Аймақтар • 24 Қазан, 2019

Көшелер және көшелі істер

926 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тойбастар көшесін қуалай төмен түскен бойда, күнбатысты бетке алып Тайбурылдың тақтайдай асфальт жолының жиегіндегі түп-түзу тротуармен жүріп келемін... Арт жақтағы Ықылас көшесінің зәулім теректері көз ұшында бұлдырап қалды. Алдымда – Тайбурыл тұйықталған жерден басталатын Жазира көшесі. Міне, оң қанатта Шабыт шағын ауданы деген тайға таңбай басқандай етіп жазылған көрнекі тақтаға көзім түсті, енді бір елу метр­ден соң Атамекен, одан әрі Алмас шағын аудан­дарының еңселі үйлерінің қақпалары қарайып жалғаспақ!..

Көшелер және көшелі істер

Бұл өзі қай қиял-ғажайып ертегіден үзінді дерсіз? Ертегіге бергісіз қай ел, қай қаланың көше атаулары өзі?! Оқырманды үздіктір­мей-ақ қояйын, бұл – кәдімгі өзіңіздің сүйік­ті Алматыңыз! Кәдімгі өздеріңізге ертеден жақсы таныс әрі өте жақсы білетін Жандосов – Шаляпин, Саин – Ясауи атты төрт көше қам­тып жатқан шаршы. Бұл – аумақтағы бұрынғы Юбилейный, Новостройка, Центральная көшелері мен Дубок, Дубок-2, Школьный, Школьный-2 шағын аудандарының бүгінгі таңдағы ауыстырылған атаулары. Небәрі соңғы үш жылдың ішінде Алматы қаласында 181 көше мен шағын ауданның атаулары қазақшаланды. Шаһар шаһар болғалы оның құрылымдық ғұмырында дәл мұндай Шарапат іс Шапағат (көшелер) шашпаған екен. Сол 181 көшенің ішінде,  жоғарыда еске алғандай, «ертегі» деген көшенің ғана атауы жоқ, сенесіз бе, өзгесінің бәрі бар! Өте үлкен мегаполис Алматының қазіргі жаңаланған көше атаулары Қылқобыз бен Құлыншақ, Жар-жар мен Домбыра, Текемет пен Кимешек, Білезік пен Әлқисса, Ғаламат пен Ғажайып, Долана, Дулыға, Мәңгілік Ел, Ұлы дала... дегендей тіркесіп, тізіліп кете береді. Дәуірі Өрлеу үстіндегі ұлтымызға тән Тектілік (ондай көшелер де бар!) емей немене бұл?! Әлбетте, атауларға қатысты ежелгі әкімшілік-аумақтық бөліністің дәстүр талаптары мен міндеттері де Кемеңгерлікпен (бар!) сақталған, мәселен: Шамғон Қажығалиев, Поль Гурдэ, Фарида Шәріпова, Тимофей Сидельников, Өмірзақ Сұлтанғазин, Василий Бартольд, Барлыбек Сырттанұлы... Осы арада қаншама уақыт қажымай Ұлағат көрсетіп еңбек еткен ұлт пен рух жанашырларына – тіл мен ономастика мамандарына, қалалық мәслихаттың Ақжүрек те Ардақты (үшеуі де көше аты!) депутаттарына тек қана Алғыс, Құрмет және Қошемет (бұрынғы Ладуш­кина-1, 2, 3) арнағың-ақ келеді!

Бұл үрдістің Тәуелсіздік таңында бастау алғанын біздер жақсы білеміз, тірі куәлармыз. Мир көшесін Желтоқсан атауына ауыстыру (Ол кезде қала әкімі  Заманбек Нұрқәділов) туралы шешімге Алматыдағы бүкіл орыс тілді басылымдар, тұрғындар емес, дүрлігіп қарсы шыққаны да есте. «Коммунистікті – Абылай хан, Комсомолды – Төле би, Советті – Қазыбек би деп ауыстырдыңдар, осының өзі мемлекеттің бюджетіне орасан шығын (!) әкелді, қабырғаға ілінетін қаңылтыр металл ысырапқа ұшырады(?!), Мир деген Бейбітшілік қой, оны ауыстыру не үшін қажет, халық бұған қарсы» деген қазына мен халықтың «қамқоршылары» ертоқымын бауырына алып тулады. Шынтуайтында, олар Желтоқсан оқиғасын мойындағысы келмегендер-тін! Қала әкімі мен мәслихатының депутаттары (олардың арасында кертартпалар көп еді) «олай болса, Сәтбаев пен Абай көшелерінің аралығы, желтоқсаншылардың рухы үшін Желтоқсан деп аталады» деген уәжбен мәмі­леге келген сыңай танытты. БАҚ-тағы дүмпу басылды. Арада жыл өтті ме, жыл жарым өтті ме, әйтеуір, уақыт ұтқан қала басшы­лығы ар­найы шешіммен Мир көшесін түгелдей Желтоқсан атауына ың-шыңсыз ауыстырып жіберді, «шуылдақтар» хабарсыз қалды. Ондай да болған!

Алматы көшелері қазір Абай-Абая, Төле би-Толе би, Мәметова-Маметова, Байтұрсынұлы-Байтурсынулы сияқты қосарланған атаулардан құтылды. Көше аты бірізді қазақша, ал «көше» деген сөз ғана үш тілде жазылатын жақсы тәсіл шықты. Көше өзгерту қала бюджетін кеміреді-міс деген маусымдық кеселдің де емі табылған. Қазір шағын бір баспахана бір көше емес, жүз көшенің атын арнайы материалға бір сағаттың ішінде-ақ жазып береді. Әрі өте арзан.

...Тайбурыл көшесінен жеңіл көлікке мініп Әуежайға бет алсаңыз, әл-Фараби даңғылына түсесіз, содан 40 минутта әуе қақпасына жетіп барасыз. Ең көрікті Табиғат (көше) аясы Көктөбенің баурайымен зымырап (сағатына – 80 км!) келе жатып, Оренбургская деген көшені қиып өтесіз. Қарсы бетте Одесская мен Брянская көшелері қалады... Бұл даңғылға түспеген кісі кемде-кем! Мәслихат депутаттары мен билігі зор тіл мамандары оны көрмей жүрген жоқ! Ендеше, осы үш көшенің де қазақшаланатын күні алыс емес деген Ілтипатпен (көше), бүгінгі әңгімемізді аяқтайық!

Алматыдан үлгі алайық!