Қазақ прозасының ішінде шығармалары әлемге жол тартқан бірінші жазушы – Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» арқылы әлемге қазақ деген ел бар екенін танытты. Әуезовтен кейін әлемдік оқырмандарға жол тартқан жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов. «Қан мен тердегі» жасалған образдар – Еламан, Тәңірберген, Сүйеу қарт, Кәлен, Ақбала бәрі соншалықты айқын. Тіпті кітапты ашып қалғанда кезігетін тырыли Қарақатынның образына дейін оқырманның есінде сақталады. Судыр Ахметтің бейнесі ше? Әдебиетте бұл бір ерекше бейне, ерекше кейіпкер. Жұрт оны әзілкеш, ешкімге зияны жоқ кейіпкерлердің бірі деп қабылдауы мүмкін. Меніңше, оның бейнесі берекесіздіктің символы. Жазушының сыни көзқарасы тұрғысында жасалған образ. Тіпті энциклопедияға берекесіздік деген мақала қосылса, осы Судыр Ахметтің бейнесін бере салуға болатын шығар деп ойлаймын. Қысқасы, «Қан мен тер» арқылы Нұрпейісов әлемдік деңгейдегі жазушы дәрежесіне көтерілді.
Екінші үлкен шығармасы – «Соңғы парыз». «Соңғы парыз» «Қан мен терге» мүлде ұқсамайды, психологизмге жататын бөлек шығарма. Оқиғалар адамның ішкі әлемінде өтіп жатады. Мұнда проблема көп. Арал теңізінің азып, тайызданып кетіп бара жатуы, табиғаттың бұзылуы, адамдардың моральдық бейнелері сынды проблемалар көтерілген. Мұның сыртында негізгі оқиға Жәдігер, Бәкизат, Әзім арасында өтеді. Әлемдік әдебиетте Одиссея деген ұғым бар. Гомердің «Одиссей» поэмасынан шыққан ғой. Адамдардың ішкі әлемінде адасуын айтады. Мына романда да солай. Ақиқатты, шындықты, махаббатты таба алмай өз әлемінде адасып жүрген адамдардың психологиялық күйін дәл берген. Әсіресе кітаптың ең соңында шындыққа көз жеткізетін Бәкизат бейнесі айқын, анық. «Соңғы парыз» романын ішкі психологизм көрініс тапқан жаңа әдебиеттің басы деп айтуға болады. Нұрпейісов бізге бұл романы арқылы тура жол сілтеп тұрған сияқты. Бұл бір жағы.
Екінші жағынан жазушының адамдық келбетін айтар болсақ, ол қатал, өзімшіл, айтқанынан қайтпайтын адам сияқты боп көрінуі мүмкін. Шын мәнінде олай емес. Ол жек көрген адамына ғана қатал болуы мүмкін. Жақсы көрген адамына сондай мейірімді. Тіпті бала болса да асты-үстіне түсіп тұрады. Әбекең бізге жазушы болу деген бастан кешкен нәрселерді жазып жүре беру емес, шын мәнінде ол дегеніміз – жауапкершілік, еңбекқорлық, ерлік екенін өз ісімен дәлелдеп жүрген қаламгер. Осыған дейін «Қан мен терді» бірнеше мәрте жөндеуінің өзі соған дәлел. Үшінші бір айтайын дегенім, тоқсан бес жасқа дейін ұзақ өмір сүру, бақытты өмір сүру, қиын болса да ауыр болса да абыройлы өмір сүру – шынын айтайын бұл бақыт. Құдай Әбекеңе жүз жылдығын көруге жазсын деген тілек айтамын.
Төлен ӘБДІК,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты