Аймақтар • 24 Қазан, 2019

Бурабай

1368 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мәңгі жасыл қарағай мен қолдың саласындай түп-түзу, кей тұсында мың бұралған жасыл желекті ақ қайыңдар көмкерген Бурабай баурайының бар тарихы, көне тарихы, жан баласына ашып айта бермейтін сыры мен жан жадыратар жыры үнсіз мүлгіп жатыр-ау. Егер табиғатқа тіл бітсе не айтар еді, соны ұға білсе ғой. Міне, Ақылбай асуына көтерілдік. Таспадай тартылған тас жол қайқаң етіп бір биікке шығарған. Асу үстінде тұрып төңірегіңе зер салсаң, толқынданып біткен, ұйыса өскен қарағайлар шашақты найза секілді көлбеңдейді. Ара-арасында піл сауырындай дөңкиіп қойтастар жатыр. Жасыл желегін Сарыарқаның самал желімен бұлғаған ару қайыңдар төңірегіне тамсанып қарайтындай.

Бурабай

«Оқжетпес» пен «Щучье» санаторий­лерінің арасындағы мың бұралып жатқан таспа жолдың биігіндегі Ақылбай асуы талай жүргіншінің табаны тиген ежел­гі соқпақ. Ілкі заманның ізетті тарихын көкірегіне тоқыған көнекөз қария­лар­дан талай естігенбіз. Қиырдағы Бетпақ­даланы басып, Сарыарқаның жонымен жол тартқан керуеншілер осы асуға иек артқанда, алдарынан Ақыл­бай батыр шықпаса, көңілдері олқы түсіп қалады екен. Ақылбай батыр керуен­ші­лерді асу­дан асырып салған соң көңіл­дері жай тауып, жөніне кетеді екен.

О, Көкше, көзді еріксіз тоқтатасың,

Ақша бұлтқа қадалған шоқпар тасың.

Ақылбайдың аса алмай асуынан,

Еңісте шөгіп жатыр ақ боташың.

Шамасы осы бір жан сезімін жыр қылып өрген ақын «ақ боташым» деп тұспалдағанда көз ұшынан көрінетін Ақбура тауын айтқан болар. Айтса айт­қандай, Ақбураның қос өркеші көгіл­жім шымылдықтың арасынан мен­мұн­далап көрініп тұр. Бір қараған адам айна-қатесіз қос өркешті бураға ұқса­тар еді. Ақбураның биігінен суы тіс сын­­ды­­ратындай суық бұлақ ағады. Тас­­тан-тасқа секіріп аққан бұлақтың дыбы­­сы да қызық. Бір түрлі мұңды тәріз­ді, отыз омыртқаңды опырып, қы­рық қабырғаңды қаусатып, зарлы үн шыға­ратындай. Бағзы заманнан келе жатқан аңызға сенсе, Ақбураның биігінен төмен қарай құлдыраңдайтын бұлақ бура­ның көз жасы деседі. Рас, кейде жылауық бұлақ та жадырайды, сақылдап күлетіндей, сықылықтап ойнайтындай.

Әне өр көкірегін көтеріп, төңірегіне анық айбар бергендей Жекебатыр жатыр көлбеңдеп. Кәдімгі жаугершілік заманның мәрт жауынгері іспетті. Тіпті дулығасы мен сауытын да шешпеген. Мәңгі ұйқыда. Ел шетін күзеткен ерен қалпында. Аңыз айтады, бағзы заманда өзі өте күшті, өзі соншалықты әділ батыр жігіт болған екен. Тұла бойында табиғат сыйлаған алапат қуат ғұмыры таусылып бітпестей. Қазақ даласының жорық пен жортуылдан аман қалған кезі бар ма? Мынадай сұлу дүниеге кімдер қызықпасын. Оңтүстік жақтан қисық қылышты жоңғарлар шегірткедей қаптаса, Батыстан Еділ қал­мақтары төнген. Талаған, қолға түс­кен ер-азаматты асқан, атқан. Қарсы тұрар қуат қайда? Қуат бар еді, бірақ басы бірік­пеген. Өздерімен өздері жерге, төрт түлік малдың жайылымына таласып, ауыз бірліктен айырылып қалған жұрт. Міне, осы кезде жас батыр бағы ашылмаған жұрттан кетіп, өз алдына бақ пен байлық іздегісі келеді. Ауылдың ұсталарына қылпылдаған өткір қылыш, берік дулыға соқтырады. Торғай көзді ақ сауытын киеді. Енді не керек? Жау жарағы үстінде. Темір таяқ тебендей болғанша көк теңізді көктей өтіп, жер шетіне жеткенше қуаты арылмас. Осылайша арман жетелеп алға қадам басқан жас жігіттің алдынан өзге батырлар кездесіп, жас жігітке бірігейік, бірге жүрейік, бақытты бірге табайық деген ұсыныстарын айтады. Бірақ жалындап тұрған жас батыр олардың айтқанына көне қоймайды. Амал жоқ көңіл түкпірінде жолықсам-ау деген, кезіксем-ау деген арман қиялы, бақытқа деген құштарлығы жетелеп жалғыз батыр жолға жеке-дара шығуға бекінеді. Кенет алдынан құмырсқадай қаптаған жау кездеседі. Дұшпан жалғыз екен деп аясын ба, қиян-кескі соғыс басталған. Көптің аты көп, ақыр соңында қанша жерден мықты болғанымен жеңіліс тапқан. Кереге көзді ақ сауытты жау найзасы қақ жарып өткен кезде әлгі батыр бақытты жалғыз іздеудің қате екендігін түсінді дейді. Бірлік керек, біріккен ел ғана ұшпаққа шыға алады. Жалғыз жүріп ешкімнің жол таппайтыны анық. Атам қазақ «жалғыздың үні шықпас» деп бекер айтты дейсіз бе? Аңыз әрі қарай былай жалғасар еді. Қансыраған батыр тұла бойынан әл кетіп, туған дала­­сында шалқасынан түсіп құлапты. Тас­қа айналған. Тас болғанда да өзінің еңсе­сін­дей биік, айбарлы тас. Қалжырап жатып ұйықтап кетсе керек. Дулығасы, садағы мен сауыты қасында. Міне, Жекебатыр тауы осылай пайда болған деседі.

Батырдың қырыққа таяу келген жасы,

Денесі биік жота, таудай басы.

Сақалы төсін жапқан, қыр мұрынды,

Киюлі баста жатыр дулығасы.

Ақиық ақын Сәкен Сейфуллин солай депті. Салқын самал жан дүниеңді жадыратып, көкірегіңнің көзін ашады. Көгілдір нұрға салынған көркем дүниеде тынысың кеңіп, тұла бойың жадырайды. Табан астындағы тылсым тарихтың қойнауын зерделей қалың ой қамап алады. Сәл жүрсеңіз алдынан жарқ етіп атақты Ақ алаң шыға келеді. Бір ғажабы осы Ақ алаң­ның қойнауы қоңыр салқын күзде де келген кісіні күпіге орап қойғандай жып-жылы болып тұрады. Мойныңды бұрып қарасаң, «Шайтан ұршыққа» көзің түседі. Тағы да аңыз. Бағзы бір заманда дәл осы жерде хан сарайы болған деседі. Қызық қуған, байлыққа белшесінен батқан хан ел-жұртын ұмытқан. Күнде көретіні сауық-сайран. Жұрт азып-тозған. Сол сәтте Жаратқан иенің қаһары ханға түскен. Алтынмен апталып, күміспен күптелген салтанатты сарайдың тас-талқаны шыққан. Елін ойламаған өңез хан тасқа айналып кетсе керек. Тас болғанда да құбыжықтың кейпіндегі Шайтантас. Бурабайдың баурайы қою қара түннің шымылдығын жамылған кезде Шайтантастың жанында бір кезде ханмен бірге ойын-сауық құрған он сан қыз қайта тіріліп, Шайтантасты мазақтап, қолдарын шапалақтап жүреді деседі. Шынында да бұл қорқынышты жер.

Сырға бөккен бір тұс – атақты Оқжет­пес шыңы. Әне бір үш кішіректеу шыңды тұрғылықты халық Үш діңгек деп атайды. Әр қилы айтылатын аңызда апалы-сің­лілі үш қыздың бейнесі деген де ұғым бар. Есте жоқ ескі кезеңде жақын маң­дағы, Бурабай баурайындағы қалың ел­дің ішінде бірінен-бірі өтетін үш сұлу қыз өмір сүріпті. Ал үш қыздың орта­сын­дағы жалғыз ұл – Оқжетпес жасанып келген жаудан беті қайтпайтын батыр болса керек. Үш қызды сырт көз­дің суығынан қорғайды, қамқоры, тірегі болады. Бір заманда Бурабайды бауы­рына басып алмақ болып, мұздай қару­ланған жау тап береді. Әлгі үш ару мен батыр бауырлары шыңды паналайды. Ажал аңсаған ақ жебе Бурабайдың үстін тор­ла­ған қазбауыр бұлттардың тынымсыз сорғалаған ақ жауынындай жауды дейді. Бұлар да қарап қалмайды, қайта-қайта садақ тартады. Қалың жау қаптап келіп қор­шаған. Дәл осы сәтте батыр жігіт Оқжет­пес шыңына, ал он жетіде бір гүлі ашыл­маған үш ару үш қамал тасқа айна­лып кеткен деседі. Қанша кектенсе де, құзар жартасқа құдіреті жетпеген жау кейін қай­тыпты. Міне, осы Оқжетпес, Үш діңгек, Бөлектау, Теміртау мәңгілік көр­ген жанның таңдайын қақтырып, мызғымай тұр.

Бурабайдың ну ормандары мен сырға тұнған сұлу қойнаулары жер бетіндегі адамзаттан бұрын жаратылған деген болжам да бар. Мәселен, «Бурабай обалары», «Бурабай кеніші» деп аталатын ертеректе жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары осы бір пікірдің куәсіндей. Киелі жерлердегі 120-ға жуық обаға қазба жұмыстары жүргізіліпті. Зерттелмегені қаншама. Бір заманда Бурабай ауыл шаруашылығы техникумының маңынан жер қазушылар көне табыт тауып алыпты. Шамасы 1928 жыл болса керек. Табыттың беті салмағы төрт тоннадай гранит таспен көмкерілген. Мәйіттің қасынан үлкен шұңғыл қазан, алтын мен күмістен жасал­ған сан алуан зергерлік бұйымдар, сосын ер-тұрман табылған. Бұл табытты ел тарихын екшеген ғалымдар түбегейлі зерт­тей келе, ІV-V ғасырлардағы осы төңі­ректі жайлаған түркі тайпаларының мұрасы деген болжамға келген.

Тау баурайына келушілер Жұмбақтас пен Оқжетпеске Үш діңгек пен Көкше, Ақбура­ға көз суарып тұрған кезде жана­рыңды жасқайтын Бөлектау мен Темір­таудың сырлы сымбатына айрықша таңғалады. Әсіресе Теміртаудың қыр­қа­сына көтерілгенде, Күміскөл мен Айнакөл тостағанға шүпілдетіп құйған саумалдай жарқ етіп алдыңа келеді. Сол сәтте осы бір қайталанбас ғажайып суретті көр­ген адам екі қолына екі тостаған ұстап тұр­ған­дай әсерге бөленеді. Ақ бураның бұй­­ра-бұйра өркештері Теміртаудың биігі­­нен сұқтана көз салғанда, тұтас бір ғажап сурет тәрізді көрінері бар. Дәл осы жерде тұрып Оқжетпестің басын­да тізе бүгіп жатқан «пілді» Темір­тау қия­сынан қанша қарасаң да таба ал­май­сың. Бейне-бір Жекебатыр шырт ұйқы­сынан оянып, піліне мініп, егеулі найзасын көкке сермеп тұрғандай көрінеді. Ендігі бір қызығы, Бурабай көлінің Жұмбақтас жағалауымен жүрсеңіз, шың басында жатқан піл тағы да алдыңыздан шығады. Анырығырақ зер салсаңыз, әлгі пілдің қамшылар жақ құлағына жармасып тасбақа өрлеп бара жатқандай. Әрқайсысы өз алдына көркем бір дүние – Сандықтас, Тас кебіс, Сиыртас, Аютас, Қойтас. Сөз арасында айта кетерлігі, бағзы заманда ата-бабаларымыз бүгінгі күні біз Бурабай көлі деп, Кішкене Шабақтыны – Шабақкөл, Үлкен Шабақтыны – Айнакөл деп атаған. Бұл жайында белгілі шығыс зерттеушісі, академик-ғалым В.Бартольд түркітектес халықтар арасында топоним атаулы өзінің тарихи деректілігімен, жердің қасиетіне сәйкес атауын дәл тауып қояды деп таңғалып жазған болатын. Тананың көзіндей жарқ етіп Аққу көлі шыға келгенде, былайғы жұрт аңтарылып қалатыны бар. Аққу көлі жайлы да аңыз аз емес. Есте жоқ ескі кезеңде көл үстіндегі бір топ аққуға жау қалмақтың бірі садақ кезесе керек. Ең шеткі балапан аққуға жебе тиген. Қалған аққу дүрк етіп көтеріліп, сыңси ұшып Бурабайдың биігіне, садақ оғы жетпес жерге барып қалады. Бірақ көл үстіндегі балапанды тастап кетуге қимайды. Тәмам аққу жылаған. Өлім аузындағы балапанға медет тілеген. Әуел баста бұл оймақтай ғана шағын көл екен, топ аққудың көз жасынан молайған, кенересі кеңіген. Содан бастап Аққу көлі атаныпты-мыс.

И.Словцовтың 1878 жылғы жол жазбасында, П.Емельяновтың 1912 жылғы «Бурабай – климаттық станса және курорт» деп аталатын мақаласында табиғат суреттері тамаша баяндалған. Әсіресе И.Беклемишев өткен ғасырдың соңында Бурабай баурайындағы үш көлдің бір-бірімен байланысты су жүйесі екендігін айтып, біршама деректер келтірген.

Бурабайдың оңтүстік бағытында көз ұшымен мөлшерлегенде шамамен жиырма шақырым жерде Қотыркөл жатыр көлкіп. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта мың қаралы жылқыны пұшпа­ғынан тер сорғалата қуып әкеліп, көлге құлатса керек. Қалың жылқы жаппай қотырға ұшыраған. Содан соң жазығы жоқ көл Қотыркөл атаныпты деседі.

Бурабай баурайын аралағандар «Ар­қа­ның алтын алқасы», «жұмыр жердің інжу маржаны», «Қазақстанның Швей­цария­сы» деп жатады. Сол талайды таңғал­дыр­ған тамаша табиғаттың қойнауын­да бұғып жатқан аңыздың бір парасы осындай.

 

Ақмола облысы