Үкімет • 23 Қазан, 2019

Көлік инфрақұрылымы мен транзиттік әлеуетті қалыптастырған бағдарлама

711 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы қорытындыланды. Сонымен қатар бұл бағдарламаның алдағы 5 жылға арналған жобасы таныстырылды. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе мемлекет-жекеменшік әріптестікті жетілдіру шаралары туралы бірқатар министрліктер мен облыс басшылары баяндама жасады.

Көлік инфрақұрылымы мен транзиттік әлеуетті қалыптастырған бағдарлама

«Нұрлы жолдың» І кезеңі қорытындыланды

Елдің транзиттік әлеуетін арт­тыруға бағытталған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының 5 жылдығы аяқталуға жақын. Бұл мерзімде қандай жұмыстар атқарылғаны жайлы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов кеңінен баяндады. Оның айтуынша, соңғы 5 жылда көлік саласын дамытуға шамамен 5,8 трлн теңге бағытталды. Нәтижесінде, 400 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, ІЖӨ-дегі көлік үлесі 8,3%-ға, еңбек өнімділігі – 1,7 есе, контейнерлердің жалпы транзиті – 3 есе, транзиттен түсетін кіріс – 4,3 есе, жүк тасымалы транзитінің көлемі – 1,5 есе, транзиттік авиажолаушылар саны 4 есе өскен. 5 жылда 3 мың шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолы салынып, реконструкцияланды. Соның ішінде 15 мың шақырым облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолы жөнделіп, 1,4 мың шақырым жаңа темір жол пайдалануға берілді. Сонымен қатар Орал, Петропавл, Алматы, Семей, Қостанай, Балқаш әуежайларында 6 ұшып-қону жолағы жаңғыртылды. Бұған қоса Қытаймен шекарадағы терминалдардың өткізу қабілеті жылына 40 млн тоннаға дейін ұлғайды. Ақтау портын кеңейту және Құрық портының салынуы есебінен Каспийдегі порт инфрақұрылымының қуаты жылына 17,5 млн-нан 27 млн тоннаға дейін артты. Инженерлік желілердің ұзындығы 3,4 мың шақырымды құрады. «Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері ішкі су жолдарымен жүк тасымалдау көлемі 86%-ға, яғни 750 мың тоннадан 1,4 млн тоннаға дейін өсті. Ертіс өзенінде өтпелі кеме қатынасы қалпына келтіріліп, кеме жүзетін су жолдарының сапасы жақсарды.

– Соңғы 5 жылда көлік инфра­құрылымының дамуына 5 триллион 800 миллиард теңгедей инвестиция тартылды. Оның 44%-ы немесе 2 триллион 540 миллиард теңгесі мемлекеттік бюджеттен бөлінсе, қалған 56%-ы немесе 3 триллион 274 миллиард теңге мемлекет-жекеменшік әріптестігі үлесіне тиесілі. Көлік салалары бойынша инвестицияның басым бөлігі автомобиль жолдары мен темір жол жобаларына бағыт­талды, − деді Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министрі.

Бағдарламаның негізгі бағыт­тарының бірі автомобиль жолдарын дамытуға арналған. Оны іске асыру қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар 3 мың шақырым автожол салынды және реконструкциялаудан өтті. Қалған 3,8 мың шақырымды 2020-2021 жылдар аралығында аяқтау көзделген.

– Транзиттік әлеуетті артты­ру мақсатында халықаралық дәліз­дерді дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. 2015 жылға дейін 8 357 шақырымның 4 828 шақырымы жаңғыртылды, бұл негізінен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі. «Нұрлы жол» бағ­дарламасы аясында 1 882 ша­қырымда жұмыс аяқталды, 1 647 шақырымда құрылыс жұмыстары басталды, − деді Б.Атамқұлов. Ай­та кетерлігі, бағдарлама аясын­да жергілікті автожолдар желісіне ерекше назар аударылды. Өткен 5 жылда облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды дамытуға 590 млрд теңге бөлініп, 15 мың шақырым жол жөнделді.

Ақылы жолдардан жыл са­йын жиналатын қаржы 4 млрд теңгеден асқанын айта кету керек. 2013 жылы ұзақтығы 211 шақырым болатын «Нұр-Сұлтан – Щучъе» алғашқы ақылы автожолы қолданысқа енгізілді. Бұл учаскеден жылына 1 млрд теңгеден астам қаражат жиналады екен.

– Қазір ақылы жолдардың ұзақтығы 682 шақырымға дейін артты («Нұр-Сұлтан – Щучъе» – 211 км, «Нұр-Сұлтан – Теміртау» – 134 км, «Алматы – Қапшағай» – 42 км, «Алматы – Қорғас» – 295 км, жыл сайынғы жиналатын қаражат 4 млрд теңгеден асады. Бұл осы ақылы учаскелерді күтіп ұстауда бюджетті үнемдеуге мүмкіндік береді, − деді министр. Оның сөзіне қарағанда, автожолды пайдаланушыларға сапалы жол бойындағы сервис­пен қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы 1 822 нысанның 1 мыңы Ұлттық стандартқа сәйкес­тендірілді. Бюджет және жеке капитал есебінен қосымша 73 нысан салынды. Бұл жұмыс алдағы уақытта одан әрі жалғасады.

Азаматтық авиация саласының бесжылдық қорытындысы бойын­ша отандық әуежайларда қызмет көр­сетілген жолаушылар саны 16,2 млн адамға жетті. Яғни, бағдар­лама іске қосылған кезде 8,1 млн жолаушы тасымалданса, бұл көрсеткіш қазір 47 пайызға артты. Отандық авиакомпа­ниялар­дың әуе кемелері паркі ұлғайды, жаңарды, − деді Б.Атамқұ­лов. Министрдің баяндама­сында ай­тыл­ғандай, қазақстан­дық әуежай­лардың жерүсті инфра­құрылы­мын дамыту жұмысы жалғасуда. Бұл салаға тартылған инвести­ция­лардың жалпы көлемі 128 млрд теңгені құрады.

– «Нұрлы жол» бағдарла­ма­сының алғашқы бес жылдығы аясында Петропавл, Тараз және Семей әуежайларындағы терминалдар қалпына келтірілді. Алматы, Петропавл, Тараз, Орал және Семей әуежайларының ұшып-қону жолақтарын қайта жаңарту мен жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы Қостанай мен Балқаш әуе­жай­ларының ұшып-қону жолақ­тарын қайта жаңарту аяқталуда, − деді Б.Атамқұлов.

Сонымен қатар халықаралық авиақатынастар санын көбейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазақстан 26 мемлекетпен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасын орнатты.

− 2017 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында «ашық аспан» режімі енгізілді. 3 жыл ішінде қазақстандық және шетелдік авиатасымалдаушылар 19 жаңа бағыт ашты, оның ішінде Токио, Варшава, Будапешт, Хельсинки қалалары бар. Бұрыннан бар Лондон, Мәскеу, Бейжің, Ыстанбұл маршруттарында ұшу жиілігі ұлғайды. Қазақстандық тасымалдаушылар Шанхай (2020 ж), Сингапур (2020 ж.), Нью-Йорк (2021 ж.) сияқты ірі қалаларға рейс ашуды жоспарлап отыр, − деді ведомство басшысы.

Тақырыпты қорытындылаған Премьер-Министр Асқар Мамин «Нұрлы жол» бағдарламасының алғашқы бесжылдығында тиім­ді кө­лік-логистикалық жүйе құрыл­ғанын атап өтті.

– Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет Қазақстанда аймақтық көлік-логистикалық хаб құру және Еуропа мен Азия арасындағы трансконтинентальды көпірге айналу үшін қарқынды жұмыс атқарды. 2020-2025 жылдарға арналған жаңа «Нұрлы жол» бағдарламасының екінші кезеңі аясында еліміздің көлік-логистикасын құру және транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту бойынша жұмыс жалғасады, − деді Үкімет басшысы.

 

Мемлекет-жекеменшік әріптестігінің әлеуеті артуы тиіс

Елдегі мемлекет-жекеменшік әріптестікті дамыту мәселелері жайлы Ұлттық экономика ми­нистрі Р.Дәленов, Индустрия жә­не инфрақұрылымдық даму ми­нис­трі Б.Атамқұлов, Денсау­лық сақ­тау министрі Е.Біртанов, Білім және ғылым министрі А.Айма­ғам­бетов, Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайылов баяндады.

Ұлттық экономика министрі Р.Дәленовтің айтуынша, биылғы 1 қа­зандағы жағдайға сәйкес 1,6 трлн теңге сомаға 615 МЖӘ келі­сімшарты жасалды, оның ішінде инвестициялық қаражат көлемі − 551,5 млрд теңге, респуб­ликалық жобалар бойынша – 339,5 млрд теңге, жергілікті жобалар бойынша – 212 млрд теңге қарастырылған. Жобаларды жос­парлау мен дайындаудың түрлі кезеңдерінде 1,9 трлн теңгеге 638 жоба жүзеге асырылады.

Жиында белгілі болғандай, денсаулық сақтау саласында 3 жылда жергілікті атқарушы органдар жалпы сомасы 58,9 млрд теңгеге 127 МЖӘ келісімшартын жасады. Биылғы жылдан бастап 2024 жылға дейін МЖӘ аясында республикалық деңгейде 838,5 млрд теңгеге 16 үлкен аурухана салу жоспарланған, қазір 7 жобаны іске асыру басталды.

Білім беру саласында 243 млрд теңгенің 558 МЖӘ жобасы іске асырылуда. Биыл қаңтар айынан бастап 98 жекеменшік мектеп жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидаты бо­йынша 6 млрд теңгеге мем­ле­кеттік тапсырыс алады. 2019-2020 оқу жылының басында 47 жаңа жекеменшік мектеп ашылды. Жыл соңына дейін тағы 13 жекеменшік мектеп ашылады деп жоспарланып отыр.

Тақырыпты қорытындылаған А.Мамин мемлекет-жекеменшік әріптестікті дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.

– Мемлекет-жекеменшік әріп­тестікті дамыту – Үкімет жұмы­сының басым бағыттарының бірі. Аса маңызды жобалар көлік және инфрақұрылым, энергетика және ТКШ, білім беру, денсаулық сақтау сияқты секторларда іске асырылып жатыр. МЖӘ тетігі енгізілгеннен бері 1,6 трлн теңгеге 615 шарт жасалды. Сонымен қатар 1,9 трлн теңгені құрайтын 638 шарт пысықталуда. Жобалардың саны мен инвес­тиция сомасы бойынша серпін бар, дегенмен бұл әлеует тиісті деңгейде іске асырылмай отыр, − деді Үкімет басшысы. Премьер-Министр өз сөзінде көлік және энергетика, ТКШ саласында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастыруды тапсырды.

– Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі мен Индустрия министрлігіне МЖӘ-ні дамытудың озық халықаралық тәжірибесін ескеріп, заңнамаға қажетті өзгерістерді пысықтауды жүктеймін. Денсаулық сақтау, білім беру салаларында мемлекет-жекеменшік әріптестік жобалары белсенді түрде дамып жатқанын айтуға болады. Осы жұмысты жалғастыру қажет, − деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы мүдделі мемлекеттік органдарға Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, өздері жетекшілік ететін салаларда МЖӘ-ні дамыту бойынша Жол карталарын әзірлеуді тапсырды. Жүктелген тапсырманың орындалу барысы Үкіметтің Жобалық кеңсесінің отырыстарында тыңдалатын болады.