Қоғам • 25 Қазан, 2019

Қарашаңырақ қиырдағы қазақтарды қолдайды

197 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада Nur Otan партиясының ғимаратында Отандастар қоры «Адам және этностық азшылықтар құқықтарын қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел жиынын өткізді.

Қарашаңырақ қиырдағы қазақтарды қолдайды

Бүгінде көптеген шетелде конс­титуциялық және басқа да заң­­­намалық деңгейде түрлі ұлт­тық, этностық азшылықтарды қор­­ғауды қамтамасыз етуге, сон­дай-ақ олардың өзіндік және жеке ерекшеліктерін сақтау­ға бағыт­талған белсенді іс-шара­лар жү­зеге асырылуда. Мұн­дай бас­тамалардың мақсаты – халық­аралық нормалар мен стандарт­тардың ықпалы­мен қа­лып­тасқан әрбір елде аз ұлттардың өмір сүруінің институционалдық жағ­дайларын қамтамасыз ету, мем­лекет пен қоғамның демокра­тия­лық институттарының жүйесін жетілдіру. Осы тақырып кеңінен талқыланған алқалы жиында «Отан­дастар қорының» ви­це-пре­зи­денті Мағауия Сар­басов Қазақ­стан қазіргі таңда шетелдерде тұратын қазақтарға қандай қолдау көрсетіп жатқанын айтып берді.

– Біздің ұйым арнаулы Жол картасын және қордың даму жос­парын әзірлеп, бекітті. Жоспар­ға сәйкес бірқатар қызмет түрі анықталды. Олар – шетелдерде қазақтарды қолдау және ерікті қоныс аудару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны әзір­леу, шетелдегі отандастарды мем­лекеттік қолдау туралы заң жобасын әзірлеу, отандастарды ақпараттық қолдау орталығының жұмысын үйлестіру, диалог алаңдарының қызметін үйлестіру, шетелде қазақ тілін оқыту бойынша білім беру инфрақұрылымын құру. Қазіргі күні қандастарды қолдау және оларды тарихи ота­нына қайтару бойынша шет- елдердің тәжірибесі зерделеніп, арнайы сараптамалық зерттеулер жүргізілуде, – деді М.Сарбасов.

Бұдан кейін Президент жанын­дағы Адам құқықтары жөніндегі комис­сиясының төрағасы Қуа­ныш Сұлтанов сөз алып, атал­ған саладағы халықаралық бір­лескен іс-шараларға тоқталды.

– Бүгінгі күн тәртібіндегі тақырып қашанда назардан түс­кен емес. Адам құқықтарының жал­пыға бірдей декларациясының қабыл­данған күнін жылда 10 желтоқ­санда атап өтеміз. Сол кезде тұ­рақты түрде барлық халық­аралық ұйымдар мен елшілік­тер өкілдерін шақырып, жан-жақ­ты пікір алмасамыз. Адам құ­қығы – мемлекеттік саясаттың басым бағыты, ең жоғары құн­дылығы. Ұлы дала елі ежелден қарапайым халықтың құқықтары мен бостандықтарын жоғары құр­меттеп, бұл ел басқарудағы үр­дістерде, ішкі және сыртқы саясатта ерекше ескерілген. Қазақстан адам құқығы жөнінде 100-ден аса көпжақты халықаралық келісім жасаған. Оның ішінде БҰҰ-ның құқық қорғау туралы конвенциялары бар. Біздің елде адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі жолға қойылған. Оның ма­ңыз­ды бір құралы ретінде Прези­дент жанындағы Адам құқық­тары жөніндегі комиссиясын атауға болады. Комиссия Қазақ­стан азаматтарының, шетел­­дiк азаматтардың, азамат­тығы жоқ адамдардың, сондай-ақ ұйым­дар­дың азамат­тың құқықтары мен бостандық­тарының бұзылу фак­тiлерi туралы өтiнiштерiн қарайды. Мемлекет басшысының атына адам құқық­тарының сақ­талуы туралы жыл сайын арнау­лы баяндамалар әзiрлейдi. Комиссия­ның негізгі міндетінің бірі – адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау сала­сындағы ха­лық­аралық ынты­мақ­тастықты ны­ғайтуға жәрдемдесу, – деді Қ.Сұл­танов

Сонымен қатар басқосуда Ақ­па­рат және қоғамдық даму минис­трлігінің Этносаралық қатынас­тарды дамыту депар­таменті ди­ректоры Ғалым Шойкин сөй­леп, этносаралық және конфес­сия­аралық келісімді сақтау еліміз үшін әрқашан басым бағыт болып қала беретінін айтты. Ол ми­нистрлік этностық бұқаралық ақ­парат құралдарын белсенді қол­дайтынын, Қазақстанда 12 тілде таратылатын 52 этностық БАҚ жұмыс істейтінін атап өтті.

Жиын соңында шетелде тұра­тын этностық қазақтардың құқық­тарын қорғау мақсатында халық­аралық деңгейде халықаралық үкіметтік және үкіметтік емес ұйым­дармен өзара іс-қимыл мәсе­лелері бойынша ұсынымдар қабылданды.