Руханият • 23 Қазан, 2019

Аталмай неге қалсын Мұса аты?!

364 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ән-жырдың алтын бесігі – Көкшетауда ақтаңгер ақын, әнші-композитор, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мұса Асайыновтың туғанына 90 жыл толуы айрықша салтанатпен аталып өтті. Ән кешіне ақынның перзенттері мен әнсүйер қауым қатысты.

Аталмай неге қалсын Мұса аты?!

Өткен ғасырдың сонау алпысыншы жылдары тұла бойындағы тамаша талантымен танылған от ауызды, орақ тілді айтыс ақыны, аспандағы аққуға үнін қосқан Үкілі Ыбырайдың немересі Мұса Асайыновтың атақ-даңқы дүркіреп тұрған еді. Ақыннан қалған рухани мұра да мол. Бүгінгі күні сол мұра жалғыз көкшетаулықтардың ғана емес, жалпы әнсүйер қауымның қадірлеп-қастерлеп орындауымен замандастарымыздың көкірегіне сәуле құйып келеді.

Мерейтойлық концерттің бағдарламасы Алматыда түзіліпті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Төлеутай еліміздегі белгілі әншілердің басын Көкшетауда қосты. Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнімен ән Меккесіне маңдай тіреген әншілерді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, жезқазғандық Ғалым Мұхамедин бастап келіпті. Білетіндердің айтуына қарағанда, ауыздан ауызға көшіп, мәңгілік мұраға айналған бір ғана «Гәккудің» тоқсан нұсқасы болған екен. Әу баста Үкілі Ыбырай бабамыз осы бір ғажайып өнер туындысын әртүрлі иірімде шырқап, түрлендіріп отырған деседі. Бүгінгіге жеткен жеті түрі бар. Кеш барысында көкшетаулық Иран сал Тасқара музыкасын өзі жазған «Мұсаның әні» мен «Үкілі Ыбырайдың соңғы сөзін» нақышына келтіре орындағанда, халық дауылды күнгі теңіздей толқып кетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлту Қабаева әнсүйер қауымды ашық дауысымен баураса, «Қазақконцерттің» әншісі Тельман Құжыманов Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» орындағанда тебіренбеген жан қалған жоқ шығар.

Қазақ әнінің кемеңгер тұлғалары –  Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ мұралары бір жаңғырып қалды. Ән кешіне Алматы мен Жезқазған, Қарағанды мен Нұр-Сұлтан қалаларынан арнай    ы келген әншілер де кілең дүлдүл екен. Ағайынды Тельман, Ерлан және Жоламан Құжымановтар көкшетаулық қауымға өнерімен олжа салды.

Мұсаның әні дегенде өз орындауында кейбір әндері таспаға жазылып, бейнесі аман жеткен екен. Ән кешінде қоңыр дауыспен орындаған «Көкшетау» әнін тыңдау мүмкіндігіне ие болдық. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева да туған жеріндегі торқалы тойға ат салысты. Кеш қонақтары – Ержан Базарбеков, Құрмаш Ыбышев тәрізді жезтаңдай әншілермен бірге Көкшедегі ән туын көтерген дәстүрлі әнші Қажыбай Жахиндер тамаша өнер көрсетті.

Кеш соңында облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан гүл дестесі ұсынылды.  Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов өнерпаздарға ақ алғысын айтты. Мұса ағамыздың Алматыдан келіп отырған қызы Фатима Мұсақызы жүрекжарды лебізін білдірді. Ұлттық өнердің жарқыраған бір шөкім жауһарын сыйлаған Мұса ақынның мерейтойы осылайша аталып өтті. Ән ұшқан, өлең қонған елде Мұсадай асылдың аты неге аталмай қалсын?!.