18 жасқа дейін, 20%-ы 21 жасқа дейін және 5%-ы 21 жастан асқан соң ішімдік ішкенін айтқан. Алайда, сауалдамаға қатысушылардың 5%-ы жасы 21-ге толмаса да, ішімдікті жиі пайдаланады екен. Статистика бойынша елімізде жан басына шаққанда ішімдік орта есеппен әр адамға жылына 9 литрден келеді екен. Бұл көрсеткіш нәтижесінде Еуразия құрлығы бойынша 19 орындамыз. Жалпы, әлем бойынша Қазақстан ішімдікті пайдалану көрсеткішінен 77-орынға шыққан.   

Жуырда суицид, шаңырақтың шайқалуы, отбасындағы зорлық-зомбылық сияқты өткір де өзекті әлеуметтік мәселелерді талқылау үшін Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен «Даналық» отбасылық құндылықтарды дамыту институты бірлесіп коуч-сессия ұйымдастырып, шағын шаңырақтағы орын алатын келеңсіз жағдайларды кеңінен талқылаған болатын.   

«Егер біз бүкіл Қазақстан бойынша наркологиялық жағдайға назар аударатын болсақ, онда соңғы 10 жыл ішінде наша­қорлықпен тіркелген адамдардың, яғни алкоголь мен есірткіге тәуелді адамдар санының тұрақты төмендеуін байқаймыз», деген болатын Нұр-Сұлтан қалалық Наркология және психотерапия орталығының тәжірибелі наркологы Тоқтар Қойшыбеков.

Оның айтуынша, қазір елімізде нашақор­лық диагнозымен 20 мыңға жуық адам және ал­когольге тәуелділігі бар 100 мың адам бар. Сонымен қатар ол елордамызда нашақорлардың саны 13 пайызға төмендегенін атап өтті. Бұл нашақорлыққа тәуелді деген диагноз қойылған шамамен 1200 адам. Нұр-Сұлтанда алкогольді тұтынатындардың көбі негізінен 30 бен 44 жас аралығында ерлер мен әйелдер екен.

«Егер есірткіге тәуелді адамның жас ерекшелігіне және әлеуметтік сипаттамала­рына назар аударатын болсақ, онда бұл көбінесе 25 пен 44 жас аралығындағы жас­тар. Бұл орта және орта арнаулы білімі бар, тұрақты жұмысы жоқ адамдар», деді Т.Қойшыбеков.

Lancet  журналында жарияланған БҰҰ деректері бойынша 2018 жылы 15-49 жас аралығындағы азаматтар, яғни әрбір 100 мың адамға шаққанда 62,2 өлім осы алкогольдің кесірінен келеді. Қазақстан алкогольдің кесірінен  өмірден өтетін азаматтарының саны  жөнінен  әлемде 10-орынға кірген. Яғни спиртті ішімдіктердің тікелей немесе жанама әсерінің кесірінен жылына жүздеген азаматымыз опат болып жатыр.

Кең байтақ жеріміз бен кең пейіл еліміздің келешегі жарқын болуы үшін құрған отбасының құламауына һәм құлдырамауына ежелден ер адамның жауапты екенін естен шығармаған абзал. «Еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі» деген тәлімді тәмсілдің мазмұны маңызды. Ер мен әйелдің етене жақын, тағдырда тату болып өмір сүруі елдің ертеңі үшін де, ұлт пен ұрпақтың өркендеуі үшін де ауадай қажет екенін ескерген даналарымыз «Отан – отбасынан басталады» деген орамды ой, пайымды пікір қалдырған.