Қоғам • 24 Қазан, 2019

Қос ғылымды серік еткен Серікболсын

706 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Домбыра алса әнші, доп ойнаса спортшы болып кететін жаратылысынан жан-жақты жандар айналасына қашанда ардақты. Абыройы да асқақ, беделі де биік. Аудан түгілі аумағына, орта түгілі облысына танымал осындай кейіпкерлерді кездестіру қиын емес. Болмыс-бітімі, тұлға-тұрпаты келіскен өн бойы өнерге, сымбаты спортқа бейім жандарды құрбылары құрметтеп, ағайыны ардақтап, қоршаған ортасы қолынан келгенше әлпештеп, әспеттеп жүретінін көресіз. Оның бәрі адам бойына біткен қабілет пен қасиет деген ерекше екі ұғымның ұштасуынан туған бірегей дүние. Сондай соқпақты жасап, көпшіліктің көзайымына айналып үлгерген үміткерлерге біздің қазақ «сегіз қырлы, бір сырлы» деп тарихи таңба боларлықтай мәртебелі мөр басқан. Баянауылдың бауырынан, Жаяу Мұсаның ауылынан шыққан Серікболсын Дүйсембай да бір бойына қаншама қабілет дарыған дарынды жас азаматтардың бірі.

Қос ғылымды серік еткен Серікболсын

Оның дарындылығын айт­қан кезде ең бірінші оқушы Серік­болсынның обра­зына көз жүгірту керек. Алғашқы білім­ді ауылдық мектептен алған ақынның бал­дыр­ған жырлары да осы тұста тұ­сауын кесті. Жаз­ба поэзияның жалына жармаса мініп, қара өлеңге қамшы бас­қанда ол 11-12 жастағы ба­ла болатын. Баламын демей балғын жырға қар­мақ салып, өн бойындағы өлең өлке­сінен сәби сәлемін жолдап жатты. Нә­ресте жүрегіндегі ақындық намыс пен ұшқыр қиялы ұштасып, балапан жырларға баспалдақ болды. Ауылдастары да, бауырластары да алғыр Серікболсыннан ақын шығатынына күмәнданған жоқ. Керісінше, келісті жырларына жемісті ғұмыр тіледі. Атаның б­атасымен, әкенің тіле­гімен, ананың жүрегімен ауылынан қалаға ақын болып аттанған сер­гек сезімді Серікболсынның поэ­зия патша­лы­ғына сапары осы­лай басталған болатын. Баян­ауыл ауданы, Жаңа тілек ауы­лы Бақыт Хайдаров атындағы ор­та мек­тептің 6-сыныбынан соң, Павлодар қала­сындағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернатына ауысты.

Қалаға қадам басқан жетінші сы­нып­тағы жеткіншектің талабы да, талғамы да бөлек еді. Серікболсынның бағытына бағ­­дар­шам болып, қанатының астына алған қамқоршы ағалары мен ұлағатты ұстаздары аз болған жоқ. Республикаға аты мәлім Ы.Ал­­­тын­сарин атындағы алтын ұя талай шә­кірт­тердің то­мағасын сыпырып, топ­қа қо­сып жүрген білікті білім ордасы. Ай­тыс­қа баптаған ұстазы, белгілі ақын Асығат Тұр­­ғанбек шәкіртінің 10-сыныбында-ақ шымыр шумақты, қалың бояу­лы өлеңдер топтамасын шығарғанын айта­ды. Зейінді де зерек оқушы облыстық, респуб­ликалық түрлі әдеби оқулар, ақындар айты­сының басты жүлделерін қанжығаға байлады.

Айтулы айтыстардан талай жүлдені тақымдаған Асығат Тұрғанбек бүгінде Павлодар өңіріндегі «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының дирек­торы Арман Қани Серікболсын Дүйсем­байдың балғын жырларына бата беріп, ақындық қадамын ағалық қамқорлықпен қадағалап отыратын. «Серікболсынның өлең өлкесіне із сала бастаған кезіндегі тырнақалды туын­ды­ларының өзінде соны ой өрімдері мен айшықты өрнектер жиі ұшырасады. Кейін­гі туындыларында біртұтас дүниенің шынайы болмыс-бітімін бір-бірімен үйлесім тап­қан сан алуан бояумен бейнеленеді» деді Арман Қани.

Енді ғылым жолындағы Серікболсын­мен таныса отырайық.

«Мен 7-сыныпта қолыма домбыра алып, өнер сахнасында айтысуды бас­тадым. Сенің жолың айтыс емес, поэзия дейтіндерге қара­мастан, айтыстан республикалық дең­гейде бас жүлделер алып, тұңғыш поэ­зия кіта­бым­ды да мектеп кезінде жарыққа шығар­ған едім. Мек­теп қабырғасында айтысып жүріп, мате­матикалық сыныпқа ауыстым. Кей мұғалімдер менен «математик» шы­ға­ты­нына күмәнданды. Айтыскер достарымның ішінен «өмір бойы есеп шығарып өтесің бе» деп қарағандары да болды. Алайда, бір жыл дайындық ішін­де гимназия тарихында бол­маған олим­пиадалық жетістіктерге жеттім. Сол уа­қытқа дейін неміс тілін оқып келсем де, 10-сыныпта ағылшын тілін нөлден бастап үйреніп, Назарбаев Университетіне түстім. Университет қабырғасында репетиторлық жұмы­сымды «ұсақ-түйекке» теңеп, ата-ана­сының қамқорлығынан аса алмай жүрген студенттер де болды. Бірақ оқушы­ларым халықаралық деңгейлердегі олимпиадалардан топ жарды. Сол кезде алғаш рет математикадан Назарбаев зияткерлік мектептеріне түсушілерге арналған қо­сым­ша оқулықтар шығардым», дейді С.Дүйсембай.

Ақын Серікболсын мен математик Серік­­­болсынның айырмашылығы тек өлең шығару мен есеп шығаруда ма? Жоқ, олай емес. Бұл жерде талантты жігіттің табан­дылығы мен ілгері ізденісін айтуымыз керек. Себебі осындай адамдарды көргенде көбісі «екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деп болмашы болжамдар жасап жатады. Біздің кейіпкеріміз болса қос саланы ұстаса да екеуінен де жо­ғары нәтиже көрсетіп үлгерген. Назар­баев Университетінің түлегі, математи­ка магистрі, докторант Серікболсын қа­зір Сауд Арабиясындағы KAUST уни­вер­ситетінде білім алып жатыр. Оның айтуын­ша, KAUST (King Abdullah University of Science and Technology) Қызыл теңіз жа­ға­сында орналасқан жабық қалашық, кам­пус. Бұл қалашықта тек университетке қатысы бар адамдар (студенттер, профессорлар және ғылыми қызметкерлер) тұрады екен. Барлығы шамамен 1000 сту­дент. Ал бюджеті 20 млрд доллар, ал күн­­дік шығыны шамамен 2 млн доллар. Сту­­дент­тердің тұратын үйлері – таунхаус­тар (екі қабатты пәтерлер). Кампус ішінде ша­ғын автобустар, медицина, спорт орта­лық­­тары да тегін. Жұмыс уақыты да еркін екен.

серікболсын

«Қасиетті Мекке мен Мединаның қақ ортасында орналасқан оқу орнына «ая­ғымды салбыратып» түсіре салған Ал­лаға мың да бір шүкір. Бір өзінің бюджеті бүкіл Астана қаласының бюджетінен 6 есе артық бұл университетте оқу көп адамның арманы шығар. Қазір «Қолданбалы математика және компьютерлік ғылымдар» ма­мандығы бойынша магистратураны аяқ­тадым. Енді докторантурада оқып жатырмын. Шетте жүрсем де Youtube желісінде SerAi Academy арнамды ашып, 2500-ге жуық оқушыға тегін білім беріп жүрмін. Әр есепті 6000-7000 оқушы көреді. Бірде Аят­жан Ахметжанұлы: «Шетелде жүріп қанша мықты, сапалы білім алсаң да, оның нәрін қазақ балаларына беруің керек» деп ескертіп еді. Сондықтан шетте жүріп, шетелдік студенттерге сабақ беріп жүрсек те (Teaching Assistant), басты мақсат – Қазақ еліндегі ғылымды, әсіресе техникалық, математикалық жағын жаңа деңгейге көтеру. Әрбір ғалымның мақсаты өзі айналысып жүрген саласында бір жаңалық ашу немесе жаңа инновация жасап шығару болады. Менікі де, қолданбалы математика ғылымында инженерия-технология саласында қолданылатын бір жаңа модель жасау. Әрі қазіргі ғылымды одан сайын дамыту. Сол үшін де қазіргі таңда еуропалық, америкалық ғалымдармен тәжірибе алмасып, жиі кездесіп тұрамыз және шетелдерден алып жүрген білімімді қазақтың қаракөз балаларына жеткізіп, олардың заманауи әлем көшінен қалмаған ұрпақ болып қалыптасуына өз септігімді тигізгім келеді», дейді Серікболсын Дүйсембай.

Алақандай ауылдан шығып, Алатаудай биікті бағындырып үлгерген кейіпкеріміз Серікболсынның ұқыптылығына, ұлтжан­дылығына ерекше тәнті болдық. Шекара асып, шетелге барып жинаған шеберлігін қазақ баласының болашағына арнаймын деген тамаша талпынысына табыс тілейміз.