Аймақтар • 22 Қазан, 2019

Мұраттан Табылдыға дейін Атырау облысында екі бірдей ақынға ескерткіш орнатылды

829 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Уақыт – әділетті. Әйтпесе, Мұрат Мөңкеұлының өзі жырға қосқандай, «Бұл дүниенің жүзінен, нешелер жақсы өткен жоқ?» Сол жақсыларды елеп, еске алып, бүгіннің бедерінен келелі сөз қозғау – елдіктің белгісі. Атыраудағы Индер ауданы осындай тағылымды дәстүрді берік ұстанады. Мұрасын түгендемек түгілі, Мұрат Мөңкеұлын «зар заман ақыны» деп айдар тағып, атын атауға тыйым салған кездер де болған. Арада қанша жылдар өткенде ақпа ақын, жампоз жырауының рухына тағзым етіп, ескерткішке айналған бейнесін төріне шығарған елдің бұл күнгі қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Мұраттан Табылдыға дейін Атырау облысында екі бірдей ақынға ескерткіш орнатылды

– Атырау өңірінде соңғы жылдары еңселі ескерткіштер көптеп бой көтерді. Бұл – талантты перзенттеріне деген ту­ған жерінің құрметі, келер ұрпаққа үлгі етер өнегелі іс. Мұрат Мөңкеұлы жай ғана жыр жазып қойған жоқ, бола­шақты да болжап кетті. Мұраттай ақын­ның ақ семсер жырлары барда біз­дің рухымыз ешқашан әлсіремейді, – деді ескерткіштің ашылу салтанатында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов.

Индербор кентінің орталық көше­сі­нен орын алған биіктігі 7 метр болатын таза қоладан құйылған ескерткіштің ав­торы – Қазақстан Суретшілер Ода­ғының мү­шесі Құттыбек Жақып. Дом­бырасын қолға алып, тас тұғырға қонған ақын: «Сөй­лемесем кім білер, қызыл тілдің жор­ғасын. Құлағың салып тыңдай бер,­ жүй­рігің кеңес қозғасын», деп ар­уақ­­тана жырлап тұрғандай әсер қал­дырады.

Мұрат Мөңкеұлы – 1843 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданында дүниеге келген. 1906 жылы Индер ауданында өмірден өтті. Жарсуат ауы­лының маңындағы ақын мазары Елбасының «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында жергілікті ма­ңызы бар киелі орындар тізіміне енген. Оның тұтас шығармашылығына ар­қау болған басты тақырып – ел мен жер­дің тағдыры. «Бәйіт еттім бұл сөзді, қай­ғы шегіп заманнан. Заман азып не қыл­сын, ай орнынан туады, күн орнынан шығады, бұның бәрі адамнан», деген суырыпсалма ақын, төкпе жырау шығармашылығы ғалымдар тарапынан зерттеліп-зерделеніп келеді. Мұрат Мөңкеұлының мұрасын зерттеуші фило­логия ғылымдарының докторы, про­фессор Бауыржан Омаров «Екі ескерт­кіш (Мұраттан Табылдыға дейін» атты мақаласында: «Ел-жұрттың қадір-құрметіне бөленген бұл екі ақынның жас айырмасы – жүз жиырма екі жыл. Екеуі екі ғасырдың тұлғасы. Бірі­ – ағыл-тегіл қазақ жырының алтын­ дәуірі – он тоғызыншы ғасырдың өкі­лі. Екіншісі – біздің замандасымыз. Кү­ні кеше ғана арамызда жүрген хас та­лант. Осы екі ақынды байланыстыратын не нәрсе? Екеуінің де жырлары ел­дің аузынан түспейді. Екеуі де туған өлкесін шексіз жақсы көрді. Екеуі де қос ғасырды тоғыстырып ба­рып өмір­ден өтті. Екеуі де еркіндіктің жыр­шы­сы еді. Сондықтан іс басында жүр­ген аты­рау­лық азаматтар екі ақынға бір күн­де ескерткіш қоюға бел байлапты. Екі ескерткіштің арасы шамамен үш жүз – төрт жүз метрдей жер ғана. Енді «Тай­сойған, Ойыл, Қиыл, Дендеріміз, Қара­бау мекен еткен жерлеріміз»,  деп жырлаған Мұрат Мөңкеұлы мен «Мәңгі-бақи мекенімді табу үшін Ден­дерден, Мен де бір күн кетер ме екем, бақұлдасып сендермен», деп жан сырын ақтарған Табылды Досымов Индер­дің көшесінде бір-біріне үнсіз қарап тұрады», деп жазды. Ақиқаты, анығы – осы.

 

«Падишасын жоқтады патша көңіл»

Ол өмірден озғалы тоғыз күз өтті. То­ғыз күз туған жерінің топырағына табаны тимеді. Бірақ әр сөзі жұртының жадында жаңғырып жүргені – жұба­ныш. «Дендер» деген атау естілсе, Та­был­ды деп елеңдейтін ел бар. Ол жаз­ған рухты өлеңдер қазақтың сахара дала­сын кезді. Жай кезген жоқ, бұрын қазаққа таңсық болған гитара деген аспапты жыраулық өнермен шебер шендестірген өнер иесінің атын аспандатты. Бар-жоғы 45 жасында бақилық болған қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың тас бейнесі енді өзі «Дендерім менің – кенді елім менің, қазаққа ортақ байлығым» деп әуелете әніне қосқан туған жерінде салтанат құрып тұрады. Ги­тарасын қолға алып, алысқа қарап тол­ғанған кейіптегі шайырдың шабыт­ты шағы бейнеленген сәулеттік өнер композициясына жиналған жұрт­шы­лық­тың риза болғаны – бөлек әңгіме. Қазақстан Суретшілер Одағының мү­­шесі Ба­қытбек Мұхаметжановтың Та­был­ды болмысына терең үңілгені анық аңғарылады. Түрегеліп тұрған ақынның тас бейнесінің жанына биіктігі 4,5 метр­лік гранитке: «Ұнатады шыңда көңіл шыр­қауды, таулары жоқ төбемізден бұлт ауды. Толағай боп туылмадым, әт­тең-ай, Атырауға әкелер ме ем бір тау­­ды?» деп басталатын ән­­ге айналған әй­гілі өлеңі қашалып жа­зылған. Белгілі ақын, біртуар компози­торды сағынған жер­лестері аудан ор­та­лығындағы әдемі сая­бақтан орын ал­ған жаңа дүниеге сүй­сіне қарайды, әсі­­ресе асылдың сынығы, Табылдының ұлы Абыл әке ескерт­кіші алдында ұзақ­ аялдады. Бү­гінде өзі де әке жолын жалғап, гита­расын жетімсіретіп бұ­­рышқа тас­тамай, сахнаға шығарып жүр­ген Абыл Аяштың өрелі өнерпаз болып қалып­тасып келе жатқаны да көңі­ліміз­дегі көп күдікті сейілтіп, қуаныш ұялатады.

– Мұрат Мөңкеұлы мен Табылды Досымовтың ескерткіштері – Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағ­дар­­ламалық мақалаларында көрсе­тіл­ген міндеттердің Атырау аймағында лайықты жүзеге асып жатқанының куәсі. Бұл екі ескерткіш те халықтың кө­кейінде жүрген, көптен күткен дү­ниесі еді. Құтты болсын, – деді облыс әкі­мінің бірінші орынбасары Серік Шап­кенов.

Табылды рухының ескерткіш болып елімен қауышқанына қуанып алыс-жақыннан достары келді. Ақынның курс­­тасы, белгілі журналист Арман Сқа­былұлы мен кішкентайынан бірге өскен досы Талғат Қайыржанов ескерткіштің лентасын қиып, жолдастарын еске алды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова сағыныш сазын әнімен жеткізді. Осы шарада жи­налған жұртты ерекше тебіренткен сөз­ді арқалы ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, Махамбет сыйлығының иегері Светқали Нұржан айтты.

– Индер деген атаудың мағынасын тап­тым, – деп еді бірде Табылды. Жа­йық­тың иінді өрі деген сөз екен.

...Жасындар, тағы Жайықтың

тұтат ағашын,

Бетпаққа басын имес боп күйінді

ер-сері.

Туып ап таудай ұлдарды жұта

сала­сың,

Иінді өр, сені қайтейін, иінді өр,

сені?

Зымыран үнмен зытымға қайқайды

жасын,

«Қайтейін сені!..» деп бекер кіжіне

берем.

Айдынға төніп теректер шайқайды

басын,

Жапырақ жас боп Жайыққа үзіледі

өлең...

Табыл ортамызға тас мүсін болып­ тұр­ды, оның әні мен жыры күл­лі қа­зақ­тың, енді келер ұрпақтың жүре­гін тер­бейді, – деп толғанды ақын Свет­қали.

Бірі ол ғасырда, бірі бұл ғасырда қазақ­тың жоғын жоқтап, мұңын күйттеп өтіп еді екі ақын. Бірі азаттықты армандаса, екіншісі сол тәуелсіздік таңының куә­гері болып, бәйтеректей биіктікті көк­седі. Артында айта жүрер сөзі бар, жалғайтын ізі бар жанның ғұмыры мәңгілік болса, Мұрат пен Табылдыдай ақындардың аттары әлі талай ғасырлар асқақтары анық.

 

АТЫРАУ