Қазақстан • 24 Қазан, 2019

Мәдени марафон

463 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жезқазған қаласының мәдени өміріндегі айтулы оқиға ретінде есте қалған Жанат Хаджиев атындағы халықаралық театр­лар фестивалі жоғары деңгейде өтті. Биыл үшінші рет жалау желбіреткен өнер сайысы театр тарланының туғанына 70 жыл толуына арналған еді.

Мәдени марафон

Еске салсақ, бұл фестивальдің тұсау­кесері 2017 жылы Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қа­зақ музыкалық-драма театры­ның 45 жылдық мерейтойы аясында аймақтық деңгейде өткен еді. Енді міне, ол қанатын кеңге жайып, халықаралық мәртебе алған дәрежеге жетіп отыр.

Өнер байқауының шы­мыл­ды­ғы С.Қожамқұлов атындағы Жез­қазған қазақ музыкалық-дра­­ма театры ұжымының өнер тар­ланы Ж.Хаджиевті еске алуға арналған сахналық қойы­лым­­дармен түрілді. Мәскеудің М.Щепкин атындағы Жоғары театр училищесін бітірген 17 жас өнерпаз түлек осыдан тура 47 жыл бұрын ешқандай кәсіби театры жоқ өңірге келіп, киелі шаңы­рақты бірлесе көтерген еді. Қазақстанның халық әртісі Досжан Жанботаев сол бір жалын­ды жастық шақта бірге оқып, сахна­да қатар еңбек еткен Жанат досы туралы тебірене толғанып, марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынды.

Фестивальдің ашылу салтанатында Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова құттықтау сөз сөйлеп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған мәдени шараға қолдау білдірген облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама бас­қар­масына шынайы алғыс сезі­мін жеткізді. Бұдан соң Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері, елордадағы жастар театр­ының көркемдік же­тек­шісі әрі бас режиссері Нұр­қа­нат Жақыпбай сөз алып, Жанат Әубәкірұлы туралы тағы­лым­ды естелік айтып, ізгі шараны ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын білдірді.

Жезқазғанның мәдени өмірін бес күн дүбірге бөлеген өнер бай­­қауында сегіз театр өнер көр­сет­ті. Олардың арнайы дайындап әкелген қойылымдарының кө­рермен тарапынан зор қы­зы­ғушылық тудырғанын айта кет­кен ләзім. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық балалар мен жас­өспі­рімдер театры фестивальге «Ұмы­тыңдар оны» («Герострат тірі екен») трагикомедиясының қойы­лы­мы­мен қатысты. Орыс жазушысы Григорий Горин қала­мы­нан туған бұл шығарма – әлем­дік театр өнерінің классика­сы­на айналған Герострат туралы аңыз. Фестиваль қойы­лымдары одан әрі Шығыс Қазақ­стан облыстық драма театры ұжы­мы ұсынған Б.Мұқаевтың «Сергелдең болған серілер» комедиясына, А.Умуралиев атындағы Бішкек қалалық драма театры әртістері сахналаған Ж.Ануйдың «Сфорцандо» трагифарсына ұласты. Әрбір қойылым соңынан қазылар алқасы құрамындағы теа­тр мамандары спектакльдерді жан-жақты әрі ашық талқылап отырды. Фестивальге Семейдің Абай атындағы Мемлекеттік қазақ музыкалық драма теат­ры Иран-Ғайыптың «Адасқан бақ құсы» спектаклін әкеліпті. Ре­жис­сер Е.Төлеубайдың қо­ғам­­ның шер-шемені іспетті бұл қойылымына байланыс­ты екіұдай пікір білдірушілер бол­ды. Негізінде, әртістердің сахнадағы ойын-өрнегі тартымды шыққан. Керкеткен патша-әміршіні сомдаған Бауыржан Төлековтің, Қосүрей (арқалары жабысқан сиам егіздер) рөліндегі Азамат Нұрғабыс пен Сәндібала Бекбаеваның, Бақ құсы болған Әлия Таңатарованың әртістік шеберліктеріне көрермен қа­уым ризашылығын білдірді. Өзбек­станның «Турон» Мемле­кет­тік әскери театры фестиваль тал­қысына «Өлең» музыкалық драмасын ұсынды. Сондай-ақ Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыс­тық қазақ драма театрының Х.Мюл­лердің «Филоктет-Медея» тра­ге­диясы, М.Вохидов атындағы Тәжік­стан мемлекеттік жастар театры сахналаған А.Фирдоусидің «Знамя Ковы» тарихи драмасы да өнер ұжымдарының өзіндік ізденістері мен ішкі мүм­кіндіктерінің мол екендігін көр­сет­ті.

«Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, көрермен қауым мен қазылар алқасы С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ му­зы­калық-драма театры әзір­ле­ген спектакльдің сахнаға шығар сәтін асыға күткені рас еді. Бұл театр – тарлан режиссер Жанат Хаджиев қойылымдарының қол­таң­басының табы қалған әрі ірі сахна шеберінің өзіндік мектебі қалыптасқан ұжым болған­дықтан, мұның өзі шал­ғай өңірдегі театр­ға айрықша жауап­кер­шілік жүк­тейтіні белгілі. Бұл жолы көрер­емен назарына Шыңғыс Айтма­тов­тың жуырда ғана премьерасы өткен «Шыңғысханның ақ бұлты» эпикалық драмасы ұсынылды. Қоюшы режиссер Теміржан Жанбо­таевтың аталған драманы сахна­лауға үлкен ізденіспен келгені байқалып тұрды. Әлемнің көптеген бөлігіне билігін жүргіз­ген қаhарман қолбасшы туралы кесек қойылым үмітті ақтап, көпшілік көңілінен шықты. Шың­ғысхан рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Бұлғақ­баев сомдады. Спектакльді талқы­лау барысында қазылар алқа­сы­ның төрағасы, профессор Нұрқанат Жақыпбай бастаған театр маман­дары да эпикалық драманы жаңа нұсқа ретінде қабыл­да­ғандарын айтып, оң баға­сын берді. Актерлердің сахнада бір кісідей жұмыла ойнауы жақсы әсер қалдырғанын атап өтті. Кейбір ұсыныс пен сыни пікірлер де ортаға салынды. Мәселен, өнертану кандидаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының Театртану және кино бөлімінің меңгерушісі Аманкелді Мұқан: «Спектакльдің басым бөлігі Шыңғысханның балалық, жігіт шағынан бастап, қолбасшы болып тұлға ретіндегі қалыптасу кезеңін қамтиды. Мүмкін осыны ықшамдау керек пе еді», деген ой білдіріп, жалпы спектакльдің жақсы әсер қалдырғанын жеткізді. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультетінің деканы, өнертанушы Меруерт Жақсылықова қойылымда ішкі-сырт­қы дайындықтарды жақсы көр­сеткенін, тек жарықты дұ­рыс беру сияқты техникалық мүм­кіндіктердің жеткіліксіздігі бай­қа­лып қалғанын тілге тиек етті. Басты рөлдегі С.Бұлғақбаевтың кейіпкер образын шығарудағы шеберлігіне жақсы баға берді.

Фестивальге келген қонақтар қазақ театр өнерінің ірі қайраткері Жанат Әубәкірұлының есімін ұлықтап, қаншама сырт ел­дер­дің театрлары мен өз өнер­паз­да­рымыздың қатарласа өнер ­көр­сетіп, тәжірибе алмасуына мүм­кіндік туғызған осы шараны ұйымдастырушыларға зор алғыстарын жеткізді. Бұл – ұлттық мәдениетті, дәстүрді сақтауға, театр­лардың жаңарып отыруына және рухани өсуіне жақсы ықпа­лын тигізетіні айрықша айтылды. Театр өнеріне – туризмнің көзі ретінде қарау керектігі де ұсынылды. Фестивльге қолдау жасау үзіліп қалмаса екен деген ізгі тілектер білдірілді. Уфа мем­лекеттік өнер институты Тарих және өнер теориясы кафед­ра­сының меңгерушісі, театр сын­шысы Айсылу Сағитова: «Қа­зақ­станда өнерге, кәсіби театр өне­ріне жақсы мән беріле­тін­дігі байқалады. Әртүрлі фес­тиваль­дер жиі өткізіледі. Бұл театр­лар­дың өсуіне үлкен ықпа­лын тигізуге тиіс», деді.

Қатысушы театрлардың бар­лы­­ғына салтанатты жағдай­да Ж.Хаджиев атындағы фес­ти­вальдің арнайы дипломдары, кәдесыйлар мен ақшалай және атаулы сыйлықтар тапсырылды. «Үміт» аталымы сыйлығына Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық балалар мен жасөс­пі­рімдер театры­ның актері Мақсат Рахмет, осы театрдың белді актері, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген әр­тісі Са­ғызбай Қара­балин «Екін­ші пландағы үздік ер адам­ның рө­лі», Бішкек қалалық драма театрының актрисасы Жайнагүл Абду­саламқызы «Екін­ші план­да­ғы үз­дік әйел рөлі» аталымдарына ие болды. «Үздік актерлік ансамбль» ата­лы­мы А.Умуралиев атын­­да­ғы Бішкек қалалық драма теат­рына, «Қазылардың арнаулы сыйлығы» Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық театрына, «Үздік музыкалық спектакль» аталымы Өзбекстан театр­ына, «Үздік режиссура» сыйлығы С.Қожамқұлов атын­да­ғы Жез­қаз­ған театрының режиссері Теміржан Жанботаевқа, Ж.Хад­жиев атындағы арнаулы жүлде Тәжікстан мемлекеттік жастар театрына тапсырылды. Жезқазған театрының бастамасымен, оның ішінде кезінде қатарлас еңбек етіп, үлкен өнер шаңырағының іргетасын бірге қаласқан және осы игі іске ұйтқы болып Жанат режиссердің рухын көтеріп жүрген Досжан Жан­ботаевтың еңбегіне шынайы риза­шы­лығын білдірген Жәкеңнің зайыбы Рашида Хаджиева өз атынан оған 3 мың доллар ақшалай сыйлығын ұсынып, құрмет көр­сет­ті.

Халықаралық фестивальдің қонақтары бұл мәдени шараның Жанат Хаджиев сияқты майталман режиссердің еңбегін кейінгі жастарға жеткізіп, насихаттауымен құнды болды дегенді бірауыздан айтты. Шалғай­дағы Жезқазғанда осындай ха­лық­ара­лық деңгейдегі байқаудың өтуі – өнер тарланының театр шам­шы­рағын жарқыратып жағып ке­туінің жемісі. Сол шамшырақ дә­йім сөнбесін дейік.

 Амандық РАХҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 Қарағанды облысы,

Жезқазған қаласы