Экономика • 25 Қазан, 2019

Темір жолда бәсекелестікті дамыту не үшін керек?

1012 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еуразия кеңістігіндегі ұлан-байтақ аумақты алып жатқан Қазақстан үшін темір жол қызметінің маңызы зор. Темір жолымыздың жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асады. Сондықтан оны ел экономикасының күретамыры деп айтсақ та болады. Өйткені жүктің 70 пайызы, жолаушылардың 60 пайызы темір жол арқылы тасымалданады. Мұнай мен көмірге, металл кендеріне, астыққа бай еліміз бұл мол қазынаны тасымалдағанда, экспортқа шығарғанда көбіне темір жол қызметіне жүгінеді. Сондықтан бұл салада реформа жасағанда он ойланып, жүз толғанып барып шешім қабылдаған жөн.

Темір жолда бәсекелестікті дамыту не үшін керек?

Соған қарамастан бәсекелес­тікті дамыту, монополиямен күрес бағытындағы жекелеген мем­лекеттік органдар бұл салаға да реформа жасау, оған жеке меншік компанияларды енгізу қажет деп отыр. Мақсат – темір жол сала­сындағы бәсекелестікті арттыру. Сала бойынша бәсекелестік дамымаса, сала қызметі де талапқа сай дами алмайды. Теориялық тұрғыдан алғанда, әрине, жөн сөз.

Жуырда Ұлттық экономика ми­нистр­лігіне қарайтын Бәсеке­лес­­тікті қорғау және дамыту ко­ми­тетінің жұмыс тобында ма­ңыз­ды мәселе қаралды. Бұл темір жол­­дағы жүк тасымалы саласын­дағы бәсе­­ке­­лестікті дамыту тақы­ры­бына арналды. Ко­ми­теттің мәлі­метіне қарағанда темір жол­дағы жүк тасымалы саласында бәсе­келес­тік жоқтың қасы деп айтуға болады. Өйткені мұндағы жүк тасымалының 99 пайызын бір ғана компания – «Қазақстан темір жолы» АҚ-тың «Жүк тасымалы» компаниясы атқарады. Аталған қызмет бойынша барлық инфрақұрылым, жүк тасымалын басқаруды қамтамасыз ететін ақ­параттардың автоматтандырылған же­лісі, құрал-жабдықтарды жөндеу қыз­­меті «Қазақстан темір жолы» АҚ-тың мен­ші­гінде. Демек, оған қарайтын «Жүк тасы­малы» компаниясы саладағы мо­нопо­­лист ретінде әрекет етуде. Бұл ком­па­ния­­ның барлық құрылымы әбден қалыптасқан.

Ал «ҚТЖ» АҚ-тың тізгіні Үкі­мет­тің қо­лы­нда екенін бәріміз біле­міз. Акция­лары­на Үкімет то­лық­тай иелік ететіндік­тен ком­па­ния табысы да Үкіметке, яғни мем­­лекет қазанына құйылады. Осы­ған қа­рап, темір жол саласы – ха­лық­тың қазы­насы деуге болады. Басқа көлік түрлеріне қарағанда жолаушылар мен  жүк пойыздары қызметінің арзанырақ болуының басты бір себебі де осында жатса керек. Үкі­меттің мұнай мен метал­лургия сала­сындағы шетелдік ком­па­ния­лардың баға мен сауда саясатына араласуға шамасы келмегенімен, темір жол тарифінің бағасын белгі­леуде үстем құқыққа ие.

Қазір «ҚТЖ» АҚ-мен қатар, темір жол­дағы жүк тасымалы саласында тағы екі компания бар. Олар – жеке меншік ком­паниялар. «Dar rail», «ТТТ Сервис» ата­ла­тын бұл компаниялардың қызметі 2018 жыл­дың қараша айында қанат­қақты  жоба ретінде басталған екен. Әзірге олардың жүк тасыма­лы са­ла­сындағы қызметтерінің үлесі екеуін қосқанда 1 пайыздан аспайды.

Жұмыс тобының отырысын жүргізген Бәсекелестікті қор­ғау және дамыту коми­теті­нің төр­ағасы Рустам Ахметовтің сөзі­не қарағанда, темір жолда жүк тасымал­дауға жиыны 28 ком­па­нияға лицензия берілген. Бірақ жо­ға­рыдағы үш компания­дан басқа­ла­ры әлі іске кіріспеген, қашан кірі­­сетіні де белгісіз. Сондықтан сала бо­­йынша бәсекелестік әлі дұрыс қа­лы­п­­тас­пауына бұл жағдай да әсер етуде.

Р.Ахметов өз сөзінде, аталған қызмет сала­сындағы заңдылықтың негізінде темір жол саласында, соның ішінде жүк тасы­малында бір ғана ұлттық компания бол­ған кезде қабылданғанын, сон­дық­тан он­да сала бойынша бәсеке­лес­тікті қор­ғау мә­се­лесі толық ескеріл­ме­генін айтып өтті. Де­мек, салада бәсе­­ке­лес­тіктің дамымауына бұл жағдай бірінші кезекте әсер етуі мүмкін.

Екіншіден, ұлттық компания қызметі­нің барынша басым сипаты нарыққа жеке меншік ком­пания­лардың енуіне бөгет болуда. Бүкіл магистралды темір жол желісінің, жылжымалы құрамның, тасымалдау жұмысына қатысатын басқа да негізгі компоненттердің бір ғана ұлт­­тық компанияның қолында болуы тәуел­­сіз жеке меншік компанияларды ты­ғы­рық­қа тіреуде. Олар темір жол инф­ра­құры­лымына еркін қол жеткізе алмайды. Осыған орай бәсекелестікті қорғау, монопо­лиямен күрес органдарына «ҚТЖ ҰК» АҚ мен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ үс­темдігіне қатысты жеке та­сы­­малдаушы­лар тарапынан көп­теген арыз-шағым­дар келіп түсуде.

Мәселені талқылаған жұмыс то­бының отырысында Еура­зия­лық өнеркәсіптік ассоциа­ция­сы­ның вице-президенті Елена Попан­допула Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті төрағасы көтерген проблеманы одан әрі өрбіте түс­ті. Ол алдымен бұл басқосуға «ҚТЖ» АҚ мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр­лігі, «Атамекен» ұлттық кәсіп­­керлер палатасы өкілдерінің келме­гені­не өкініш білдірді. Қазіргі кезде темір жол қызметіне қатысты үш тұжы­рым­­дама талқыланып жатқанын, көп ұза­­май ол Үкі­мет қарауына түсетін­ді­гін айтты. Соның бірі – темір жол қыз­­ме­тін субсидиялау туралы құ­жат. Е.Попандопула «Уақытша тең­дес­тіріл­ген төлем» деп атала­тын құ­жат­та қарас­ты­рылған темір жол қызметі үшін екі төле­мнің біреуі бюджеттен емес, жүк тасы­мал­­даушылардан алына­тын­ды­ғына шағым жасады. Ал жалпы темір жол қызметі туралы екін­ші құжат бизнес қауымдастықтың қатысуымен тал­қылан­бапты. Оның үстіне, бұл құжатта жүк та­сыма­лы қызметін көрсетуге жібері­ле­­тін бәсекелес компанияның қар­жылық жағ­дайы, тариф бойынша жұмыс істеу­ге мүм­кіндігі бар-жоғы алдын ала тексері­леді. Сонан кейін ғана оған қызмет көрсету­ге рұқсат етіледі екен. Сондықтан бұл құ­жат­­тарды қабылдау мәселесін тоқ­тата тұруды және осы мәселеге Бәсеке­лес­­тік­ті қорғау комитетінің араласуын сұрады.

Осы жиында сөз алған екі жеке меншік компанияның өкілдері «ҚТЖ» АҚ қызметіне шағым жасап, магистралды темір жол желісі­нің қызметін дұрыс пайдалана алмайтындарын айтты.

Біздің бір байқағанымыз, бас­қосуға, тек темір жол саласында бәсекелестікті жақтаушылар жағы жиналған секілді. Ал монополист «ҚТЖ» АҚ мүддесін қорғай­тын ешкім болмады.

«Тасымалдаушылар мен вагондар (кон­тейнерлер) операторлары қазақ­стан­дық ассоциациясы» директорының орын­басары Мұхамбет Сәбетов: «Темір жол­дағы жүк тасымалы саласындағы бә­се­­­ке­лестікті дамытудағы біздің көзде­ген басты мақсатымыз не?» деген сұрақ­ты ор­та­ға тастады. Бәсекелестік тек бәсеке­лес­т­іктің өзін дамыту үшін қажет пе? Әл­­де мақсат темір жол қызметінің баға­сын түсіру, оны халыққа жайлы ете түсу ме? М.Сәбетов осы жағын ашып алуды сұрады.

Өкінішке қарай, комитет төрағасы Рустам Ахметов бұл сұ­рақ­­қа толыққан­ды жауап бермеді. Ол бұл жерде бағаны төмен­дету жөніндегі мақсат алға қойылма­­ғанын, өйткені жүк тасымал­дау­шының баға мен тарифті қалып­тастыруға негіз болатын шы­найы ақпараттарды бере бермей­тінін, өздерінің негізгі міндеті бәсе­ке­лестікті дамыту екенін айтты. «Әділ баға тек бәсекелестік дамыған жағдайда ғана қалыптасады, бәсе­келестік болмаған жағдайда орынсыз шығындар белең алады», деді комитет төрағасы.

Әрине теория жүзінде бұл жауап­тың дұрыс екеніне ешкім күмән келтірмес. Бірақ біздің елде нарық қатынастары әбден дамыған батыс елдеріне қарағанда жағдай мүлдем басқаша ғой. Ертең темір жолдағы жүк тасымалы саласына жең ұшынан жалғасу арқылы бір­қатар жеке меншік компаниялар кірді дейік. Олардың ойлайтыны ха­лық­тың қамы емес, өз қалтасы бо­ла­тыны анық. Жаңа компаниялар бағаның төмендеуіне қызмет ете қоймас. Қайта тарифті көтере тү­су­ге әрекет жасауы мүмкін. Өйт­ке­ні бас­қа салаларда жүр­гізілген же­­ке­­­ше­лен­дірулер осыған ұқсас сце­­на­рий бойынша өрістеп келді ғой.

Ал мемлекет болса, темір жол саласын толық жаңғыр­ту­ға, Өзбек­стандағы секілді саға­ты­на 150-250 шақырым­дық жыл­дам­­­дық­пен жүйт­китін пойыз бен жолды іске қосуға қажетті қар­жыны таба ал­май отыр. Көп­теген әлеумет­тік бағ­дар­лама­лар­­ды ар­қала­ған­дықтан және жем­қор­­­лықтың жолы толық кесілме­ген­­дік­тен жалғыз монополист «ҚТЖ» АҚ-ның да қарызы шаш-етектен.

Темір жол саласында, әсіресе, жүк тасымалында жеке меншік ком­па­нияларды дамытуға әлі де бол­са ертерек секілді. Бізге тіпті «темір жолдағы жүк тасымалы сала­сын­дағы бәсекелестікті дамыту не үшін қажет?» деген сұрақтың басын ашып алу, бұл сұраққа теориялық емес, нақты жауап алу керек. Содан кейін ғана бәсекелестікті дамытуға батыл кірісуге болады.