Ең қысқа әңгіме • 23 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Ақжол Қалшабек

657 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ең қысқа әңгіме. Ақжол Қалшабек

Апачи һәм Че Гевара

Апачилер Америкадан көшкен жоқ. Ленин мовзолейде жатыр. Че Гевара енді төңкеріс жасамайды. Аристотел философиямен айналыспайды.  Пикассо сурет салмайды. Гагарин аспанға ұшпайды. Виктор Цой ән салмайды. Шумерлер шу шығармайды.                                    

                                                         Эмигрант   

Біреу Америкада  белесебетпен пицца тасып жүр. Тағы біреу Парижде үй  ремонттап жүр. Тағы біреу Португалияда құлпынай теріп жүр. Тағы біреу Кембрижде оқып жүр. Тағы біреу эссе жазып жүр.                                                 

                                                                 ***

Қазақтар фейсбукке кіріп, лайк басты. Инстаграмға кіріп шешінді. Ютубта еңіреп, жылап жүр. Цукерберг – грек тілін оқыды. Ол Гарвардта бекер оқыған. Ақмешітте оқу керек еді. Ақмешіттегілер аккаунтқа жазбайды.

                                                               Шымкент

     

Шымкентте көлеңке көп. Шымкентті Қызғалдақ көп. Қошқаратада форелдер бар. Оны кім жейді? Бір қазақ Сарыағашта мандолин тартты. Ленгірден келген бір қазақ газетке корректор боп кірді. Кейін өлең жазды. Шымкентте пединститут бар. Профессор квас ішті. Тағы бір қазақ «Жигули» сатып алды.  Ол онымен Қатын көпірге барады. Мұнда доцент дәріс оқымайды, силлабус шығарады. Философ Аристотелді айтып болып, айран ішті. Шымкентте мүшә кептарлар көп. Мүшә кептарлар қызыл өрік жемейді. Шымкентте ит қызғалдақ көп, бірақ оны ешкім термейді. Шымкентте ешкім аналгин ішпейді, каптоприл ішеді.                 

Ақжол ҚАЛШАБЕК

Соңғы жаңалықтар