Қазақстан • 22 Қазан, 2019

2020 жылы Қазақстанда қандай жолдар ақылы болады?

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында республикалық маңызы бар бірқатар автожолдарда жол жүргені үшін ақы алу жүйесін енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып берді. 

2020 жылы Қазақстанда қандай жолдар ақылы болады?

 Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда 682 шақырым автожол — ақылы. Бұлар —  Нұр-Сұлтан – Теміртау, Нұр-Сұлтан – Щучинск, Алматы – Қорғас және Алматы –   Қапшағай бағыттары.

«Ақылы жолдан түскен ақша толығымен осы жолдарды қамтамасыз етуге жұмсалады. Бұрын оларды қамтуға республикалық бюджеттен қаражат бөлінетін. Жыл басынан бері біз осы төрт ақылы жолдан 4 млрд 130 млн теңге жинадық», — деді Комитет төрағасы.    

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 11 мың шақырымына ақылы жүйені енгізу мәселесін қарастырылып жатқанын айтты. Оның ішінде 2020 жылы — 5,9 мың шақырымында, 2023 жылға дейін қалған 5 мың шақырымында ақылы жүйені енгізу жоспарланған. 

Осы жылдың шілдесінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ақылы жүйені енгізуге инвестициялық конкурс жариялады. Жыл соңына дейін конкурс қорытындысын шығарып, инвестормен келісім жасасу көзделген. 

2020 жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі, Щучинск – Петропавл жол учаскесі, Омбы – Павлодар және Нұр-Сұлтан – Қостанай – РФ шекарасына дейінгі жол ақылы негізге көшіріледі.

Алдын-ала есептеулер бойынша, ақылы жолдардан алымдар жылына 40 млрд теңгені құрайтын болады, бұл автомобиль жолдарының өзін-өзі қамтуға көшуге мүмкіндік беріп, инвестордың төлемақы алу жүйесін енгізуге жұмсаған шығынын жабуды қамтамасыз етеді. Осылайша, жоба өзін-өзі ақтайтын болады және мемлекеттік бюджетке салмақ түсірмейді. 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше