Қазақстан • 24 Қазан, 2019

Латыншаға көшу науқаншылдықты көтермейді

268 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Латыншаға көшу науқаншылдықты көтермейді - дейді «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының үйлестірушісі  Дәулет Әбенов.

Латыншаға көшу науқаншылдықты көтермейді

Ия, бүгінгі материалымыздың тақырыбына шығарып отырғанымыздай «Егеменнің» Ақтөбе қаласындағы тілші қосынына арнайы келген азаматтың айтары жеке бастың қамы емес, латыншаға көшудің жай-күйі болып шықты. Ол таяуда жаңа әліпбиді одан әрі жетілдіре түсудің маңыздылығы жөнінде ой толғаған республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тоқтамына екпін түсірді. Мемлекет басшысы мәлімдегендей әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қаріптерде әлі де болса олқылықтар бар екені жасырын емес деді ол.

Президенттің айтқанын тілші ғалымдар мен арнайы мамандар әзірлейтін оқу орындары өзара бірлесіп, жұмыла іске асырғаны жөн. Тек осындай жағдайда ғана іс нәтижелі болмақ. Осы орайда соңғы екі жылда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде біраз істер тындырылды. Латыншаға көшу науқаншылдықты көтермейді. Бұл ішкі иірімі мен астары мол, әрі күрмеуі көп іс. Сондықтан аталған жоғары оқу орнында ең алдымен латын графикасына көшу үшін қандай ұстанымдар алға ұсталуы керектігі айқындалды. Сонымен бірге тиісті тіл заңдылықтарына сүйену қажеттілігі де ескерілді деді тарих ғлымының кандидаты Дәулет Әбенов.

Оның айтуынша болашақ тіл мамандарының кәсіби құзіреттілігін қалыптастыра білудің рөлі жоғары. Бұған ықпалын тигізу үшін «Егеменге» келген ғалым жетекшілік жасайтын орталық «Латынға көшу – өркениетке қадам» атты ғылыми жинақ шығарыпты. Бұған «Egemen Qazaqstan» газетінде және өзге республикалық басылым беттерінде жарияланған материалдар негіз болыпты. Бұдан бөлек аймақтағы іргелі жоғары оқу орны Түркиядағы Костомол университетімен байланыс жасап тұрады екен. Осындай туыстық қарым-қатынастардың нәтижесінде өткен жылы мұнда «Қазақ елі» орталығы құрылған. Оның ашылу рәсімі кезінде түркиялық студенттерге Жұбанов университеті атынан латын әліпбиі нұсқасында тұңғыш рет жарық көрген «Қазақ тілі грамматикасы» оқулығы тапсырылыпты. Аталмыш еңбек профессор Бауыржан Ерденбеков бастаған авторлар ұжымының латын қарпінде жазған қарлығаш-қадамы деді бұдан әрі Дәулет Әбенов.

Латын қарпіне біртіндеп сатылап көшу кезеңінде олқылықтар мен үстірттіктер орын алмай тұрмайды. Мұны табиғи үрдіс деп қабылдағанымыз жөн. Дегенмен бұл аралықта осы олқылықтарды болдырмау мен алдын алудың жолдарын іздестіргенді жөн көреміз. Жаңа емлені үйретуге қатысты да қолға алған кешенді жоспарларымыз бар. Қазіргі күннің өзінде өткізіле бастаған ашық есік күндері соның бастауы деп үн қатты орталық үйлестірушісі.

Бұған қоса «Егеменге» келген ел ағасы қазақ тілінің ғылым тіліне айналуын көксеген бұл мәселені алдына мұрат-мақсат тұтқан ірі лингвист ғалым Құдайберген Жұбановтың туғанына 120 жыл толу датасы кезінде оның латын графикасы мен орфографиясына байланысты еңбектері қайта өңделіп жарияланып өз оқырмандарымен қауышқанын терең сүйіспеншілік сезіммен баяндап берді. Біздің ұйымшыл ұжым латыншаға көшу арқылы ұлттық сананы жаңғыртуға болады деген ортақ пікірге келіп отыр деп аяқтады өз ойын Дәулет Әбенов. Ол бұл ой-тұжырымдарының тұрақты жаздырып алып оқитын басылымы «Egemen Qazaqstan»-да жариялануын өтінген еді. Әлбетте, аманатқа қиянат жасауға болмайды. Сондықтан да оның латын қарпіне көшуге әзірлік жұмыстары жөнінде айтқандарын газетімізге жолдағанды жөн көрдік.