Аймақтар • 24 Қазан, 2019

Жезқазғанда иттің көмегімен адам өлтірген күдікті қолға түсті

203 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жезқазғанда дүкендердің бірінің жанында белгісіз біреу ер адамды пышақтап кеткен. Жедел жәрдем жеткенше әлгі адам жатқан жерінде жан тапсырады.

Жезқазғанда иттің көмегімен адам өлтірген күдікті қолға түсті

Күдіктіні іздеу ісіне жұмылдырылған жедел тергеу тобының ішінде Ұлттық ұланның кинологы Алмат Ахметжанов пен оның тәрбиесіндегі Афина атты ит те болған.

Қылмыс болған жерде шашылып жатқан тиындардан иіс алған ит тәртіп сақшыларын көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісіне бастап келеді. Итінің жаңылыспағанын тексеру мақсатында кинолог Афинаны қанды оқиға болған жерге қайта әкеліп, ізге тағы бір мәрте салған. Иісшіл ит болса, бастапқыдағы жолдан ауытқымай, тура манағы үйге тағы да алып келіп, кіреберіс есігінің алдында үре бастайды.

Афинаның қателеспегеніне көзі жеткен полиция қызметкерлері сыртқы есіктен ішке енгенде, кіреберісте тығылып отырған бір ер адамды қолға түсіреді. Мән-жайды анықтау барысында әлгі күдікті аталған қылмысқа қатысы барлығын, атап айтқанда жоғарыда айтылған ер адамды пышақтағанын мойындаған.

Сөйтіп, Афина атты иісшіл де ақылды иттің арқасында жезқазғандық сақшылар аса ауыр қылмысқа қатысы бар күдіктіні осылайша ізін суытпай  қолға түсірді.