Аймақтар • 22 Қазан, 2019

«Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен»

478 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» деп жырлаған ақын Нұрхан Ахметбеков өлеңінің жолымен аталған І республикалық дәстүрлі әндер байқауы өзге шаралардан ерекше еді. Алдымен, бұл Нұржан Наушабайұлы әндерінен өткен республикалық деңгейдегі тұңғыш шара болатын.

«Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен»

Байқаудың алдында Н.Науша­байұлы атындағы қазақ орта мекте­бінің ұйымдастыруымен ғылыми-прак­тикалық конференция өтіп, Нұржан шығармашылығы терең талданды. Байқаудың тағы бір ерекшелігі – оған 20 мен 35 жас аралығындағы өрімдей 15 жас әнші Семей, Алматы, Нұр-Сұлтан, Жезқазған, Көкшетау қалаларынан келіп қатысты. Олар алтынның сынығындай болып, осы күнге жеткен «Көкен-ай», «Бәтимаға», «Ара-ай», «Асыл-ай», «Жан сәулем», «Назым» әндерін шаңнан аршып алғандай, мөлдіретіп, нақышымен орындады.

Байқау тек Нұржан әндерін насихаттап қана қойған жоқ, жас таланттардың жолын ашты. Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жыршы Алмас Алматов бас болған беделді қазылар алқасының бағасымен үшінші орын көкшетаулық Нәзира Бейсеноваға, жезқазғандық Сағымбай Мәлібеков пен Қостанай ауданының өкілі Жанат Мінайдарға бұйырды. Екінші орынды Семей қаласының өкілі Таңат Мұқашев пен нұрсұлтандық Ақылтай Зекенов бөлісті. Бірінші орынды алматылық Зарина Рахманбердиева жеңіп алды. Ал бас жүлдені Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 2-курс студенті Фархат Жәкішке берді.

– Байқау өте дұрыс ұйымдас­ты­рылғанын айтқым келеді. Келе­шекте жыршы, термешілерді шақырып, Нұр­жанның толғаулары мен назымдарынан да байқау өткізуге болады, – деді Алмас Алматов. Бұл ойды нұр­жантанушы ақын Ақылбек Шаяхмет те қуана қолдады.

– Уақытысында кейбір кісілер Нұржан­ның әндерін 20-30-ға «жет­кізіп», тым артық кетті. Көрінгенді Нұр­­жанға жапсыра беру ақынға жа­сал­ған қиянатпен бірдей. Оның ел аузында қалған 7-8 ғана әні бар. Аз да болса, саз әндер. Нұржанның жырлары мен толғаулары да байқауға сұранып тұр, – дейді Ақылбек Шаяхмет.

Нұржанның өзі айтқандай, оның «он екі ирек» әндерінің республикалық байқауы жылда өткізіледі.

ҚОСТАНАЙ